1345
Қазақ ет жемейтін болған ба?
Қазақ ет жемейтін болған ба?
Ежелден жылқының етін жеп, қымызын ішпесе бойына қуат дарымайтын елдің бүгінгі ұрпағы да дастарқаннан әуелі ет іздейді. Бірақ нарық билеген қазіргі заманда қызылды күнде жеуге көптің қалтасы жұқа. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы 1 жылда ет бағасы 15 пайызға қымбаттаған.
Бағаның күрт көтерілуі Қазақстанда ет жейтіндердің қатарын азайтты. Айталық, биылғы жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққанда желінген еттің көлемі 2 пайызға құлдыраған. Орта есеппен бір қазақстандық 19,1 келі ет тұтыныпты. Жан басына шаққандағы ет және ет өнімдерінің көп бөлігін Қарағанды облысының тұрғындары (22,8 келі) жесе, екінші орында – Алматы (22,5 келі), үшінші орында — Атырау облысының тұрғындары (22,4 келі). Мамандардың айтуынша, шаңырақта адамдар саны көбейген сайын ет тұтыну көлемі соғұрлым азаятын көрінеді. Мәселен, екі мүшесі бар отбасыларда әр адам орта есеппен 27 келі ет тұтынса, үш адам – 21,6 келі, төрт адам – 17,5 келі, бес және одан көп мүшесі бар отбасыларда жан басына шаққанда 14,6 келі ет және ет өнімдері желінген.
Сарапшылардың пікірінше, көпбалалы шаңырақтар басқа шығындардың көптігіне байланысты етті үнемдеп жеуге тырысады. Отбасының өзге қажеттілігіне қаржы жету үшін мал етінің орнына құс етін тұтынатындар, еттен мүлдем бас тартуға мәжбүр болғандар да көп. Әлемдегі етті көп тұтынатын мемлекеттер тізімінде жыл өткен сайын төмен түсіп бара жатқанымыз сондықтан. Бүгінде бұл тізімде Люксембург көш бастап тұр. Бұл елдің халқы жылына жан басына шаққанда 125 келі мал етін жейді екен. Одан кейінгі орында АҚШ – 123 келі. Үштікті 122 келі көрсеткішпен Австралия түйіндейді. Демек, қазақтардың ет жеу жөнінен қасқырдан кейінгі екінші орын алатыны туралы әзіл әңгіменің шындыққа қатысы аздау. Жаңа Зеландияның төртінші орын алуы заңдылық, мал шаруашылығы жақсы дамыған, жері кең, жайылымы жеткілікті, импортты жолға қойған. Халық саны 5 миллионға жетпейтін елде 40 миллионнан астам қой, 9 миллион бастан асатын сиыр бағылады екен. Испания, Израиль, Франция аядай аумақта орналасқан мемлекеттер де біздің алдымызда. Оның үстіне бұл елдер мал етінен бөлек құс етін, теңіз өнімдерін ең көп тұтынатындар тізімінде жоғары орында.
Қазақстан халқы етсүйер елдердің алғашқы ондығына енеді. Статистика комитетінің хабарлауынша, біздің халық жылына жан басына шаққанда орта есеппен 78 келі мал еті мен ет өнімдерін тұтынады. Бұл – Люксембург, АҚШ, Жаңа Зеландияда желінетін ет көлемінен екі еседей төмен көрсеткіш.
Қалта көтерсе, қол жетсе, қазақ ет жеуден бас тартсын ба? Заманында Абайдың өзі: «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей, тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. «Бір тойған – шала байлық» деген қазақ, ет көрінсе қайтеді күйсей бермей» демеп пе еді? Өзгерген қазақтың тәбеті емес, нарығы.
Жалақысы түссе, базарға жүгіретін халықтың қалтасына бір асым ет алудың өзі айтарлықтай салмақ түсіреді. Былтыр сиыр етінің келісі 1 520 теңгенің төңірегінде болса, биыл 175 теңгеге қымбаттаған. Жылқы еті былтырғы 1 800 теңгеден 2 000 теңгеге көтерілген. Қойдың еті де 1 450 теңгеден 1 680 теңгеге жеткен. Тіпті, тауықтың сирағы да 1 жылда 18,6 пайызға қымбаттап, 900 теңгеге жетіп жығыл-
ды.
Ет бағасының өсуі, әсіресе еліміздің ірі қалаларының тұрғындарына қиындық тудырды. Алматыда сиыр етінің құны 25,8%-ға, Шымкентте – 24%-ға, Түркістанда – 23,4%-ға, Нұр-Сұлтанда 13,4%-ға қымбаттады. Елорда базарларына жылқы етін өткізетін Ақмола облысының тумасы Тимур Айшуақовтың айтуынша, ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жемшөп құнының қымбаттауы әсер еткен. «Қызылту ауылынан мал бордақылап, Нұр-Сұлтанға әкеліп өткіземін. Тапсырысқа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 теңгеден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өлшейміз де, тұтастай сатамыз. Мәселен, тайлар 320 000-360 000 теңге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жібердіңдер деп ренжитіндер көп. Қазір мал байлау оңай емес. Жем қымбаттады. Тоннасына 60-80 мың теңгеге дейін сұрайды. Малды алып келетін көлігіміз сумен жүрмейді, жанармай бағасы да арзандап жатқан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қалтадан шығын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қайтеміз?», – дейді Тимур Айшуақов.
– Шаруалар өз бағасын түсірмеген соң шығынға батпас үшін біз де ет бағасын қымбаттатуға мәжбүр болдық, – дейді елордалық саудагерлер. Олар жылқы етінің келісін
1 800-1 900 теңгеден қабылдап алады да, 2 300-2 500 теңгеден сатады.
10 жылдан бері ет саудасымен айналысып жүрген Мейрам Ақшаловтың сөзінше, баға қаншалықты өссе де сауда азаймаған.
«Қазақ ет жемесе қазақ бола ма?! Қарызданып-қауғаланса да, басқа қажеттіліктерін ысырып қойса да, етсіз отырмайды. Сондықтан сауда саябырсыған емес. Мамыр айында шаруаларда соятын мал қат болып, нарықта ет азайып кеткен еді. Сұраныс жоғары болғасын баға көтерілді. Содан бері арзандамай келеді. Елорда базарларында сатылатын еттің басым бөлігі – «шымкентский». Ол жақта Қарабұлақ деген жер бар. Олар малды көп байлайды. Қазақстанның жартысы Қарабұлақтың етін жейді. Жалпы, елде ет бұрынғыдай көп емес. Сапалы еттің бәрі экспортқа кетіп жатыр деп естиміз», – дейді сатушы.
Экспорт үшін «жан пида»
Еліміз ет экспортын арттыруды жолға қойғаны рас. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 16 мың тонна сиыр етін, 60 тоннадан астам жылқы етін, 3 800 тоннадан астам қой етін экспорттаған. Ал биылғы жылдың алғашқы 3 айының өзінде шетелге 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті, 604 тонна қой еті жөнелтілген. Қазақстандық етке негізінен Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Украина мен Қырғызстан нарығынан сұраныс көп. Алайда ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етпей тұрып, мал етін шекара асырудан ең әуелі қарапайым халық зардап шегіп отырғаны алаңдатады. Осы мәселені жуырда Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі әріптестерін түйткілді бірлесе шешуге шақырған еді. «Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа нақты шектеу қоюы керек. Егер бізге ұсыныс жасаса, біз тиісті шараларды қолға аламыз. Халықтың қажеттілігін нақты есептеп, ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жағдай жасау керек», – деген еді министрдің орынбасары. Экспорттың ұлғаюы ішкі нарықтағы өнім бағасын көтеріп жібергенін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мойындайды. Қарашада Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысында Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов министрден: «Қазақстан экспортты ұлғайтуда. Бұл жақсы әрі дұрыс. Дегенмен көптеген сарапшының, оның ішінде Ұлттық банк мамандарының пікірінше, азық-түлікті сыртқа шығару ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне түрткі болады екен. Мәселен, ет, ұн, жарма… Сіздің ойыңызша, экспорт ішкі нарық бағасына әсер ете ме?» деп сұраған еді. Сапархан Омаров азық-түлік экспорты мен ішкі нарықтағы бағаның арасында байланыс бар екенін жасырған жоқ. «Әрине, ішкі нарыққа экспорттың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экспортын