Мәскеу сапары: ЖИ дәуіріндегі дипломатия

/
Мәскеу сапары: ЖИ дәуіріндегі дипломатия
Ақорда

Мемлекет басшысы 25 қарашада AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Конференция  қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Конференция аясында жүргізілген келіссөзде цифрландыру мен цифрлық технологиялар саласындағы байланысты нығайту, сондай-ақ сауда-экономикалық және саяси байланыстардың ахуалы мен алдағы даму мәселелері пысықталды.

Технологиялық серіктестіктің жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы жасанды интеллект та­­қырыбы талқыланған AI Journey 2026 кон­­­ференциясының маңызына тоқталды.

– Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пан­демиясы тұсында онлайн режимде өт­кізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру та­қырыбы алдыңғы орынға шығатынын айт­қан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жо­ғары технологиялар, соның ішінде жа­сан­ды интеллект келешектің келбетін қалай өз­гертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жол­ғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзек­ті. Өйткені шын мәнінде цифр­лан­дыру­ға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән бе­ріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды ин­теллектіні дамыту жылы болып жария­лан­ды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлт­тар Ұйымының E-Government, яғни элек­трондық үкімет пен адам капиталын да­мыту рейтингінде 16-орынға табан тіре­дік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік, – де­ді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан ре­сейлік жоғары технологиялық ком­па­ния­лар­дың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздікті да­мыту барысын қызығушылықпен зерделеп отыр.

– Менімен бірге үлкен делегация келді. Олар­дың қатарында цифрландыру мен жа­санды интеллект технологиялары енгізіліп жат­қан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық биз­не­сі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» жә­не елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компа­ния­сын айрықша атап өткім келеді. Аталған биз­нес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік ком­панияның біздің нарықтағы қызметіне көңі­ліміз толады, оларға барынша қолдау көр­сетеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ре­сейдің сауда-экономикалық байланыс­тар­ды нығайту бағытында белсенді жұмыс ат­қа­р­ып жатқанына назар аударды.

– Біз 30 миллиард долларлық межеге қа­рай нық қадам басып келеміз. Үкіме­тара­лық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қа­зақ­станға жасаған мемлекеттік сапа­рыңыз кезінде қол жеткізілген уағдалас­тық­тарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Атал­ған сапар аясында көптеген маңызды құ­жат­қа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәр­тібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асы­рылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұ­ның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қар­қыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзи­ньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамп­тың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үш­жақты кездесуінің қорытындысына қа­тыс­ты да пікір білдірді.

– Сізді жуырда Қытайға жасаған сапа­рыңыз­дың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қа­тысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үш­тіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шие­ленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ре­сейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қа­тарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Вл­адимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Маз­мұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұ­дан зорын күту орынсыз болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті аталған дек­лара­ция­­ның мазмұнына оң баға беріп, мұны Ре­­сей дипломатиясының жетістігі деп баға­лады.
Өз кезегінде Владимир Путин сапармен кел­гені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс ай­тып, екіжақты қарым-қатынастың қар­қынды дамып келе жатқанына тоқталды.

– Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасан­ды интеллектіні дамыту саласында «Сбер­банк» ұйымдастырған конференция­ның құр­метті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қа­зақстанда ақпараттық технологияларды да­мытуға баса мән беретініңізді білемін. Сіз­ге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жас­тармен, оқушылармен және сту­дент­термен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жа­санды интеллект саласындағы ынтымақ­тас­тығы жайында әңгіме өрбіту қызықты бо­ларына сенімдімін. Екі елдің тауар айна­лы­мы қарқынды түрде өсіп келеді. 30 миллиард дол­ларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық ко­миссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жа­тыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ой­дағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұ­рақты кездесулеріміз осы үдерістің қар­қын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.

Екі ел басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, энергетика, өндіріс, ауыл шаруа­шылығы, көлік-логистика сала­ларын­да бірлескен жобаларды іске асыру мәсе­ле­лерін талқылады. Сондай-ақ халық­ара­лық жә­не өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелер бойынша пікір алмасты.

Әлемнің жаңа геотехнологиялық картасы сызылып жатыр

Ресейге жұмыс сапарының екінші күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференция­сы аясындағы іс-шараларға қатысты.

