Смартфон экранында 7 мыңға жуық бактерия мен вирус болуы мүмкін – маман

/
Смартфон экранында 7 мыңға жуық бактерия мен вирус болуы мүмкін – маман
istockphoto.com

Смартфон экранында 7000-ға жуық бактерия мен вирус түрі тіршілік етуі мүмкін, олардың көпшілігі зиянсыз емес. Бұл туралы Ресей тұтынушылар құқығын қорғау және адам әл-ауқатын қадағалау қызметінің Эпидемиология орталық ғылыми-зерттеу институты жанындағы Молекулалық диагностика орталығының жетекші сарапшысы Михаил Лебедев мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мамандардың айтуынша, біз ұялы телефонды үнемі қолданамыз және көбіне қолымыздан тастамаймыз. Оны әртүрлі жерлерде пайдаланамыз, таза да, лас қолмен де ұстаймыз, түрлі беттерге қоямыз. Осыған байланысты телефон – үнемі өзімізбен бірге жүретін ең «ластанған» заттардың бірі.

Зерттеулерге сәйкес, смартфон экранында шамамен 7 000 түрлі бактерия мен вирус болуы мүмкін. Олардың 80%-ға жуығы – құрылғы иесінің қолындағы микроағзалар. Бұл микробтардың арасында инфекциялық ауру қоздырғыштары да бар.

Мәселен, смартфоннан ішек таяқшасы, сальмонелла немесе норовирус пен ротавирус инфекцияларын тудыратын вирустар жиі анықталады. Мұның бір себебі – кей адамдардың дәретханаға барғанда да телефонды пайдалануы.

Сонымен қатар телефонда тұмау мен түрлі респираторлық инфекциялардың қоздырғыштары да болуы мүмкін. Әсіресе тұмау мен ЖРВИ маусымында телефон инфекция тарату көзіне айналуы ықтимал. Себебі біз оны бетімізге жақын ұстаймыз, сөйлесу кезінде экранға сілекей мен шырыш бөлшектері түседі, тіпті ауыз қуысының шырышты қабатымен тікелей жанасу орын алады. Кейде телефонды басқа адамдарға да пайдалануға береміз.

Мамандардың айтуынша, адамдар қолдың инфекция таратудағы рөлін түсініп, оны жиі жуып, антисептик қолданғанымен, телефонды тазалауды жиі ескере бермейді. Ал кейбіреулер қымбат құрылғысын бүлдіріп аламын деп, оны дезинфекциялаудан қорқады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары