Қаржылық қауіпсіздік – маңызды мәселе

Қаржылық қауіпсіздік – маңызды мәселе

Қаржылық қауіпсіздік – маңызды мәселе
ашық дереккөзі
Қаржылық қауіпсіздік – мемлекеттің қар­жы қызметінің ажырамас бөлігі. Бүгінде мемлекетке төнген қауіптің бірі ретінде қыл­мыстық кірісті заңдастыру және террористік әрекеттерді қаржыландыру мәселесі аталады. Қазақстан ғаламдық бә­секеге қабілеттілік индексі бойынша 55-орынға ие. Десек те, эконо­ми­ка­ның белсенді дамуы және сая­си процестердің демок­ра­тиялануына қара­мастан, бәсекеге қабілеттілік дең­гейінің артуына ықпал ететін қатерлер де бар. Нақ­тырақ айтқанда, есірт­кі тасымалымен, контрабандамен айналысатын және террористік әрекеттер жиі болатын аумақтарға геосаяси тұрғыдан жақын орналасуы басты мәселе. Бұдан бөлек Қазақстан еңбек мигранттары үшін т­а­нымал пункт болып отыр. Ал олар өз кезегінде терең зерттеуді және мемлекеттік органдар тарапынан бақылауды қажет ететін ақша аударымдарының көзі болып табылады. Сондай-ақ қаржыны жымқыру қатері Қазақ­станда арнайы экономикалық аумақтың пайда болуына ықпал етті. Арнайы экономикалық аумақтың экономикасы сыртқы әлемге ашықтықтың жоғары деңгейін қалыптастырады. Ал кедендік, салықтық және инвестициялық режимдер ішкі инвестицияға, сонымен бірге сыртқы трансшекаралық инвести­ция­лық ағындарға да тиімді. Бұл ретте инвести­ция­лан­ған қаржы немесе мүліктің  қайдан шыққаны белгісіз және ол заңсыз болуы да ықтимал. Сондықтан да бүгінгі күні заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыру ісін заңдастыруға қарсы әрекеттер өте өзекті. Қазақстан 2004 жылы FATF типі бойынша Еура­зия­лық аймақтық топқа мүше болды. FATF – мемлекеттерді халықаралық стандарттар арқылы баға­лай­тын мониторинг жасайтын үкіметаралық ұйым. Қа­зақ­стан мүшелікке енген Еуразиялық топ қыл­мыстық кірістерді және терроризмді қаржы­лан­дыруды заңдастыруға қарсы әрекеттерді жүзеге асы­рады. Еуразиялық топ Қазақстан, Беларусь, Үндістан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тә­жікстан, Түркіменстан және Өзбекстан сынды ел­дерді біріктіреді. Бұл топты құру терроризм қаупін азайтуға және аталған мемлекеттерге техникалық көмек бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Заңсыз жолмен келген кірісті және терроризмді қаржыландыруға қарсы негізгі құрал – қаржылық мониторинг. Бұл – халықаралық және қазақстандық тәжірибеде енді ғана пайда болған құбылыс. Қар­жылық мониторингтің негізгі міндеті – күмәнді трансакциялар бойынша кәсіпкерлік субъектілерін және қаржылық институттарын тартуға, сондай-ақ қаржылық ақпараттарды құқық қорғаушы орган­дарға жеткізуге жол бермеу. Қазақстанда заңсыз жолмен келген кірісті және тер­роризмді қаржыландыруға қарсы шаралар 2010 жыл­дың 9 наурызында «Қылмыстық жолмен келген кіріс­терді және терроризмді қаржыландыруды заң­дастыруға қарсы әрекеттер туралы» заң жобасы қа­былданғаннан кейін жүзеге асырыла бастады. Заң­намаға сәйкес, қаржылық мониторинг субъектілері күдік тудыратын келісімдер туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға ақпарат береді. Ал Қаржы ми­нистр­лігінің Қаржылық мониторинг комитеті өз­дерінің деректер базасы бойынша сараптама жүр­гізіп, белгіленген уақыт аралығында шешім қабыл­дауы тиіс. Кейін істі Бас прокуратураға жөнелтеді. 2010-2011 жылдары Қазақстандағы қаржылық мо­ниторинг жүйесі Еуразиялық топтың бағалауы бойынша халықаралық стандарттарға сай деп танылды. 2020 жылы еліміз үшін өзара бағалаудың екінші кезеңінен өту керек. Еуразиялық топ заңсыз жол­мен келген кірісті және терроризмді қар­жы­ландыруға қарсы әрекеттерді құқықтық және инс­титуционалды жүйеге сәйкестігін бағалайды. Қаржылық мониторинг шеңберінде қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін механизмдерді үнемі жетілдіріп отыру маңызды. Тұтынушыларды сәйкестендіру, операцияларды бақылау, қылмыстық кірістерді тоқтатып қою сынды әрекеттер жүйелі түрде жетілдірілуі тиіс. Қаржылық мониторинг рөлінің маңыздылығын ес­кере отырып, қазіргі уақытта Парламент Мә­жі­лі­сінде «Қылмыстық жолмен келген кірісті заң­дастыру жә­не терроризмді қаржыландыруға қарсы әре­кеттерге қатысты ҚР заңнамалық актілеріне өзгер­тулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қа­ралуда. Заң жобасына енгізілген нормалар қар­жылық-ақша қатынастары саласында заңсыз әре­кеттерге жол бермеуге бағытталған.  

Сергей СИМОНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты