251
Бауыржан Байбек Түркістан облысының шалғай ауылдарын аралады (видео)
Бауыржан Байбек Түркістан облысының шалғай ауылдарын аралады (видео)
«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бірнеше күн ішінде Түркістан облысының Созақ, Отырар және Жетісай аудандарының шалғай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Жетісай ауданында Бауыржан Байбек Абай ауылының тұрғындарымен жүздесіп, олар үшін аса өзекті болып отырған егіс алқаптарын суару мәселесінің мән-жайына қанықты. Мұнда бірнеше жылдан бері 2600-ден астам шаруа қожалықтары пайдаланатын К-30 суару каналын қайта қалпына келтіру аяқталмай келеді.
«Тұрғындар айтқандай, каналды бетондау жұмыстары мерзімінен кешіктіріліп, көбінесе сапасыз жүргізіледі. Аталған мәселе, орталық, және жергілікті атқарушы органдар жұмысын үйлестіруді қажет етеді. Шаруа қожалықтарының басшыларымен бірге мақта индустриясын дамытуға мемлекеттік қаржылай көмек көрсету мәселесін де көтердік. Бұл мәселелерді елордада партиялық алаңда партия мүшелері – ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар министрлерінің қатысуымен егжей-тегжейлі талқылауды жоспарлап отырмыз. Қорытындысын тұрғындарға қосымша хабарлаймыз», – деп жазды Бауыржан Байбек өзінің Instagram парақшасында.
Бұдан кейін партия төрағасының Бірінші орынбасары Отырар ауданының Шәуілдір ауылына ат басын тіреді. Мұнда бұрын 300-ден астам отбасы жылу мәселесіне байланысты «Nur Otan»-ға хабарласқан болатын.
«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында бүгінде еліміздің шалғай аудандарының түйіткілді мәселелерін шешу бойынша партия жүйелі шаралар әзірлеуде. Облыс әкімінің айтуынша, жақын арада бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазандықтың құрылысына қаражат бөлінген. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында билеуші партия басшылығы Жетісай қаласындағы 1964 жылы салынған апатты жағдайдағы емхананың орнына жаңадан бой көтерген қалалық емхананың ғимаратымен танысты. Тиісті медициналық жабдықтардың толық жеткізілмеуінен бұл нысан бірнеше айдан бері пайдалануға берілмей келеді. Жергілікті билік бұл мәселені таяу арада шешеміз деп сөз берді.
Сол күні Бауыржан Байбек Қазыбек ауылына да барып, облыстағы ізгі жүректі кәсіпкерлердің көмегімен баспанаға қол жеткізген отбасылармен кездесті.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасының аясында облыста қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған «Қамқорлық» қайырымдылық бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда.
«Жетісай ауданында әлеуметтік қолдауды қажет ететін 141 отбасы тіркелген. Өңір басшылығының бастамасымен олардың әрбіріне «Nur Otan»-ның мүшелері мен жақтастары арасынан кураторлар бекітілді. 86 отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Демеушілік қаражаттың есебінен 10 мұқтаж отбасыға үй салынып жатыр.
Менің ойымша, бұл – даңқты бабамыз, ұлы философ, ойшыл әл-Фараби тұжырымдаған ізгі және қайырымды қоғамның нақты мысалы. Ынтымақтастық, әділдік, өзара сенім және жауапкершілік, әлсіздерді қуатты, жағдайы жоқты ауқатты адамдардың қолдауы – «Nur Otan» партиясы ұстанатын өзгермес басты құндылықтар», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Еске сала кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеп жатыр. Аталған бағдарламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендерін де аралап шығады. Бүгінгі шаралар аяқталған соң Бауыржан Байбек бірден Қызылорда облысына жұмыс сапарымен жол тартты.
https://www.youtube.com/watch?v=GdVeIlon7Xg&feature=youtu.be