Қазақстан мен Ресей президенттері екі елдің жасанды интеллект саласындағы же­тіс­тіктерін таныстыратын көрмені тама­ша­лады.
Қазақстанның көрме алаңында «Техно­ло­гиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, кө­лік және FinTech салаларындағы жасанды ин­теллект секілді алты негізгі бағыт қамтыл­ған. Ресей тарапының экспозициясы білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, сот ісін жүргізу, мұнай өнеркәсібі және басқа да салалардағы цифрлық шешімдерге арналды.

Екі елдің салалық ведомство басшылары жасанды интеллектіні қолдану арқылы жүзеге асырылып жатқан басым жобаларды таныстырды.
AI Journey («Жасанды интеллект әлеміне сая­хат») – жасанды интеллект технология­ла­рын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған дәстүрлі халықаралық кон­фе­рен­ция. 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жиын осы уақыт ішінде саладағы беделді ха­лықаралық алаңға айналды.

Конференцияда сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект сала­сы­ның білікті мамандарының басын қосқан фо­румға шақырғаны үшін Владимир Пу­тин­ге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен тех­но­логиядағы жетістіктеріне оң баға берді.

Мемлекет басшысы Ресейдің ғылым мен ин­женерия саласындағы тарихи жетіс­тік­теріне тоқталып, Михаил Ломоносов, Дмит­рий Менделеев, Николай Лобачевский, Алек­сандр Попов, Сергей Королев, Констан­тин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Ка­пица секілді ғалымдардың адамзат өрке­ни­е­тіне қосқан үлесін атап өтті. Академик Сер­гей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш маши­на­ларының бірі жасалғанын еске салды.

Қазақстан Президентінің айтуынша, осы игі дәстүр қазіргі Ресейде де лайықты жалға­сын тапқан. Дүниежүзілік зияткерлік мен­шік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей біре­гей конструкциялар мен модельдер өн­дірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екін­ші орын алады.

– Ресейдің жетекші технологиялық ком­па­нияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Ян­декстің» заманауи әзірлемелері жоғары тех­нологияның дамуына қызығатын, ақ-қа­раны ажырата білетін кез келген адамды таң­ғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс беру­шілердің бірі саналады. «Курчатов инс­титуты», «Сколково», «Иннополис», «Тех­но­по­лис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ре­сей мемлекетінің инновациялық инф­ра­құ­рылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаппай цифрлан­дыру және жасанды интеллектіні енгізу Қа­­зақстандағы реформалар бағдарла­ма­сы­ның басым бағыты екенін жеткізді.

– Биылғы 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен ин­но­вация­ны дамыту стратегиялық бағыт, ал бі­лім мен прогресс мемлекеттің басты құн­ды­лықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті атал­ған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қа­зақстан делегациясының құрамынан да аң­ғаруға болады. Олардың қатарында ре­сейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңей­туге мүдделі салалық мемлекеттік ор­ган­дардың басшылары, ірі бизнес пен IT қо­ғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ре­сейді ғасырлардан тамыр тартатын дос­тық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар бай­ланыстырады. Озық технология сала­сын­дағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей ст­ра­тегиялық серіктестігінің басты бағыт­та­ры­ның бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революция­ның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүние­та­нымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өз­геріске ұшырайтыны анық.

– Жасанды интеллект қазірдің өзінде же­келеген өндірістік және ойлау үдерісін не­месе қазір айтылып жүргендей, когни­тив­тік процестерді автоматтандырумен шек­тел­мей, технологиялық инфрақұрылымның ажы­рамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жү­зінде жасанды интеллектіге жұмсалған қар­жы шамамен 2,7 триллион долларды құ­рауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 трил­лион­нан астамы цифрлық инфрақұрылымды да­мытуға бағытталды. Стэнфорд уни­вер­ситетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қа­­тысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.

– Әлемнің мүлдем жаңа геотехно­логия­лық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадр­ларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қа­білеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ете­тін факторға айналды. Халықаралық ғы­лыми байланыстарды шектеу, аса маңызды тех­нологияларды аталған үдеріске қатысу­шы ат төбеліндей топтың қолында шоғыр­лан­дыру түбі жаһандағы технологиялық тең­с­іздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беру­ге болмайды. Керісінше, өзара тиімді ха­лықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстанның IT экспорты 1 миллиард доллардан асты

Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемле­кет­ке айналдыруды стратегиялық мақсат ре­тін­де белгілегенін мәлімдеді.

