1394
Әулет тартқан нәубет
Әулет тартқан нәубет
Белгілі қайраткер, оқымысты, қазақ меценаты Есенқұл Маманұлы (1880-1932) өз заманының көзі ашық, ұлттық рухы биік өкілі. Есенқұл – Алаш ұранды асыл идеяны бағыт еткен, ұлт-азаттық қозғалысын қолдаған азамат. Алаш мұраты жолында мектеп ашып, ұлтты тәрбиелеу, оқыған азаматтарды қалыптастыру ісінде қайраткерлік, азаматтық болмысымен ерекшеленген жұрт жақсысы.
Бірінші жаһан соғысына қатысып, жеңіліс тапқан орыс патшалығы империя құрамындағы бұратана халықтарға қосымша соғыс салығын төлеу заңын енгізеді. Орталық биліктің тапсырмасын шұғыл орындау үшін Қапал уезінің басшысы төтенше сиез өткізіп, болыстар мен ауылнайларды шақырады. Құрылтайға болыс, старшын, ауылнай, билермен қатар ірі байларды да шақырған екен. Ақ патшаның бұйрығын бұлжытпай орындауға құрылтай мүшелері келісіп, уәде беріпті. Сиездің орта тұсында Есенқұл Маманұлы өзінің азаматтық пікірін ашық білдіріпті. «Жаһан соғысы үшін қаржы беруге үзілді кесілді қарсымын. Өйткені біріншіден, соғыс үшін қаржы беру өз қолымызбен адам өлтірумен тең. Екіншіден, біз берген ақшаны ел игілігіне емес, басқа бір елдің адамдарын өлтіру үшін жұмсайды. Патшалықтың қарсыласы болған ел біздің бауырлас, туыс еліміз еді. Түріктермен бір атадан туысатын елміз, қалай ғана бауырыңа қол көтеруге болады? Ақ патшаның жарлығына құлдық ұрып, ант берген райларыңнан тез қайтыңдар, мұсылман қауымы» деген екен деседі. Есенқұлдай беделді азаматтың сөзінен соң, жиынға қатысып отырған делегаттар сиездің аяқталғанын күтпей, жан-жаққа тарап кетіпті. Есенқұлдың сөзінен секем алған уезд бастығы Верныйдағы губернаторға хабар беріп, болған жағдайды тегіс баяндап береді. Верныйдағы губернатор кеңсесі: «Патша үкіметінің жарғысына мойынсұнбаған бүлікшіл Есенқұл Маманов билікке қарсы жүргізген саяси әрекеті үшін атылсын!» деген жедел телеграмма салыпты. Жандармерия Есенқұл қажының үстінен қылмыстық іс қозғап, сиезге қатысқан делегаттармен жеке-жеке тергеу жұмыстарын жүргізіп, куәгер іздейді.
Қызылдар салтанат құрған мезеттен соң, апайтөс бай тағдырдың тауқыметін тартып, айдалып кеткен...