жақсы жолға қойдық. Бұл ретте жасыратын ештеңе жоқ, Өзбекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен, ет пен ұнға, онда сыртқы нарықты жоғалтып аламыз», – деді министр. Оның алға тартқан дерегіне қарағанда, Қазақстан астық экспортына шектеу қойған кезде сыртқы нарықтың басым бөлігінен айырылып қалған. Демек, министрлік экспорттың екпінін жоғалтпау үшін ішкі нарықтың тұрақтылығын жығып беруді қалыпты құбылыс санайды. Тіпті, мал шаруашылығын ата кәсібі санайтын қазаққа өз өнімін емес, жатжұрттың етін жегізіп, сүтін ішкізуді де әбестік көрмейтін тәрізді. Соңғы 10 жыл бедерінде құрым, жүн өнімдері, ет пен ет өнімдері сынды төрт түлік малдан алынатын өнімдерді шетелден импорттау күшейіп барады. Басқасын айтпағанда, соңғы 3 жылда шетелден әкелінетін жылқы етінің көлемі айтарлықтай көбейген. 2018 жылы елімізге Украина, Парагвай және Беларусь елдерінен – 12 мың тонна сиыр еті, Аргентина мен Уругвайдан – 17 мың тонна жылқы еті, Ресей мен АҚШ-тан 132 мың тонна тауық еті жеткізіліпті. Ресей мен Моңғолиядан 8 мың тоннаға жуық қой етін сатып алдық. Отандық дүкендердің сөресінде самсап тұрған шұжық пен ет өнімдерінің 30 мың тоннасы Ресей мен Беларусьтен әкелінген. Сүт өнімдерінің қорабына үңілсең де, жатжұрттық затбелгілерден көз сүрінеді. Сонда өзгеден ет пен сүт сұрау сайын далада кәсібін дөңгелетіп, төрт түліктен нәсібін тапқан аграрлық елдің абыройына сын болмағаны ма? Кезінде Қазақстанның Кеңес құрамындағы одақтас республикаларға астықпен қоса ет экспорттағаны белгілі. Қойдың саны 36 миллионнан асқан кезең мен қазіргі көрсеткіштің арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстандағы қой-ешкінің жалпы саны 20 миллионға жетпейді. Статистика мамандарының дерегіне сүйенсек, елде 8 миллион 200 мың сиыр бар. Қазақ киелі жануар деп жоғары бағалайтын жылқы жануарының саны 3 миллионға да жетпейді. Мал басын көбейтуге күш салмай тұрып Еуразия құрлығының азық-түлік себетіне айналуды жоспарлағанымыз айға қол созумен бірдей емес пе? Тәуелсіздік алған 28 жылда 18 министр ауыстырған аграрлық сала өз қажетімізді өтеуге қауқарсыз болып тұрғанда, өзгенің керегін күйттеуге кірісу асығыс. Жарғанғазы Жаңабеков, кәсіпкер: – Алматы облысының Сарқан қаласында ет саудасын кәсіп қылғаныма 15 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде тұрақты тұтынушымызды жинап үлгердік. Олардың көңілін қалдырмау үшін үнемі сапалы ет ұсынуға тырысамыз. Алайда соңғы уақытта жемшөптің қымбаттауына байланысты байланған мал бағасы да қымбаттап кетті. Бұрын сиыр етінің келісін 1 300-1 400 теңгеден алсақ, қазір 1 600-1 700 теңгеге көтерілді. Жақсы байланған, семіз малын ешкім арзан бағаға өткізгісі келмейді. Қаншама уақыт бойы төккен тері, мал күтіміне жұмсаған күші мен қаржысы өтелсе дейді. Қымбатқа алған соң біз де етті арзан бағаға сата алмасымыз анық. Сиыр етін 1 800-1 900 теңгеден, жылқы етін семіздігіне қарай 2 100-2 200 теңгеден сатып жатырмыз. Бағаны негізсіз көтеріп жібердің деп ренжіп жатқандар көп. Көтермеске шара бар ма? Таңнан қара кешке дейін суық жерде тұрамыз. Сауда бірде бар, бірде жоқ. Кейде сататын мал таппай, қол қусырып отырып қалатынымыз бар. Бала-шағаның несібесі үшін жүргендіктен еңбегіміз ақталса дейміз. Ғайни Әбдікәрімқызы, Алматы тұрғыны: – Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 4-5 мың теңгеге шығып кетеді. Оны үнемдеп жегеннің өзінде екі-ақ күнде тауысасың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қызыл жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей көрінеді. Етсіз ас істесек, үйдегі ер адамдар сүйсініп ішпейді. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 900 теңгеге жетіп жығылды. Бір-екі сирағын алсаң, 2 000 теңгеге барады. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз. Үйге келіп, әлгі тауықтың қаптамасына қарасаң, сырттан әкелінген өнім екенін көресің. Қу долларға телінген заман-ай...