– Біз осы жылды «Цифрландыру және жа­санды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылай­ша, цифрлық экономиканы қарқынды да­мыту­ға қажетті құқықтық және инсти­туцио­нал­дық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ау­қымды жұмысты қоғам қолдап отыр, се­бебі азаматтарымыз және бизнес игілігін кө­ру­де. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыз­дан аста­мы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қо­сымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни 13 миллион қолданушы тіркелген, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БҰҰ-ның соңғы зерттеуіне сәйкес, Қазақ­стан электрондық үкіметтің даму рейтин­гінде екі жыл ішінде сегіз сатыға көтеріліп, әлемде 16-орынға тұрақтаған.

Сондай-ақ Президент Қазақстанда элек­тронды қаржы қызметтері дамып, те­х­нологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жа­сал­ғанын атап өтті.

– Былтыр отандық IT-қызметтер экс­пор­ты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуық­тады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2 700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда бол­ды. Қазір оның соңынан басқа да ком­паниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп ата­латын стартаптың құны бір жылда 10 мил­лиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономи­ка» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кә­сіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адам­дарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айт­қанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жа­сам­паз шығармашылық пен өнімді еңбек­тің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құрал­дар арқылы жұмыспен қамту үшін нақ­ты шаралар қабылданып жатыр, – деді Мем­лекет басшысы.
Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді. AI-Sana бағ­дарламасы аясында 100 мыңнан аса сту­дент жасанды интеллектіні қолданудың прак­тикалық дағдыларын меңгеріп жатыр.

– Инфрақұрылым мен мамандардың сақа­дай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзір­лемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны эко­номиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өн­дірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ре­сеймен арадағы серіктестігімізде де осын­дай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ортақ жобалардың келешегі

Мемлекет басшысы энергетика саласын­дағы ахуалға да тоқталды. Оның пікірінше, жа­санды интеллектіні қарқынды енгізудің нә­тижесінде есептеу қуатына сұраныс кө­бейеді, ал бұл энергия жүйелерінің жүк­те­ме­сін арттырады.

– Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуа­тын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы дең­геймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұн­дай жағдайда энергетикалық ресурс­тар­дың қолжетімділігі, электр желілерінің се­німділігі және оны тиімді қолдану тех­но­ло­ги­я­лық бәсекеге қабілетті болудың негізгі ал­ғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бір­неше атом электр стансасын салу тура­лы стратегиялық шешім қабылдады. Ресей­мен серіктестік негізінде салынатын алғаш­қы «Балқаш» стансасының құрылысында 
«Ро­сатом» корпорациясы жетекші рөл ат­қара­ды, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстың да стратегиялық маңызы зор.

Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтас­тық форумында жүк тасымалын жетілдіруге жә­не көлік инфрақұрылымын басқаруға ар­нал­ған қазақстандық Smart Cargo және AI Jol жо­балары таныстырылған. Қазан айында екі ел арасында электронды жүкқұжатты пай­да­лану арқылы автокөлікпен жүк та­сы­малд­ау пилоттық режимде сәтті ұйым­дас­тырылды.

– Басқаша айтқанда, көлік байланыс­тарын одан әрі цифрландырудың барынша берік негізі қаланды. Енді ұлттық ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіріп, осындай инно­ва­циялық шешімдерді іс жүзінде қолданған жөн. Бұл – оңай міндет емес, бірақ екі жақ шын ниетпен кіріссе, шешілетін мәселе. Келе­шекте Қазақстан мен Ресей арасында толыққанды цифрлық көлік дәлізін қалып­тастыруға болар еді. Бүгін көрмеде екі елдің жүк тасымалы саласындағы ықпалдастығы алдағы уақытта қалай өрбитіні таныстырыл­ды. Келешегінен көп үміт күтеміз. Табиғат­тың өзі сыйға тартқан артықшылығымызды ескерсек, көлік-логистика саласын дамытуда ерен жетістіктерге жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ғылым мен жоғары бі­лім саласындағы ынтымақтастықтың қар­қынына да оң баға берді.

