Тұсаркесер – Оралхан Бөкейдің классикасы сахналанды
Тұсаркесер – Оралхан Бөкейдің классикасы сахналанды

Жаңа премьера алдында баспасөз мәслихаты өткізіліп, театр директоры Сәбит Әбдіхалықов журналистерге сұхбат беріп, театрдың осы жылы атқарған істеріне шолу жасады. Расында да, биыл театр ұжымы көрерменге бірқатар жақсы қойылым ұсынды. «Биыл төртінші премьера көрерменге жол тартып отыр. Қаңтарда «Сүйікті менің ағатайым», кейіннен «Қобыланды», «Атилла» болды. Көрерменнің сұрауы бойынша «Бес бойдаққа бір той» қойылымын қайта шығардық. Сонымен қатар «Мұқағалимен сырласу» поэтикалық композициясы да көрерменге жол тартты. Биыл үш халықаралық фестивальге қатыстық. Дағыстанда өткен халықаралық фестивальде «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі бас жүлдеге ие болды», – деді ол.
«Көрерменге тағы да бір жаңа премьера ұсынылып отыр. Бағасын өздеріңіз бересіздер. Оралхан Бөкей сияқты елімізде автор баршылық. Театрдың жоспары бойынша әртүрлі саладағы, әртүрлі жанрдағы материалдарға көңіл аудармақшымыз. Классика біраз меңгерілді. Драматургтермен сөйлесіп, тапсырыс беріп жатырмыз. Халық болғаннан кейін талантты, дарынды драматург те, артистер де туады. Сыншыға көп нәрсе байланысты. Тым жақсы сыншылар жоқ. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сындарыңызды күтеміз. Сын актерлерге де керек. Спектакльді көріп, оның қандай болғанын, жетістігін, кемшілігін айтыңыздар. Жақсылыққа ұмтылайық. Сырласайық. Екі құрамды салыстырып айтыңыздар. Олар бір-бірінен озуға тырысады. Бұл –шығармашылық тартыс. Бұл керек. Таласып, тартысып, өсу керек», – деді театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов.
«Қар қызы» спектаклі бұдан бұрын да қойылған. 70-жылдары Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қойылған спектакль аға буынның есінде. Араға жылдар салып театрдан көрерменге жол тартқан спектакльдің алғашқы аяқалысы жаман емес. Бірден көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. aikyn.kz