272
Ұстаздықтан дипломатияға дейін...
Ұстаздықтан дипломатияға дейін...
Сыртқы саясат саласында мол тәжірибеге ие білікті дипломат Қайрат Әбдірахманов өзіне тән кәсібилігімен танымал тұлға және тарихшы ғалым. Ол 1964 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген. 1987 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тамамдап шығады.
Қайрат Әбдірахмановтың алғашқы еңбек жолы ұстаздықтан басталған. 1987-1991 жылдары Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында саяси тарих кафедрасында оқытушы болады. Педагогика саласының өзі болашақ дипломатқа кәсіби дағдыларын жинақтауда тың серпін болды десек, артық айтқандық емес. Ғылым жолына да бет бұрған Қайрат Құдайбергенұлы 1991-1993 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде аспирант болады.
Осылайша, ұстаздық пен ғылым жолында жүрген Қайрат Құдайбергенұлының Сыртқы істер министрлігіндегі еңбек жолы дәл осы 1993 жылы басталады. Төрт жыл аралығында ол дипломатияда пісіп, жетіліп, қаншама іс-тәжірибеден өтті. 1993-тен 1997-ге дейінгі төрт жылдың ішінде ІІІ, ІІ хатшы, бөлім басшысы, Сыртқы істер министрлігі Азия елдері басқарма басшысының орынбасары қызметтерін атқарады. Ал 1997 жылы Азия елдері басқарма департаменті басшысы лауазымына тағайындалып, бір жыл көлемінде Азия, Таяу Шығыс және Африка басқармасының басшысы – СІМ төртінші департаменті басшысының орынбасары болады.
Кейіннен 1998-1999 жылдар аралығында СІМ үшінші департамент басшысы атанады. Ал 1999 жылы СІМ екіжақты қарым-қатынас департаментінің басшысы болады. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Қайрат Құдайбергенұлы СІМ вице-министрі лауазымына тағайындалады. Вице-министр атану қызметіне ғана емес, жалпы өзін кәсіби тұрғыда дамытуына зор мүмкіндіктерге жол ашады. Екі жыл аталған қызметте болып, оны табысты атқарғаннан кейін 2001-2003 жылдары Қазақстан елшілігінің Ұлыбританиядағы кеңесші-уәкілі болады.
2003 жылдан бастап Қайрат Әбдірахмановтың елші ретіндегі қызметі басталады. Дәл сол жылы Қазақстанның Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалады. Кез келген дипломат үшін елшілік үлкен салмағы мен жауапкершілігі бар қызмет. Бітімдестіру, мәмілеге қабілетті болу, кез келген саяси жағдайда сарабдал әрі көреген шешім қабылдау бірінші кезекте кәсіби дағдыға сүйенсе, екінші кезекте маманның бар қабілетін аша түседі. Қайрат Әбдірахманов елшілік қызметте өзін жан-жақты көрсете білді.
2006 жылы елге қайта оралып, бір жыл көлемінде Сыртқы істер министрінің орынбасары болады. 2007 жылы елшілік қызметін қайта жалғап, 2008 жылға дейін Қазақстанның Австриядағы Төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ Вена қаласындағы Қазақстанның халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкілі болады. 2013 жылдан бастап Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі атанады.
Қайрат Әбдірахманов 2016 жылдың 28 желтоқсанынан бастап Қазақстанның Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалады. Бұған дейін сыртқы саясат саласында хатшылық, елшілік, вице-министр т.б лауазымдарды алып жүрген Қайрат Құдайбергенұлы Сыртқы істер министрі болған сәттен бастап сол уақытқа дейін жинақталған тәжірибесін сәтті қолдана білді. Сыртқы саясат саласының білікті басшысы имиджін қалыптастыра алды. Қайрат Құдайбергенұлы сыртқы ведомствоға басшылық еткен жылдары Қазақстан халықаралық аренадағы бірқатар ірі маңызды шараларға алаң ұсынып, өзі төрағалық еткен сәттері болды. Мәселен, Сирия Араб Республикасындағы жағдай бойынша Сирия дағдарысын шешуде Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) бітімгерлік алаң ұсынғаны баршаға мәлім. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, оның сыртқы саясатты қадағалайтын ведомствосы үшін де өте жауапты процесс екені онсыз да түсінікті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Сирия дағдарысын шешуде Астана процесі Сыртқы істер министрлігіне зор жауапкершілік артты. Қайрат Әбдірахманов аталған келіссөздердің әр раундында Қазақстан тарабының ұстанымын жеткізіп, кепілгер ел өкілдері делегациясымен бір үстел басына жайғасып, мәселенің оң шешім табуына кеңінен үлес қосты. Сирия бойынша Астана процесі әлі күнге дейін жалғасып келеді және бітімгерліктің ең тартымды алаңына айналды. Бүгінде Сирия Араб Республикасындағы жағдай тұрақталып, Астана процесі алаңында кепілгер мемлекеттер өз міндеттерін орындауда. Әрине саяси шиеленістер болмай тұрмайды. Дегенмен елордада өткен әр келіссөз белгілі бір жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Қайрат Әбдірахманов Сыртқы істер министрі болғанда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына төрағалық етті, әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының кезекті алтыншы съезі өтті, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті отырысын өткізді, ғылым мен техника бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Аталған халықаралық маңызы зор іс-шаралардың басы-қасында министрлік басшысы ретінде Қайрат Әбдірахманов жүрді. Сыртқы істер министрі ретіндегі миссиясын 2019 жылы сәтті аяқтаған Әбдірахманов 2019 жылдың 18 наурызынан Қазақстанның Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.
Өте байсалды әрі өз саласының білгір маманы бола білген Қайрат Құдайбергенұлы «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері атанып, мерейтойлық медальдерге ие болған. Қазақстан Президентінің алғысхатымен, «Қазақстан Республикасы туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық рангы бар Қайрат Әбдірахманов бүгінде елдің сыртқы саясаты бойынша жемісті де білікті қызметін жалғастырып келеді.
Олжас БЕРКІНБАЕВ,
саяси ғылымдар магистрі