Мәсімов бастаған делегация мүшелері 14 мың франктен шығындап қайтқан экономикалық форум не шешті?

Мәсімов бастаған делегация мүшелері 14 мың франктен шығындап қайтқан экономикалық форум не шешті?

Мәсімов бастаған делегация мүшелері 14 мың франктен шығындап қайтқан экономикалық форум не шешті?
ашық дереккөзі
389
Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы сессиясы 46-шы рет Швейцарияның Давос қаласында өтті. Әлемнің 140 елінен жиналған 2,5 мыңға жуық делегат 20-23 қаңтар аралығында жер жүзіне мәшһүр тау-шаңғы шипажайында бас қосты. Давостың төріне жайғасқан әлемдік көшбасшылар, кәсіпкерлер, инвесторлар мен сарапшылар бүгінгі нарықтағы ғаламдық мәселелердің ақ-қарасын айыруға тырысты.

Давостағы дүбірлі жиын

Қазір Швейцария қандай да бір халық­ара­лық талас-тартыс туындағанда, саяси және экономикалық шешім қабылдауда ыңғайлы, бейтарап рөл атқаруда. Швейцарияның Женева, Цюрих, Базель қалалары маңызды халықаралық орталықтар саналады. Мұндай әлемдік маңыздылығымен мақтана алатын тағы бір қала – Давос. Швейцарияның оңтүстік-шығысында орналасқан таулы қала Дүниежүзілік экономикалық форумның отанына айналғалы қашан. Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын Дүниежүзілік экономикалық форумның мақсаты – мемлекеттік сектор, бизнес және азаматтық қоғамдар арасында байланыс орнататын халықаралық ұйым құру. Биыл форум «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс және оның мүмкіндіктері мен мәселелері» тақырыбына арналды. Бұл жолы ұйымдастырушылар ауқымды шара барысында жаһандық қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, энергиялық ресурстардың бағалары мен экономикалық өсімнің төмендеуі секілді маңызды мәселелерді назардан тыс қалдырмауды құп көріпті. Сонымен қатар, форумға арнайы ат басын бұрған 40 президент пен премьер-министрлер, ұйым басшылары, қоғам қайраткерлері қара алтын құнының құлдырауы, Ираннан санкцияларды алып тастау, халықаралық лаңкестік, жаңа технология, Еуропадағы босқындар, таяуда ғана Біріккен Араб Әмірліктеріндегі халықаралық сессияда талқыға түскен жаңартылған энергия көздері, Украина төңірегіндегі жағдайды да айналып өткен жоқ. Ал Давосқа жиналған мәртебелі қонақ­тар­дың қауіпсіздігін Швейцарияның 1000 адамнан құралған жергілікті полициясы мен 3000 әскери қызметкерден тұратын құрлық және әуе әскері қамтамасыз етті. Әскер мен полицияны орнынан қозғау, өзге де мемлекеттік құрылымдарды тарту Швейцария бюджетіне біраз салмақ түсіргені анық. Ал экономикалық форумның ұйымдастырушыларының өзі 35 миллион франк шығынға есеп берді. Қалай дегенмен де, халықаралық деңгейдегі бұл шараның Швейцария үшін зор пайда әкелетіні де шындық. Аса маңызды халықаралық кездесу өткізген Швейцария кәсіпкерлерінің осы күндері біраз пайдаға кенелгенін де айта кеткен жөн. Мәселен, Давостағы 90-ға жуық қонақүйлер мен мейрамханаларға Дүниежүзілік экономикалық форум басталғанға дейін-ақ алдын-ала тапсырыс беріліп, орындар белгіленіп қойылған. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, қонақтар жатын орны мен тамақтану үшін 38 миллион франктан астам қаржы жұмсайды екен. Ал экономикалық форум ұйымдастырушыларының айтуынша, шараға қатысушы әр адамнан орта есеппен 14 мың франк шығын шығады. 46-шы рет шымылдығын түрген форум мұндай мәртебеге қалай жетті? Сонау 1971 жылы экономика профессоры Клаус Шваб «Еуропалық экономикалық форум» деп айдар таққан шараның осыншалықты табысты болатынын білді ме екен? Әлбетте, форумды ұйымдастыру әуелде қиын болды: қаржыландыру, саяси көшбасшыларды, кәсіпкерлерді форумға қатысуға көндіру, тағысын тағылар. Дегенмен, Клаус Швабтың жұмысы алға басты. Жыл сайын Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысушылардың қатары арта берді. Айтпақшы, 1987 жылы Еуропалық экономикалық форумның статусы өзгеріп, Дүниежүзілік экономикалық форумға айналған болатын. Өйткені халықаралық экономикалық мәселелерді Еуропаның шеңберінде ғана шешудің мүмкін еместігі, жаһандық деңгейді қамту қажеттігі айқындалды. Сөйтіп әлемнің түкпір-түкпірінен келетін билік және бизнес өкілдері жыл сайын Давоста бас қоса бастады.

