599
Жоғалған босқын балалар Еуропаның түн ұйқысын төрт бөлуде
Жоғалған босқын балалар Еуропаның түн ұйқысын төрт бөлуде
Әлемде босқындар тасқыны толастамай тұр. Бүгінде еріксіз қоныс аударуға мәжбүр болғандардың саны 60 миллионнан асқан. БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасының мәлімдеуінше, соңғы жылдары күн сайын 4600 адам босқынға айналуда.
Әрине, қазақ «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар» демекші, елінде тыныштық орнаса, бейбіт тұрғындар бөтеннің босағасын сығалап қайтсін? Мәселен, 2014 жылы еріксіз елін тастап кеткендер саны 59,5 миллион адамға жетсе, 2015 жылы соғыс және басқа да түйткілді мәселелерге байланысты үдере көшкендердің қатары артып отыр.
Еуропада 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында босқындарды мейлінше көп қабылдаған Германия мемлекеті болды. Бұл елден бассауға сұрағанның саны бастапқы кезде 159 мың адамға жеткен. Алайда, босқындарға алғаш құшақ жайып, жанашырлық танытқан Германия канцлері Ангела Меркельге жергілікті халықтың өкпесі қара қазандай. Берлиннің шағын ауданында наразылық акциясына шыққан 500-дей тұрғын мигранттар легіне тосқауыл қою керектігін жеткізді. Себебі босқындар мекендеген шағын қалаларда тонаушылық, зорлық-зомбылық, бұзақылық әрекеттері белең алғанға ұқсайды. Неміс ақпарат құралдары үш босқынның мектепке бара жатқан 13 жасар қызбаланы ұрып, зомбылық көрсеткенін жарыса жазған еді. Әбден қорлық көрген қызды тауып алғандар әлеуметтік қызмет өкілдеріне табыстаған. Алайда полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Жергілікті орыс тілді неміс отбасыларының ашынғаны да сондықтан. Олар балалары үшін алаңдап, биліктен босқындарды басқа жаққа көшіруді талап етсе де, әзірге шағым жауапсыз қалған.
Аш-жалаңаш балалар кімге керек?
Қолда бар мәліметтерге сенсек, басқа құрлықтан келген босқындардың 10 мыңдай баласы Еуропа елдерінде із-түзсіз жоғалып кеткен. «Еуропол» жетекшісі Брайан Дональдтың айтуынша, тек Италияның өзінде бес мыңға жуық кішкентай босқын ізім-ғайым. Ал Швециядағы мыңға жуық, Ұлыбританиядағы 350-дей бала хабар-ошарсыз. Алайда, құқық қорғау органдары балаларды іздестіру шараларына немкетті қарайтын сияқты. Себебін анықтамай, салдарын анықтау қиын. Есесіне, әлем жұртшылығын алаңдатқан босқындар мәселесі әрбір мемлекетпен біте қайнасып кеткендей. Жыл басынан бері Жерорта теңізі арқылы Еуропа елдеріне өткен 55 мыңнан астам мигранттың халі нешік? Жол-жөнекей қаза болған жазықсыз жандардың обалы кімге? Тағы бір ақпарат көздері Түркия арқылы Еуропаның оңтүстік-шығысына өткен босқындардың мыңдаған баласы ауа-райының күрт суытуынан қауіп-қатерге ұрынғанын жазған болатын. Себебі олар гректің Лесбос бұғазының жағалауына аш-жалаңаш жеткен. ЮНИСЕФ агенттігі «Балалардың көбінде жылы киім мен тойып жейтін тамағы жоқ. Шыны керек, олардың аяздан өліп кету қаупі басым» деп мәселеге бейжай қарамау керектігін жеткізді. «Балаларды құтқарайық» қайырымдылық ұйымы да көмекке мұқтаж балаларды есіркеуге шақырса да, бұған мойынсұнар жандар бой көрсетер емес. Бүгінде құқық қорғау мекемелері із-түзсіз жоғалған балалар қаскөйлердің тұзағына түсуі мүмкін екенін жасырмайды. Германияда іздеу салынған 14 жас пен 17 жас арасындағы 5 мың босқын жасөспірімнің тағдыры кімнің қолында? Олардың құлдықтың тұсауына түсіп, жыныстық зомбылықтың құрбанына айналмағанына кім кепіл? Әзірге жоғалған балалар жайында ешкім ештеңе айтар емес. Әлемді алаңдатып отырған мәселе – «Еуропаны қалай құтқарамыз?» дегенге саяды. Сол баяғы еңбек күшінің жетімсіздігі, балалы болуға асықпайтын жұптардың көбеюі, тіпті, өмірге бала әкелмейтін біржынысты отбасыны тіркеуге рұқсат беру – сорақылықтың нақты көрінісі ретінде белең алуда. Алайда жергілікті халық мұның орнын босқын балалардың санымен толтырамыз деуден аулақ. Десе де, кәрі құрлықтың қартайып бара жатқандығына алаңдаушылық басым.Босқындарды елге қайтару операциясы
Халықаралық көші-қон ұйымының ресми өкілі Джоэл Миллман босқындардың жаңа көші Грекия мен Италияға бұрылғандығын айтады. Ал былтыр Ирактан Бельгияға босып барған мыңнан астам мигрант өз еркімен Отанына оралып жатқан көрінеді. Олардың барлығы экономикалық кірмелерге жатады. Сондықтан босқын ретінде баспана алуға құқы жоқ. Осы елдің Ішкі істер министрлігі 111 адамнан тұратын алғашқы топтың чартерлік рейспен Бағдатқа ұшып кеткенін, жол шығынын Бельгия билігі өз мойнына алғандығын тілге тиек етті. Бір айта кетерлігі, жергілікті шенеуніктер мигранттарды қайтаруға арналған мұндай сапарды әлемде, одан қалды Еуропада алғаш рет қолға алғандығына мәз. Босқындарды елге қайтару операциясының астарында не бар? Себебі де түсінікті, соңғы кезде «Еуропаның түкпір-түкпіріне ағылған босқындар тұрғылықты жұрттың мазасын қашырды» деген ақпарат көп. Ауық-ауық наразылық акциялардың өтуі де соны айғақтайды. Алайда Германияның әділет министрі мигранттарға қарсы шабуыл ұйымдастырып жүргендерге шара қолданылатынын жеткізсе де, мұның іс жүзінде жүзеге асуы екіталай. Хайко Маастың мұндай мәлімдеме жасауына Филлинген-Швеннинген қаласындағы оқиға түрткі болған. Бәзбіреулердің босқындар орталығына гранат лақтырып, зәре-құтын қашырғаны мәлім. Ол ол ма, өткен жылы мигранттар қоныстанған үйлерге мыңнан астам шабуыл жасалыпты. Отанына мәжбүрсіз оралуға ниеттенген босқынның күн санап артып жатқаны да сондықтан. Германия Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, алғашқыда 61 ирак азаматы осындай шешім қабылдаған. Ал желтоқсанда еліне қайтқандар 200 адамнан асыпты. Қазір Иракқа жол түзеген күрдтер Эрбиль қаласына жеткен. Көбісінің қолында құжаттары жоқ. Арасында балалы отбасылар көп. Олардың еліне аман-есен жетуі де неғайбыл. Босқындар мәселесі Давос форумында да сөз болғаны белгілі. Жиналған өкілдер босқындарға қатысты жағдайдың күрделенуіне саяси мәселелер ғана себепші еместігін білдірді. Бүгінде бас-көз демей, бөтен елден келгендерге жұдырық ала жүгіретіндер көбейген. Әсіресе, мұндай оқыс оқиғалар босқындарға қатысты көп тіркеліп отыр. Жақында жаһан жаңалықтары Грекияда Германия азаматтарына шабуыл жасалғанын хабарлаған-ды. Ел астанасы Афина орталығындағы мейрамханалардың бірінде анархистер тобы Германиядан келген 12 туристі соққыға жыққан. Мұндай бассыздыққа баруына не себеп? Бұл жайында құқық қорғау мекемелері де тұшымды жауап бере алмай отыр. Осындайда еске түседі, қазақ халқы туристер тұрмақ, есігінен сығалаған адамға барын беріп, жол көрсеткен жоқ па? Тіпті, заманның қиын тұсында қаншама ұлт пен ұлыс өкілдерін өз туғанындай қабылдап, үйінен орын беріп еді ғой. Құшағын жая қарсы алып, бар тамағын алдыңа тосатын да қазақ. Сол себепті, бөгде ел азаматтарының түсінігінде «қазақ – қонақжай халық» деген ұғым бар. Ал, бұл жақсы қасиет пе, жоқ па?! Бәзбір бейресми ақпараттарға сенсек, қазақ елі де босқындарды қабылдауға ниетті көрінеді. Алайда соңғы он жылда шекарадан өткен еңбек мигранттарына қарсы тайталас күрестің нәтижесіз болғаны есте. Талайы осында тұрақтап қалды да. Ал, шетелдік босқындарға есігімізді айқара ашсақ, ауылдан қалаға ағылған өзіміздің ағайындарды қайда қоямыз?Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