413
Вице-премьер Параолимпиадалық жаттығу орталығының қызметімен танысты
Вице-премьер Параолимпиадалық жаттығу орталығының қызметімен танысты
Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ұлттық құраманың Жапонияда өтетін Параолимпиада ойындарына дайындығы аясында Нұр-Сұлтан қаласындағы Параолимпиадалық жаттығу орталығы қызметімен танысты.
Параолимпиадалық жаттығу орталығында Қазақстан құрама командасының оқу-жаттығу жиындары, шетелдік командалармен бірлескен жиындар сонымен қатар, түрлі спорттық бәсекелер өтеді.
Қазақстан Республикасының Параолимпиадалық құрама командасының құрамына барлығы спортың 13 түрінен 523 спортшы кіреді.
Естеріңізге салайық, 2019 жылдың мамырында орталықты аралау барысында Президент Қасым-ЖомартТоқаев Токиода өтетін Параолимпиада ойындарында табысты өнер көрсетуі үшін Қазақстан құрамасына барлық ұйымдастыру және қаржылық қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын.
Параолимпиадалық жаттығу орталығы 2018 жылдың 4 шілдесінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылды.
Қазақстанда әзірге теңдесі жоқ орталық жазғы және қысқы параолимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалар мен спорттық резервтің сапалы әрі кәсіби жаттығуына арналып салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мұндай орталық АҚШ, Ұлыбритания, Жапония және Оңтүстік Кореяда ғана бар.
Орталық барлық қажетті құрал-жабдықтармен жарақталған.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа орталықты таныстырған ҚР Ұлттық Параолимпиадалық комитеттің төрағасы Қайрат Боранбаев еліміздегі параолимпиалық қозғалыс қызметі мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы бұқаралық спорттың дамуы туралы әңгімелеп берді.
Оның айтуынша, орталық құрылысы мен жабдықтау барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың барлық қажеттіліктері ескерілген.
Параолимпиадалық жаттығу орталығында мүгедек спортшылар спорттың 14 түрі бойынша жаттыға алады. Ай сайын мұнда шамамен мүмкіндігі шектеулі 6 мыңға жуық спортшы жаттығады.
Орталықта бейімделген әмбебап цифрлық тренажерлар мен топтық жаттығуларға ыңғайлы аймақтан тұратын жаттығу, ойын және күреске арналған үш спорттық зал жұмыс істеп тұр. Бір атап өтерлігі, орталықты жабдықтауға параолимпиадашылардың өздері де ат салысқан. Мәселен, арбада отырып билеу бойынша ҚР құрамасының мүшесі Ардақ Отарбаев осындағы мүгедектер арбасын жуатын орынның авторы.
Ералы Тоғжанов Параолимпиадалық жаттығу орталығының қазіргі заманға сай инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жабдықталуына жоғары баға берді.
Бүгінгі сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары отандық параолимпиада спортының тарихында көру қабілеті төмен спортшылар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған голболдан Қазақстан Республикасы Кубогының ашылу салтанатына қатысты.
Ералы Тоғжанов спортшыларға арнаған сөзінде елімізде параолимпиадалық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау әрдайым ел басшылығының бақылауында болған және бола бермек. Мемлекет қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың өзін дамытуға және толыққанды өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Параолимпиадалық жаттығу орталығының ашылуы осыған дәлел. Сіздердің әрқайсыларыңызда жеңіске деген ынта-жігер жеткілікті. Бірақ жеңіс тұғырының жоғары биігін бағындыру үшін бүгіннен бастап тер төгу қажет. Сіздерге ел үшін жауапты сындарда жоғары жетістіктер тілеймін!»,-деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Екі күнге созылатын байрақты бәсекеге еліміздің 5 өңірінен 40-тан аса голболшы қатысып жатыр.
Голбол Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Спорттың бұл түрі Қазақстанға 2017 жылы келген. Содан бері 3 чемпионат ұйымдастырылды.
Биылғы бәсеке командаға халықаралық аренаға шығуға жол ашады.