«Жаңа технология адамдарды алмастыруы мүмкін»

2016 жылғы Дүниежүзілік экономикалық форумның шымылдығын ресми түрде форум президенті Клаус Шваб ашты. Өз сөзінде Шваб мырза Давос жай ғана конференция емес, «маңызды тәжірибе алаңы» екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, Давостағы ауқымды жиында Рим Папасы Франциск әлемнің жетекші кәсіпкерлерін барлық адамдар үшін лайықты жұмыс орнын құруға және кедейлерді назардан тыс қалдырмауға шақырды. Рим Папасының айтуынша, жаһандық және ұлттық экономиканы технологияландыру жұмыссыздар қатарын көбейтуге ықпал етуде. «Қазір кәсіпкерліктің жаңа түрін енгізуге тырысу керек. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, әлеуметтік құқықты, қоршаған ортаны қорғауға атсалысу қажет. Технологияның адамзаттан биік болмай, адамның технологияны басқаруына жағдай жасауымыз тиіс. «Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің» басталуы әлемдегі жұмыс орындарының қысқаруына алып келді. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы деректері жер бетінде жүздеген миллион адам жұмыссыздықтың зардабын тартып жүргендігін көрсетіп отыр», – деді Рим Папасы. Одан кейін кедейлерді назардан тыс қалдырмау керектігін тағы да қадап айтты. Жалпы, соңғы жылдары әлемде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғайып келеді. Дүниежүзінде 2010 жылдан бері бай-бақуатты адамдардың қаражаты 0,5 триллион долларға артып, 1,76 триллион долларды құраған. Ғаламшардағы ең бай 62 адамның байлығы өте кедей 3,6 миллиард адамның дүние-мүлігіне тең. Байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық үнемі артып отыратын көрінеді. Ал теңсіздіктің себептері ірі оффшор аумақтарының кең таралуында болып тұр. Осы арқылы аса бай адамдар салық төлеуден құтылып кетеді екен. Мұндай статистикалық деректер Давоста өткен форумға арнайы дайындалған баяндамада келтірілген. Дүниежүзілік экономикалық форумның ресми сайтында жиынның алғашқы күні-ақ мазмұны «төртінші өнеркәсіптік төңкерістің келуі миллиондаған адамның жұмыссыз қа­луына ықпал етуі мүмкін» дегенге сая­тын баяндама жарияланды. Баяндама әлем елдерінің мазасын қашырғандығы туралы ақпарат құралдары жарыса жазуда. Баяндамадағы жазылған деректерге сүйенсек, алдағы бірнеше жыл ішінде миллиондаған адам жұмыс орнынан айрылуы мүмкін. Еңбек нарығындағы мұндай өзгерістер ең алдымен дамушы елдерге соққы болып тимек. Қазір қытайлықтар бұл жағдайдың Қытай экономикасын тоқыратуы мүмкін деп қауіптенуде. Сонымен қатар, Давостағы форумның жетекшілері 2020 жылға дейінгі жұмыс күші мен болашақтағы экономикалық жағдайларға арналған «Future of Jobs» есебін жариялады. Аталмыш зерттеу, негізінен, экономика саласына қатысты. Айта кетейік, қазіргі уақытта әлемдегі жұмыс күшінің 65 пайызы, яғни, 2 миллиард адам осы салада қызмет етеді. Болжам бойынша 2020 жылға дейін 5 миллионға жуық жұмыс орны генетика, жасанды интеллекті мен робототехниканың дамуының әсерінен жоғалып кетуі мүмкін. «Future of Jobs» есебі «ақ жағалылардың», яғни әкімшілік және офистік қызметтегілердің көпшілігі жұмыссыз қалуы ықтималдығын көрсетіп отыр. Еңбек саласындағы өзгерістер жоғары білікті мамандар мен сарапшыларға деген сұранысты арттырмақ.