***
Есенқұлдың анасы – Жетісудағы атақты жалайыр Жәлменде бидің қызы Жаңғақ ана. Есенқұл ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамында болған саяси-әлеуметтік қозғалыстардың белортасында жүрген қазақтың оқыған азаматы. Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды қазақтың көшін алға сүйреген ұлт қайраткерлерімен қоян-қолтық араласып, қазақтың болашағына алаңдап отырған, Алаш қайраткерлерін қай жағынан болса да қолдап отырған ардақтысы еді. Есенқұлдың тарихта атын шығарған қайырлы ісі – 1914 жылы қазақ жазушыларына арнап тұңғыш рет роман бәйгесін жариялауы. «1913 жылдың декабрь жұлдызында, бір жұманың ішінде бірі – 5 жасар, бірі – 2 жасар Әнуарбек пен Ниязбек есімді екі балам дүниеден қайтты. Мен сол сүйікті балаларымның көзіндей көрерлік бір кітаптың шығуын тілеймін. Соның үшін осы жылғы ноябрь басына шейін таза қазақ тілінде және таза қазақ тұрмысынан роман жазушылардың бәйгесіне 2 000 сом ақша тігемін. Жазушылар бірнеше кісі болса, олардың жазғандарын өзім белгілеген 3-4 кісілік бір комиссияның сынына беремін. Бәйге сол комиссия жақсы деп ұнатқан роман иесіне беріледі» деген («Қазақ» газеті №52, 1914 жыл, 28 февраль). Қазақ әдебиетінде қылаң берген бұл тосын құбылысты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалаған. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтірейік: «...Әзірге қазақ байлары сайлау таласына барлық дәулетін жұмсап, шеке қызбайға кірісіп, ит пен құсқа жем болып жатқан бір заманда Есенқұлдың байдың өзінің қатарынан асып, үлгілі жұрттарға лайық іс істеп жатқаны оның қараңғы түннің ішінде қалың жұлдыз арасында жарқыраған жарық Айға ұқсап тұрғандығын көрсетеді» («Айқап»), «Копальские богачи, киргизы Турусбековы, назначили премию в 2 000 руб. За хороший роман на киргизском языке. На соискание премии обьявилось 9 кандидатов, написавших 9 романов. Летом текущего года известной Куяндинской ярмарке жюри из образованных Киргиз Семипалатинской области будут рассмотрены рукописи романов. Этого совещания в степи ждут большим интересом» («Уральский листок», №112, 10 июнь, 1915 г.). Тұңғыш роман байқауынан жеңіске жетіп, әдеби жүлдеге Сұлтанмахмұт Торайғырдың «Қамар сұлуы» мен Тайыр Жомартбайдың «Қыз көрелік» романы ие болған. Жүлде қоры 2 мың сом болған. Кейбір деректе 200 сом деп қате көрсетілген. Ақиқаты – 2 мың сом ақша. Ол қазіргі ақша жүйесімен есептегенде 33 миллион теңгенің шамасында екен. 1928-1930 жылдар аралығы қазақ еліне үлкен қауіп төндірді. Бұл –сталиндік қандықол репрессияның бастауы. Бұл – қолдан жасалған ашаршылықтың басы болған тауқыметті жыл. Пұшық адамның мұрнындай қысқа болған қайырымды жылдардың арты қайғы-қасіретке айналып, Маман қажы әулетінің шаңырағы шайқалып, ұрпағы бордай тозып, босып кетуіне не себеп болған? Басты себеп – Маман ұрпақтарының «Алашорда» басшыларымен байланыста болып, оларға жәрдемдескені. Оларға тағылған айып – газет беттеріне олардың көрсеткен көмектері жайындағы мақалалар. Бірақ бұның бәрін ұйымдастырған қазақ арасындағы шолақбелсенділер екенін қолымыздағы тарихи құжаттар айғақтап отыр. 1926 жылға дейін Маман ұрпақтары 45 түтін болған екен. Қазіргі таңда Маман ұрпақтарының саны 20 түтінге жуық. 1928 жылдың тамызында большевиктер Есенқұлды тұтқынға алып, сегіз ай тергейді. Байлығынан басқа ешбір қылмысы болмағандықтан оны үш жылға Орынборға жер аудартады. Есенқұл 1932 жылы Орынборда айдауда жүріп қайтыс болған. Мұрағатта сақталған құжаттардан дерек келтірейік. «Тұрысбеков Тәңірберген – Бүйен-Ақсу ауылы №12 ауыл кеңесінің тұрғыны, 56 жаста. Отбасы 27 жан, ірі қара айналдырғанда 217 бас малы болып, оның 192 басы кәнпескеленген. 