Алматы облысы туризм саласын дамытуды қолға алмақ

Алматы облысы туризм саласын дамытуды қолға алмақ

Алматы облысы туризм саласын дамытуды қолға алмақ
ашық дереккөзі
376

17 ақпан күні Талдықорған қаласында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңір халқымен есептік кездесу өткізді. Жиын барысында аймақ басшысы Алматы облысында туризм саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынғандығын айтты.

Қазіргі уақытта Алакөл, Балқаш және Қапшағай көлдерінің жағалауын дамытудың жоспары әзірленген. Ағымдағы жылы Үшарал қаласында аэропорт құрылысы басталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары үшін 1 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Алматы облысының әкімі Fмандық Баталовтың айтуынша, Алакөл бойындағы демалыс орындарына электр желілерін тарту жұмыстары тәмамдалған екен. Ұзындығы 23,8 шақырым болатын автомобиль жолын  қалпына келтіру жұмыстары да биылғы жылы аяқталуға тиіс. Сонымен қатар, бұл өңірге демалуға келген туристер үшін Ақши ауылынан дәрігерлік амбулатория салынбақ. Амбулатория соңғы заманауи үлгідегі медициналық жабдықтармен жабдықталатын болады. Сондай-ақ, «AQUAMARINE resort», «Falcon Petroleum», ЖК «Каримов» сынды үш бірдей заманауи үлгідегі қонақжай кешендерін салу да қолға алынады. Осылайша, облыс басшылығы бұл өңірге келген туристерге сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар, өңір басшысы 60 шақырым жол күрделі жөндеуден, 246 шақырым жол орташа жөндеуден өткендігін айтты. Айта кетейік, жергілікті маңызы бар көлік жолдарын дамыту мен жөндеуге 14,2 миллиард теңге бөлінген. Соның нәтижесінде, 220 елді мекеннің көшелері, яғни, жолдың жалпы көлемінің 30 пайызы жөнделді.

Өткен жылы Алматы – Өскемен күре жолының 113 шақырымы пайдалануға беріліп, Алматы – Қапшағай күре жолындағы қозғалыс та іске қосылған болатын. Ал биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Талдықорған – Өскемен және Үшарал – Достық күре жолдарын қалпына келтіру жұмыстары бастау алмақ.

Облыс басшысы Амандық Баталов халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Алматы облысында 1 миллион 136 мың шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша 64,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Әкімнің есептік кездесудеге сөзіне сүйенсек, жас отбасылар үшін екі жалдамалы пәтер, кезектегілерге 41 жалдамалы пәтер, 4 кредиттік, 34 коммуналдық үй пайдалануға берілді.

Серіктес жаңалықтары