Оқушылар арасында ішек-қарын аурулары жиі тіркеледі
Оқушылар арасында ішек-қарын аурулары жиі тіркеледі
Астана қаласында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Аталмыш жиында ведомсвто басшысы Тамара Дүйсенова оқушылардың негізгі ауруларына тоқталды.
Министрдің айтуынша, оқушылардың профилактикалық тексеру нәтижесінде анықталған аурулар құрылымында алғашқы орында ішек-қарын жолы аурулары тұр. «Профилактиканың тағы бір маңызды бағыты – ол мектеп оқушыларын сауықтыру. Атап айтқанда, оқушыларды профилактикалық тексеру кезінде алғаш рет анықталған аурулардың құрылымында бірінші орында ішек-қарын жолы аурулары тұр, яғни бүгінде оның деңгейі 25 пайыздан асып отыр. Екінші орында көз аурулары – 16,2 пайыз, ал үшін орында тыныс алу және өт, бауыр аурулары байқалуда», – деді министр.
Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жөнінде де сөз болды. Ведомство басшысы «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде мектептегі медицинаны білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне ауыстыру мәселесінің қаралып жатқандығын тілге тиек етті. Қазіргі уақытта мектеп оқушыларына арналған сауықтыру шараларының күнтізбесін жасау қолға алынуда.