840
Былтыр театрға 3 миллиондай көрермен барған
Былтыр театрға 3 миллиондай көрермен барған

Былтыр еліміздің театрларына 3 миллиондай көрермен барыпты. 2019 жылы бас-аяғы 65 театр жұмыс істеген: оның 52-сі – мемлекеттік, 13-і – жекеменшік театр. Ал 2018 жылы қойылым ұсынған театрлар саны 68 болған. Ranking.kz жүргізген статистика осылай дейді, – деп жазды aikyn.kz.
Былтыр 16,6 мың рет спектакль қойылған. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендепті. Былтыр отандық театр сахналарында 343 жаңа қойылым ұсынылған. Ал 2018 жылы оның саны 350 болған екен.
Көрермендер жиі баратын мекеме – драма театрлар (35), қуыршақ театрлары (12) және жас көрермендерге арналған театрлар (5).
2018 жылы жұмыс істейтін театрлар мен ұсынылатын қойылымдар саны көп болғанымен, былтыр театрға 2,9 млн көрермен барып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 3,9% жоғары нәтиже көрсетті. Оның 43,4 пайызы – жас көрермендер, яғни балалар көрінеді.
Ең үлкен театрлар еліміздің ірі қалаларында орналасқан. Атап айтар болсақ, Алматы театрларына – 603,7 мың, Нұр-Сұлтан театрларына – 410,6 мың және Шымкент театрларына 304 мың көрермен барыпты.