1 ағаш үй, 2 кірпіш үй, 3 киіз үй, 1 бау-бақша, 4 ертоқым, 1 күміс тайтұяқ, 1 қомша, 1 ширмен тәркіленген. Тәңірберген түрмеге қамалып, әулетінен 26 жан Орал округіне жер аударылған. Бидахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауыл кеңесінің тұрғыны, 26 жаста. Отбасы 3 жан, ірі қараға айналдырғанда 336 бас малы болып, оның 290 кәнпескеленген. Сонымен бірге 2 үй, 2 киіз үй, 1 бау-бақша тартып алынған. Сейдахмет Сейітбатталұлы – Бүйен-Арасанның №10 ауыл тұрғыны, 43 жаста. Отбасы 5 жан. Ірі қараға айналдырғанда 770 бас малы болып, оның 502 бас малы, 1 ағаш үйі, 1 кірпіш үй, 2 киіз үй, 2 күміс ер, 1 қомша тәркіленген. Өзі түрмеге қамалып, ұрпағы Оралға жер аударылған. Маманов Қожахмет – Бүйен-қояндының №5 ауылының тұрғыны, 52 жаста. Отбасы 12 жан. 425 бас малының 171 бас малы және 1 үй, 1 киіз үй, 2 күміс ер, 2 қомша, 2 кілем тәркіленген. Өзі түрмеге қамалып, отбасы Оралға жер аударылған. Маманов Есенқұл – Бүйен-қоянды болысының №5 ауылының тұрғыны. 48 жаста. Отбасы 15 жан. 815 ірі қара малының 389 басы және 3 күміс ер, 1 күміс белбеу, 1 күміс тайтұяқ, 2 бау-бақша, 2 ағаш үй, 2 киіз үй, 1 кірпіш үй, 1 шапан тәркіленіп, отбасы Оралға жер аударылған. Тұрысбеков Айтмұхамбет – Бүйен-Ақсу ауылы №10 ауылдың тұрғыны жасы 35-те. Екі әйелі, 10 баласы бар. Семьясы 19 жан. Революцияға дейін 300 жылқы, 2 200 қой-ешкі, 100 сиыр, 25 түйе, 3 000 сомдық сауда капиталы, жайылым жері болған. Кәнпеске кезінде 146 жылқы, 709 қой-ешкі, 8 сиыр, 10 түйесі болған. Кәнпескеге 276 ірі қарасы, 1 киіз үй, 3 күмістелген ер-тоқым, 3 сырмақ, ½ десятина бау-бақша. 1928 жылдың 28 тамызында отбасы Оралға жер аударылған. Өзі түрмеге қамауға алынған». Сонымен, мұрағат құжаттарының (Ф.р – 135, оп – 1, д – 66, лл. – 9-11) мәліметінше, Жетісудағы атаман Анненковтың жендеттері Алашорданың белсендісі болған атақты Маманұлдарының алтауын «қауіпті жат элемент» ретінде N статьясымен тұтқынға алып, 1 720 ірі қара малын, тағы басқа заттай-тұрмыстық мүліктерін тәркілеген. Дәулетті әулеттің ұрпақтарынан тағдырдың әртүрлі сынынан аман қалып, жазықсыз жапа шеге жүріп, рухтары сынбай ғылымның биігіне көтерілген Халида Есенқұлқызы Маманова (1918-1977) – медицина ғылымының докторы, Ыбырайым Есенқұлұлы Маманов (1907-1991) –филология ғылымының кандидаты, Адай Есенқұлұлы (1925-2007) филология ғылымының кандидаты болып, ҚазҰУ мен Ақтөбе мединститутында, Ұлттық ғылым академиясында қызмет атқарғанын білеміз. Маман әулетінің көбі ашаршылық, соғыс жылдарында қаза тапқан. Әулет тартқан нәубет осылай болған екен. Биыл жұрт жақсысы Есенқұлдың туғанына – 140 жыл, ал әкесі заманында «Байқажы» атанған аруақты баба Маман Қалқабайұлының туғанына 200 жыл екен.Елдос НҮСІПҰЛЫ