– Қазір елімізде ресейлік уни­вер­си­теттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Пре­зи­дентімен өзара уағдаластығымызға сай ашы­лып жатқан «Қазақстан – Сириус» мек­тебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім са­ласындағы ықпалдастығымыздың келе­ше­гіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты ба­ла­ларды анықтап, олардың қарым-қабі­ле­тін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Ма­мыр айында Астанада білім беру кешені­нің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Ал­ма­тыда да жүзеге асырылуда, – деді Қа­зақ­стан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев интеллектуалдық жүйе­лердің білім саласына әсерін қаперге алу қажет деп санайды.– Заманауи технологиялар

санаулы се­кунд­тарда дайын жауап алуға мүмкіндік бере­ді. Біздің міндетіміз – балаларды өз бе­тін­ше ойлануға, ақпаратты сыни тұрғыдан сарап­тауға, байыпты шешім қабылдауға үйрету. Бұл да оңай міндет емес. Өйткені жас­тардың өзі бізді, аға буынды қазіргі за­манға сай пайдалы нәрсеге үйрете алады. Бірақ біздің өмірлік тәжірибеміз көбірек жә­не жастарға қауіпсіз, өркениетті әлемді, оларға болашақта қажет болатын білімді аманат етіп қалдырғымыз келеді. AI Journey Junior білім беру бағыты аясында оқушылар мен педа­гогтарға жасанды интеллектіні және жаңа тех­нологияларды жауапкершілікпен қол­дану­дың пайдасын түсіндіретін бірлес­кен жо­баны әзірлеуге болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент озық технологиялардың ар­тық­шылықтарымен қоса қауіп-қатері де жет­кілікті екенін алға тартты.

– Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пай­далануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқы­лан­ды. Пікірталастың нәтижесі жаңа техно­ло­гияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қар­сы бірге күресу қажеттігін тағы да рас­тады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өзі көтерген ұсы­ныстар мемлекеттер арасындағы сенім ка­питалын жоғары технологиялар сала­сын­да­ғы жемісті ынтымақтастық барысында жаңа та­быс­тармен толықтыруды көздейтінін айт­ты.

– Бірлескен бастамалар халқымызға, ком­паниялар мен кәсіпорындарға пайдалы нәти­жеге ұласуға тиіс. Біз өзара құрмет пен қолдауға арқа сүйеп, аталған міндетті лайық­ты деңгейде жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары баға­лайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қы­тай­да өткен саммиттің қорытындысына жә­не «Үлкен үштіктің» декларациясы қабыл­дануына байланысты Ресей Президентіне білдірген лебізін тағы да жеткізді.

Келешектің кілті – жастардың қолында

Форум аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Юни роботтары мен Борис Эйфман балет театры әртістерінің шоуын тамашалады. Сондай-ақ жасанды ин­теллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті.
Қазақстан Президенті халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеңім­паз атанған жасөспірімдерді осынау бірегей форумға қатысу мүмкіндігіне ие болуымен құт­тықтады. Оның айтуынша, бұл – өз қа­рым-қабілетіңді әлемге, соның ішінде мем­лекеттер басшыларына паш ететін орайлы сәт.

– Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл, шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күр­делі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркен­деуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллек­тінің даму қарқыны одан әрі үдеп, әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.

– Қазақстан Республикасының Прези­денті ретінде мен цифрландыруға және жа­санды интеллектіге басым стратегиялық мін­дет ретінде қараймын. Өздеріңізге мәлім, осы мақсатта биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жариялан­ды. Бұл келесі жылы жұмыс тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Оның мәні – биыл біз осы жолда қарқынды қадам жасадық. Тиісті заңдар, нормалар қабылданды, яғни жасан­ды интеллектіні дамытудың заңнамалық-құ­қықтық негізі жасалды. Біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. Менің түсіні­гім­де, жасанды интеллектінің серпінді да­муы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақ­тың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау Сіздердің қолдарыңызда. Қазақ­стан­нан келген азаматтарды ресейлік дос­тары­мызбен, серіктестерімізбен тығыз жұ­мыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басу­ға шақырамын, – деді Президент.

Мемлекеттер басшылары мен жастардың сұх­баты сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Оқу­шылар мен студенттер президенттердің сұрақ­тарына жауап беріп қана қоймай, жа­санды интеллект технологияларын ғылым, білім, медицина, экономика және өнер салаларында қолдануға қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Қазақстан Президенті пікірталасқа қа­тысу­шылардың білімге құштарлығы то­лас­тамай, жаңа белестерді бағындыра беруіне ті­лек­тестік білдірді. Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас талант­тар қатысты.

А.БИМЕНДИЕВА

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары