Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырау себебі қашан жарияланады?

2020 жылдың 10 қаңтарына дейін «Fokker-100» ұшағының апатқа ұшырау себебі жария етіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев айтты.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 10 қаңтарға дейінгі мерзімде үкіметтік комиссия әуе апатының алдын ала себептерін жария ететін болады. Сонымен қатар осыған дейін айтып өткенімдей, бүгін Мемлекетаралық авиация комитетінің сарапшысы келеді. Экипажға қатысты айтар болсам, ұшулар туралы ережеге сәйкес, әуе кемесі ұшу алдында олар медициналық тексеруден өтеді. Олар медициналық тексеруден Алматы қаласы әуежайының медициналық пунктінен өткен», -деді вице-министр.
Оның дерегінше, «Fokker-100» ұшағы 1996 жылдың 8 ақпанында шығарылған. 2020 жылдың 21 мамырына дейін ұшуға сертификаты бар. Алматы қаласындағы «Бек Эйр» компаниясының авиациялық-техникалық орталығынан тексеруден өткен. 44 362 сағат әуеде ұшқан.
«Ұшақ тексеруден өткеннен кейін 361 сағат ұшқан. Апатқа ұшыраған «Fokker-100» ұшағы соңғы рейсін 25 желтоқсан күні Атырау-Алматы бағытында орындаған», – деді Берік Камалиев.

Back to top button