Ақмола облысында республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігінде жылдамдық шектеуі уақытша төмендетілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, қарашаның 2-сі күні сағат 19:00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жолымен) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол бекеті)» автожолының 180–243-шақырым аралығында барлық көлік түрлері үшін ең жоғары жылдамдық 140 км/сағаттан 110 км/сағатқа дейін төмендетілді.
Температураның төмендеуі, жауын-шашын мен көріну қашықтығының нашарлауына байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осындай шектеу енгізілді, – деп делінген "ҚазАвтоЖол" таратқан хабарламада.
Ауа райы тұрақтанып, жол қозғалысы қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда, қарашаның 3-і күні сағат 09:00-де бұрынғы жылдамдық режимі қайта енгізіледі деп жоспарланып отыр.