335
Әкімдер есебіндегі көзбояушылық жойыла ма?
Әкімдер есебіндегі көзбояушылық жойыла ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізудің жаңа тәртібін бекітті. Президент қол қойған Қаулыға сәйкес, бұдан былай министрлер мен әкімдер халыққа есеп беру кездесулерін бейнеконференция байланысын пайдаланып, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда және ақпараттық интернет-ресурстарда онлайн-трансляция ұйымдастыра отырып өткізуі тиіс. Сондай-ақ барлық деңгейдегі әкімдер есеп беру кездесуін өткізерден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдаулары керек. Жаңа қаулыны әкімдер мен министрлердің жаттанды баяндамаларынан жалыққан жұрт қуана қабылдады. Ескі сүрлеуден жаңылмайтын есептік жиындар енді жаңа сипат алмақ.
Елде қалыптасқан дағды бойынша жыл сайын қаңтар-ақпан айларында ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері халықты жинап, бір жыл бойы атқарған жұмыстарының есебін береді. Ел алдына шыққан кей әкімдер әйгілі әртістердей құрмет-қошеметке бөленсе, енді бірі тұрғындардан сын естіп, дау-дамайдың ортасында қалады. Әрине, атқарылған шаруалар жайлы халықты хабардар етудің маңызы зор. Алайда әкімдердің есептік жиыны ұзын-сонар баяндама форматынан әлі күнге дейін арылмағаны жұртқа аян.
Биыл да әдеттегідей қаңтардан басталған әкімдердің халыққа есеп беру кездесулері ақпанның ортасына дейін жалғасты. Барлық деңгейдегі әкімдер тегіс есеп берді. Барлығына бірдей қатыспасақ та, әкімдіктердің ресми сайттарында, ақпарат құралдарында жарияланған баяндамаларды шолып шықтық. Бәрі егіз қозыдай бір-біріне ұқсас: пайыздық көрсеткіштер, сірескен сандар, жіпке тізілген жетістіктерден көз сүрінеді. Тұшынып оқитын жалқы мысалдар, нақты нәтижелер жоққа тән. Есептерінің форматын өзгертіп, мазмұнын жаңашалау тұрмақ, ескі баяндамасындағы цифрларды ғана жаңартып, жыл сайын бір мәтінді оқып беруден әрі аспайтын әкімдер де бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жылына бір рет беретін есебін көзбояушылық деп бағалағаны сондықтан болса керек.
Өткен жылы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барған Президент өңірдегі атқарушы орган басшыларына: «Қоғамдағы әділеттілік, ең алдымен, атқарушы билікке байланысты. Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақса-
ты – азаматтардың құқығын қорғау. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек», – деп ескерткен болатын.
Алайда биылғы есептік жиындар Мемлекет басшысының ескертуі елеусіз қалғанын айғақтайтындай. Басшыларының кемшілігін жасырып, жетістігін асыру үшін аймақтардағы әкімдіктердің көбі ескі «сценарийден» аттамай, жиын өтетін залды іріктелген адамдармен толтырған. Мәселен, желіде қызу талқыланған Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қардарбековтің жылдық есебі өзгелерге қарағанда мұғалімдерді қызықтырған сияқты. Әкімнің халықпен кездесуіне қатысқан Malim.kz тілшісінің айтуынша, жиынға қатысқандардың басым бөлігі – мұғалімдер мен балабақша қызметкерлері. Ғимараттың кіреберісінде қолдарында ақ қағазы бар екі азамат келгендерді тізімге алып отырған. Тізім түгелденіп, зал толған соң әкім әдеттегідей жаттанды баяндамасын оқуға кіріскен. Аудан басшысы сөзін аяқтағанша қалғып-мүлгіп әрең отырған тұрғындар сұрақ-жауап кезеңіне жеткенде ғана ұйқыларынан ояныпты. Сауал қою үшін ортаға шыққандардың бірі мұғалімдерді еркінен тыс жинап алуға қарсылық білдірген.
«Мұғалімдерге жұмыс жоқ па бүгін? Сіз есеп береді деп жұмысты тоқтатқан ба барлығы? Жылда осылай отырады. Сабақ қайда?» – деп кездесуге келгендердің бірі әкімді тығырыққа тіреген. Алайда Мұса Қалдарбеков жиынға қатысушылардың бәрі ерікті түрде келгенін алға тартыпты. Ешкім мәжбүрлікпен келмесе, тізім түзудің, кісі түгендеудің неліктен қажет болғаны түсініксіз.
«Әкімге қандай сұрақ қоятыныңызды ескертіңіз!»
Жиынға қатысушыларды тізіммен кіргізу өз алдына, әкімге қойылатын сұрақтарды алдын ала тексеруді әдетке айналдырғандар да бар. Өткен жылы Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімімен болатын кездесу алдында аудан белсенділеріне ескерту хабарлама жіберілгені жайлы ақпарат тарады. Әкіммен кездесу өтетін орынды ескерткен әлгі хабарламада аудан басшысы Павел Кулагинге қойылатын сұрақты алдын ала әкім кеңесшісі Салтанат Болысқызымен келісіп алу керектігі жазылған. Қандай сұрақ қоятынын айту үшін Салтанат Болысқызына хабарласқан әріптестеріміздің біріне әкімнің кеңесшісі «батасын» беріп, сауалын қоюға рұқсат етіпті. Тек «біз көтерген мәселеге қатысты әкім келмеді деп айтпаңыз. Әкімшілік қызметкерлері келмеді деп айтыңыз!» деген ескерту жасаған көрінеді. Әкімдіктегілердің жиын қарсаңындағы мұндай белсенділігінің сырын ұғу үшін асқан ақылдың қажеті жоқ секілді. Ауылда жиналыс өтсе, оған аудан әкімі, ал ауданда жиналыс болса, қала әкімі немесе оның орынбасары қатысатыны бесенеден белгілі. Өзінен жоғары басшылардың алдында кез келген әкім өзін жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Жиынның у-шусыз, дау-дамайсыз өткенін қалайды. Ыңғайсыз сұрақ қоятын, кемшіліктерді көрсететін көлденең адамдардың болмағаны дұрыс. Айтқанға көнетін, кел деген уақытта қажетті жерден табылатын, артық ауыз сөз айтпайтын, қолдап, қошеметтеп отыратын кісілерді жинаса, әкімнің ұпайы түгел болары хақ. Алда-жалда «сценарий» бұзылып, әкімнің атына сын айтылып, мін тағылып жатса, БАҚ арқылы жалпақ жұрттың құлағына жетеді. Сондықтан әкімнің мансабына кедергі келтіретін адамдарды жиын өтетін залға жолатпау кей өңірде қалыпты құбылысқа айналғандай.Түкке қажеті жоқ, түсініксіз есеп
Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да әкімдер мен министрлердің есептік кездесуінде көзбояушылық пен формализм көп деп есептейді. Халық қалаулысы күнделікті жұмыстарын тізбелеп беретін шенеуніктердің баяндамасын тыңдау үшін шалғайдағы өңірлерден ат арытып келетіндердің уақыты мен қыруар қаржысы бекер шығын болатынын айтады. Депутат көпшілікті мезі еткен жиындардың форматын түбегейлі өзгерту керек деп есептейді. «Мейлі министр, мейлі әкімнің есебі болсын, ұзын-сонар баяндаманың түкке қажеті жоқ. Өйткені ол БАҚ-та алдын ала жарияланады. Халық оны өзі-ақ оқып алады. Тікелей сұрақ-жауап форматына көшу керек. Өткір сұрақ қоятын азаматтар ішкі саясаты бар, басқа құрылымдары бар, көбіне ішке кіргізілмейді. Көптеген мәселе қасаң цифрлардың тасасында қалып, әкімнің бір жылдық жұмысы пайыздық есепке ғана құрылады. Оны келген азаматтар түсінбейді. Халықтың сұрағына жауаптар созылып кетеді. Мәселенің шешімін шенеуніктер бір-біріне сілтейді. Тұрғындардың сауалына тікелей жауап берілуі керек», – дейді Мұрат Бақтиярұлы. Тұрғындарға судыратып оқып берген баяндама мен құрғақ уәделер емес, түйткілді мәселелердің шешімі қажет екенін кей билік өкілдері елеп-ескергісі келмейтіндей. Халыққа қызмет етуі үшін әкімдерді халықтың өзі сайлауы керек шығар, бәлкім. Әйтпесе, олар кімнің мүддесі үшін жұмыс істеуі керегін, кімге есеп беруі тиіс екенін әлі жете ұғына алмай жүрген секілді. Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:Билік өкілдеріне люстрация жасап отыру керек
– Әкімдердің есептік жиыны көбіне формальды түрде өтеді. Басшының ұпайын арттыруға бағытталған пиар-акцияларға ұқсайды. Әкімнің командасы мен жергілікті БАҚ бірлесе жұмыс істеп, әкімнің мақтауын асырғаннан кейін орталықта да сондай пікір қалыптасады. Шындығында, аймақтардағы жағдай әкімдердің баяндамасындағындай керемет емес екенін аңғарып жүрміз. Десе де, көш түзелеріне үмітіміз бар. Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын ұсынғалы бері алға жылжу байқалады. Өз қарым-қабілетін көрсете алмаған, міндетін дұрыс атқара алмағандарды қызметінен босату, жақсы нәтиже көрсеткен жастарды қолдау секілді қадамдар жасалуда. Осындай шаралар интенсивті түрде жүзеге асырылса, оң өзгерістер болары анық. Саясатта «люстрация» деген ұғым бар. Бұл бұрынғы билік өкілдерінің басқару қызметінен біржола кетуін, аппараттың толықтай жаңалануын білдіреді. Мұндай жағдайда жаңа команда өзіне дейінгілердің былығын ашып, қателіктерін қайталамауға күш салады. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық деректерінің азаюына оң ықпал етері сөзсіз.