1457
Instadram жұлдызы – Оразбай
Instadram жұлдызы – Оразбай
Instagram әлеуметтік желісінде «qqonyratt» аккаунтымен көпке танылған, бүгінде сексен мыңнан астам тіркелушіге жүйелі қызмет көрсетіп жүрген Оразбай Сайлаубай есімді жас жігіт бар. Ол – Жетісай қаласының тумасы. 1995 жылғы 31 қаңтарда көпбалалы отбасында дүниеге келген. Мектеп бітіріп, Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға түскен бозбала күнделікті оқуымен қатар қосымша кәсіптік-техникалық мамандықты да игеріп, бүгінде сол кәсіптік білімінің қызығын көріп отыр.
Жоғары білімді кинотанушы маман әрі аспаз Оразбаймен сөйлесіп, пікірлескенімізде, оның көзқарасына, азаматтық ұстанымына риза болдық. Соңғы жеті жылдан бері Оразбай кондитерлік наубайханада қызмет етіп, өзінің кәсіби шеберлігін арттырған. Аз ғана жылдың ішінде бас қаладағы санаулы кондитерлердің бірегейіне айналып үлгерген. «Кәсіптік-техникалық білім беру орталықтарында көбіне-көп өзге ұлт өкілдері оқып, грантпен тегін білім алады екен. Олар көлік жөндеу орталықтарында немесе кілт, сағат жасау, киім тігу, жөндеу цехтарында кәсіптерін өрге домалатып отыр. Ал қазақтың біз қатарлы, сіз қатарлы жастары базарда суық күнде арба сүйреп, қара жұмысқа жегіліп жүр. Байқауымша, біздің қоғамда кәсіптік-техникалық білімге деген адамдардың түсінігі жоқ сияқты. Қазіргі таңда мемлекет есебінен осы салаға көп қаржы бөлінуде. Заңгер, экономист оқуын оқып, жұмыс таппай сандалып жүргендер көп. Ал халыққа ең керектісі, сұранысқа ие мамандықтар осы кәсіптік-техникалық сала мамандары» деп қынжылыс білдірді. Оразбай аспаз рас нәрсені айтып отыр. «Тамақты кез келген аспаз жақсы көңіл күймен бастаса, тамағы тәтті, тіл үйіретін дәмді болып шығады. Мысалы, мен өзім қамыр илерде немесе пешке тағам саларда үнемі ән айтып, ерекше көңілмен жұмыс істеймін» деп өзінің жеке құпиясымен бөлісті. Аспаздың Іnstagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында өзінің орындауындағы жеке әндері мен түрлі образдағы пародиялары бар.
Оқырман назарына жаңа жыл мерекесі қарсаңында аспаз Оразбайдың авторлық «Тәтті бәліш» мерекелік тағамының мәзірін ұсынамыз.
- Жұмыртқа – 3 тал
- Маргарин – 250 гр
- Қант – 200 гр
- Ашытқы – 10 гр
- Жұмыртқа, жұмсартылған маргарин және қантты миксермен жақсылап аппақ болғанша айналдырамыз.
- Сол массаға ұн мен ашытқыны қосып, қамырды илейміз. Бастапқыда қамыр өте жұмсақ болады. Онымен жұмыс істеу қиындау болғандықтан, қамырды пакетке салып, тоңазытқышқа 1 сағатқа қоямыз. Сосын пісіруге болады.
Елдос НҮСІП