Ресейді Трутнев таныстырды

Одан әрі экономикалық форумда құбылып тұрған қара алтын құнына болжам жасалды. «Мұнай бағасы 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан кейін қымбаттай бастайды». Мұндай жорамалды Ресейдегі ірі мұнай компаниясының президенті Вагит Алекперов мәлімдеді. Орайы келгенде айта кетейік, мұнай бағасына қатысты бұған дейін Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин де болжам жариялаған еді. Оның айтуынша, қара алтынның ең төменгі құны барреліне 16 долларға дейін жетуі мүмкін. Айтқандай Дүниежүзілік экономикалық форумға Ресей тарапын Қиыр Шығыстағы президенттің өкілетті өкілі Юрий Трутнев бастап барды. Шараның ұйымдастырушылары шақыру қағазын арнайы Ресей президенті Владимир Путин мен премьер-министр Дмитрий Медведевке жібергенімен, елді биылғы форумда таныстыру Трутневтің еншісіне тиіпті. Өткен жылы Давоста ресейлік делегацияны бірінші вице-премьер Игорь Шувалов, оның алдында вице-премьер Аркадий Дворкович таныстырған. Ресейлік шенділердің бірі ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Таңдаудың Трутневке түсуінің бірінші себебі, ол – президенттің сенімді өкілі, екіншіден, биліктегі тұлға. Оның үстіне, Трутневтің Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу тәжірибесі бар», – депті. Ал Ресей премьер-министрінің баспасөз хатшысы Наталья Тимакова Давостағы ресейлік делегацияны Трутневтің басқаруы делегация статусын төмендету еместігін қадап айтты. Биыл Давоста Ресей делегациясы Азия-Тынық мұхиты аймағының мәселесін көтерді. Сондай-ақ, Ресей Орталық банкінің төрайымы Эльвира Набиуллина ұзақ жылдардан бері алғаш рет Давосқа барады деген ақпарат тараған. Ол экономикалық форумда әлемдік қарыз мәселесіне арналған дебаттың қатысушысы ретінде бекітілген. Бірақ экономикалық форум бастау алғаннан кейін Орталық банк төрайымы Давосқа бармайтындығы белгілі болды. Ал Давостағы жиында Украина президенті Петр Порошенко ресейлік журналистердің сауалдарына жауап беруден үзілді-кесілді бас тартқан. Бұл туралы Ресейдің ақпарат құралдары жариялады. Минск келісімінің жүзеге асуы туралы сауал қойған журналистің Ресейде қызмет ететінін білген Порошенко бұл тілшінің сұрағына жауап бермейтіндігін ағылшын тілінде жеткізіпті. Ал Украинаның Қаржы министрі Наталья Яресько Давостағы форумда жақын арада Киев Қырым аймағын қайтару үшін жаңа дипломатиялық бастаманы жүзеге асыратындығын мәлімдеді.

Мәсімов бастаған делегация

Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумға Қазақстан делегациясы да қатысты. Бұл жылы қазақстандық делегацияны Швейцарияға Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастап барды. Делегация құрамында еліміздің барлық экономикалық блогының министрлері, ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері, кәсіпкерлер мен қаржыгерлер бар. Форумда Кәрім Мәсімов Қазақстанның инвестициялық жағдайын және шетелдік инвесторларға арналған мүмкіндіктер, Ұлт Жоспарын жүзеге асыру барысында ел экономикасында орын алған өзгерістер туралы сөз қозғады. Ал Давостағы форумның «Бизнестің ашықтығы» рейтингі бойынша Қазақстан 60 елдің арасынан 44-орынға жайғасыпты. Бұл тізімде көштің басын Люксембург бастап тұр. Сондай-ақ, Әзірбайжан 43, Украина 57, ал Ресей 60-орында. Бұл рейтинг елдегі жемқорлық, салық жүйесі, бюрократия, мемлекеттік биліктің есеп беруі мен жұмыстарының анықтығы бойынша бағаланған. Қазақстандық кәсіпкерлердің бетпе-бет келетін қиындықтары ретінде шетелдік сарапшылар экономиканың әлсіз әртараптандырылуы және экологиялық мәселелер деп көрсетіп отыр. mrladsctx8g5zhqw Дүниежүзілік экономикалық форум аясында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов бірқатар кездесулер де өткізді. Әуелі Үкімет басшысы Кембридж энергетикалық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Дэниель Ергинмен жүздесті. Кездесу барысында жаһандық мұнай нарығындағы қазіргі жағдай мен Қазақстанның энергетикалық саласының даму перспективлары туралы сөз болды. Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап та энергетика саласындағы стратегиялық зерттеулерді жүргізуде одан ары ынтымақтастықты нығайта түсуге келісті. Сонымен қатар, Кәрім Мәсімов Нидерланды Корольдігінің Премьер-министрі Марк Рюттемен кездесті. Келіссөздер шеңберінде екі елдің Үкімет басшылары екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Нидерланды арасындағы инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты. Одан кейін Кәрім Мәсімов Marubeni Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Теруо Асадамен жүздесіп, энергетика, экономиканың энергетикалық және көлік салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту, баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Бұған қоса Кәрім Мәсімов Давоста Түркия Премьер-министрі А.Дәуітоғлымен кездесіп, қазіргі экономикалық ахуалды жаһандық және жерілікті деңгейде талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін сөз қылды. Дүниежүзілік экономикалық форумға Қазақстан делегациясы құрамында бар­ған «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компания­сының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Швейцария Конфедерациясының секция комиссары Мануэль Салхимен кездесуге мүмкіндік алды. Осы кездесу барысында Швейцарияның Астанада өтетін халықаралық мамандандырылған ЭКСПО – 2017 көрмесіне қатысатындығы белгілі болды. Екіжақты келісімшартқа қол қойған Мануэль Салхи: «ЭКСПО – бұл Швейцария үшін энергоүнемділік пен жасыл технологиялар саласында атқарған жұмысын әлемге паш ете алар үлкен мүмкіндік. ЭКСПО – 2017 көрмесінің «Болашақ» энергиясы» атты тақырыбы уақытылы әрі маңызды. Дүние жүзі бойынша энерготиімділік пен баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері ерекше өзекті. Бұл ретте Швейцарияның әлемге көрсетері бар», – деді. Өз кезегінде Ахметжан Есімов Швейцарияның еліміздегі атаулы шараға қатысатындығына қуанышты екенін жеткізді.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары