303
Шетелдік жұмысшылар саны азаймақ
Шетелдік жұмысшылар саны азаймақ
Жыл басында Қазақстан Үкіметі «ҚР аумағында еңбек ету үшін шетелден жұмыс күшін тартуға 2020 жылға арналған квотаны белгілеу туралы» қаулыны бекіткені белгілі. Осыған орай кеше Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті.
Жиында Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев басқа елден жұмыс күшін тартатын шетелдік компанияларға қандай талап қойылып отырғанын түсіндірді. Вице-премьердің айтуынша, биыл шетелдік жұмысшыларға берілетін квота мөлшері қысқартылған. Сондай-ақ үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмысшылар саны азайтылды.
«Былтыр шетелдік жұмысшыларға 49 мың квота берілсе, биыл 20 мыңға дейін қысқартылды. Үшінші және төртінші санаттағы шетелдік жұмысшылардың санын барынша кеміттік. Мақсатымыз – болашақта төртінші санаттағы шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны түгел жою. Негізінен бірінші және екінші санаттағы мамандарды ғана аламыз. Яғни, өзімізде жоқ мамандар мен басшылар ғана шетелден келеді. Қазір шетелдік компаниялардың алдына мынадай міндет қойып отырмыз: егер 10 шетелдік жұмысшыны 3 жылға тартса, сол уақыт ішінде кемінде 10 қазақстандықты маман етіп дайындап шығаруы керек», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.