503
Қазақ есімді ана қазақ елінен жәрдем сұрайды
Қазақ есімді ана қазақ елінен жәрдем сұрайды
Иран елінің Горган қаласынан атажұртқа қоныс аударған қандастардың бірі – Әбдірахман Бабық пен оның отбасының жағдайы туралы бұған дейін де баспасөз беттерінде айтылған. Бұл отбасына барынша қолұшын созып, мәселесімен айналысып жүрген алматылық құқық қорғаушы Маржан Аспандиярованың айтуына қарағанда, Әбдірахман Бабық отбасына әлеуметтік көмек қажет екен.
«Бұл отбасы Иранда жақсы тұрған еді. Болашақ ұрпақ өз елінде өссін деп Маңғыстауға көшіп келді. Бірақ елге келгелі бастарынан біраз қиындықтар өтті. Баспана және жер мәселесі шешілген жоқ. Отағасы Әбдірахман Бабықтың көзіне операция жасалған. Екі көзі дұрыс көрмейді. Тағы да жасату қажет. Оған қаражат жоқ. Жергілікті клиника екінші топтағы мүгедек екенін анықтайын құжатты да бермей жатыр. Кішкентай қызы бар, оның да денсаулығы жақсы емес. Қазақ Носратбибі – осы үйдің анасы. Шырылдап қақпаған есігі жоқ. Сондықтан жан-жақтан ел болып, қоғам болып көмектесіп жіберсек жақсы болар еді», – дейді Маржан Аспандиярова.
Қазақ Носратбибі: «Келгенімізге 10 шақты жылдан асты, үйіміз жоқ. Қазір тұрып жатқан «Әлеуметтік жатақханадан» шығыңдар деп жатыр», – дейді.
Ақтау қаласындағы 2010 жылы салынған «Оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» 2016 жылдың желтоқсанынан бастап аты өзгеріп, «Әлеуметтік жатақхана» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне айналыпты. Бірақ Қазақстанның көші-қон туралы заңында оралмандарды бейімдеу және уақытша орналастыру орталықтары қызметін аймақтардағы жергілікті билік ұйымдастыратыны жазылған. Онда оралмандардың «тұрғын үйі болмаған кезде бейімдеу не уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге тіркелуге құқығы бар» екені көрсетілген.
Бақытбек ҚАДЫР