2441
ОҚЫҒАН АЗАМАТ
ОҚЫҒАН АЗАМАТ
ХІХ ғасырдың соңғы ширегі, ХХ ғасырдың бастапқы жылдары үміт гүлі бүр жарған бір мамыражай кезең еді. Алаш қозғалысы рухани-әлеуметтік, қоғамдық-саяси өмірге сәуле шашқан, әр тараптағы қазақтың басын қосқан, әр кеудедегі жеке ел болсақ деген арманды бір мүддеге тоғыстырған жылдар. Прогреске ілгері қадам басқан ояну дәуірінде өмір сүрген қазақтың бір жақсысы Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Бұл есім жұртқа беймәлім, аты-жөні көпшілік ортаға, әлеуметке бейтаныс.
Бірақ бұл азаматтың өзі көпке таныс болмаса да, тұяғы, асылдың сынығы бола білген біртуар ұлы – Қайым. Бүгінгі оқырманға есімі етене таныс, атақты профессор, түрмелі сүргінді көрген, КарЛаг азабын тартқан, Абай хәкімді зерттегені үшін сотталған, Мұхтардай данаға шәкірт болғаны үшін тақсірет арқалаған Қайым Мұхамедханұлы еді.
Қайымның әкесі Мұхамедхан өз заманының талабына сай оқыған азамат, көзі ашық зиялы, дала білгірі болыпты. Дүниенің тетігін тауып, мал өсіріп, дәулет жиған Мұхамедхан байлығын, қаржысын ұлт жолына бағыштап, Алаш қозғалысының дамуына материалдық қолдау көрсеткен меценат, жомарт. Сталиндік қуғын-сүргін, жеке басқа табыну аласапыраны келгенде бұл азамат та сол зымиян саясаттың сойылын жеп, ақырында 1937 жылдың 2 желтоқсанында ату жазасына кесілген. Бар жазығы сол – Алаш ұранды топтың қолдаушысы болғаны және ислам дінін насихаттап, уағыздағаны.
Мұхамедхан Сейітқұлұлы 1870 жылы туған. Әлихан, Барлыбек, Ахмет, Жақып, Айдархан сынды арыстармен бірге жасаған, идеялас, мұраттас арыс. Әдебиетке, өнерге бала жасынан құмар болған Мұхамедхан қазақтың көптеген ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған, тарихи-әдеби мұраларды хатқа түсірген, ескі жәдігерлерді сақтап, келешекке жеткізген. Ақеділ азаматтың дәулетті де, бай-қуатты шағы туралы ұлы Қайым естелік ретінде жазып қалдырған. Естелік жазбаға қарағанда, әкесі орыс, татар, араб тілдерін жақсы меңгерген, сол тілдерде басылып шыққан әдеби кітаптарды еркін оқып, оны аударып, айналасындағы жақындарына мазмұнын айтып отыратын кісі болған екен. Кең сарайдай үйінің бір бөлмесі үлкен кітапхана болыпты. Қазыналы әкенің кітапханасында ХІХ, ХХ ғасырдағы кітаптар, журналдар, басылымдар сөре-сөре болып тізіліпті. Бұл үйге заманында хәкім Абай да, оның ұлдары Әбіш пен Мағауия, Ақылбай мен Тұрағұл да қонақ болып келген екен. Тарихи дерекке сүйенсек, бұл үй – Семей шаһарындағы ең көрнекті әрі бай, зәулім, көзтартар үй болған. 1915-1920 жылдары бұл үй Алаш арыстарының бейресми штаб-пәтеріне айналған кездесу үйі болған. Ой-хой, игі жақсылардың ізі қалған бұл үйде кім болмады десеңізші?! Бала Қайым Алаштың айбоз арыстарының әңгімелерін тізелерінде отырып тыңдап, құймақұлақ болып өскен-ді. Абай әлеміне деген сүйіспеншілік осы өз үйіндегі игі жақсылардың әңгімелерінен басталған-ды. Мұхтар Әуезов ең алдымен ұстазы ғана емес, әкесінің жақын араласқан досы болған. Ғұлама Мұхтар бала Қайымды шәкірт деп емес, туған баласы, бір құрсақтан шыққан інісіндей көріп, жақын тартқан. Қайым 1921 жылдан бастап, дұрысы бала күнінен советтік идеологияның қасіретін тартқан, заманы оны шынықтырып, Алаш мұраты оны үнемі алға жылжытқан. Мұхамедханның тұңғыш баласы Абай шығармаларына текстологиялық талдау жасаған тұңғыш текстолог еді.
Сейітқұлдың Мұхамедханы тек атаның ғана емес, адамның баласы бола білген кең азамат болыпты. Семейде алғаш рет бостандық жаршысы болып басылып, оқырманға жол тартқан «Сарыарқа» газетінің құрылтайшысы ретінде тарих жылнамасына есімі жазылған атымтай жомарт болатын. 1918 жылы Жүсіпбек Аймауытұлы мен Мұхтар Әуезов «Абай» журналын ашқан да, сол басылымға қаржылай көмек көрсеткен де осы – Мұхамедхан. Бір анығы, Мұхамедхан Сейітқұл – мәдениет жанашыры, руханият қолдаушысы және өз заманындағы игі істерге мұрындық болған тарихи тұлға.
Алаштың нар тұлғасы Совет үкіметі орнаған шақтан бастап жайлы өмір сүрмеген деуге болады. 1921 жылы бірінші рет «алашшыл» ретінде тергеуге алынды. Сосын 1928 жылы дәулетті бай ретінде мал-мүлкінен тегіс тәркіленді. 1932 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеден-түрмеге ауыстырылған. Артында қалған жары, бала-шағасы да советтік биліктің зорлық-зомбылығын көрудей-ақ көрген.
Биыл ер Мұхамедханның туғанына 150 жыл. 1937 жылғы 2-желтоқсанның түнінде атылған ердің ажал құшқан жері, оны кімнің атқаны, қандай себеппен атылғаны әлі күнге дейін жұмбақ күйде. Мұхамедхан туралы айтылмаған сөз көп. Тарихи тұлға өз зерттеушісін күтіп-ақ тұр. Біз тұлға алдындағы парызымыз деп білгенімізді ортаға салдық. Енді өзге де тарихшы, алаштанушыларды осы Мұхамедхан Сейітқұлұлы туралы жазуға, насихаттауға шақырамыз. Мұхамедхан туралы жазбасақ, айтпасақ, ертеңгі ұрпақ Қайымдай қайраткер ұлдың қандай ортада өскенін, кімнің ұрпағы екенін бағамдай алар ма екен?..
Елдос НҮСІПҰЛЫ