Қазақ Тәуелсіздігіне - 25 жыл

Қазақ Тәуелсіздігіне - 25 жыл

Қазақ Тәуелсіздігіне - 25 жыл
ашық дереккөзі
775
2016 жылдың үлкен мерейтойы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Айтулы мерекеге республикамыздың түкпір-түкпірінде қызу дайындық жұмыстары жүргізілетіні бесенеден белгілі. Ал ақтөбеліктер егемендігіміздің ширек ғасырлық мерейтойына алғашқы әзірлікті бастап та кетті. Ақтөбедегі мерекелік датаға арналған шаралардың алғашқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» республикалық жалпыұлттық жобасы. «Қоныс» спорт сарайында бастау алған бұл шараға 4 мыңға жуық адам қатысты. Олардың арасында ардагерлер, жастар және мемлекеттік емес ұйымдар мен этноұлттық бірлестіктердің өкілдері болды. Иә, ата-бабаларымыз сан ғасыр армандаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы еліміздегі іргелі істермен айшықталып, сәт сайын жақындап келеді. Тәуелсіздік жо­лындағы халқымыздың тарт­қан тауқыметі мен көрген қиын­дықтарын ақтөбелік өнер­паздар театр­лан­дырылған көрі­ніс­тер арқылы көрсетті. Бір сағат­қа созылған қойылым бары­сында қазақ хал­қының сан ғасырлық тарихы көрер­мен қонақтар назарына ұсы­нылды. Театрландырылған қойы­лымның «Ауыл» деп аталатын бірінші бөлімінде қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заман­ның көріністері, одан кейінгі жау­гершілік кезеңдер, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру жылдары, қазақ жеріне жан-жақтан депортацияланған ұлттар­дың тағдыры көрсетілді. Ал «Мәңгілік Ел» бөлімінде Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырлық тарихы, осы уақытта жеткен жетіс­тіктері, әлем аренасында танылуы сынды тақырыптар қамтылды. Ауқымды шараға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңір тұрғындарын мерейлі жылдың басталуымен құттықтады. «25 жыл мемлекет үшін көп уақыт емес, осы аз ғана уақытта Қазақстан өз аяғына нық тұрып, әлемге аты танылған мемлекет болды. 25 жылда талай өзгеріс болды. Қазақстан 70-тен астам халықаралық ұйымның белді мүшесі атанды. АҚШ-тың 41-ші президенті, үлкен Буш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің арқасында, оған деген халықтың сенімінің арқасында Қазақстан осындай үлкен жетістікке жетті, әлемге танылды деген болатын. Еліміздегі бірлік пен ынтымақтың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырмыз. Сондықтан осындай маңызды жылда өтетін шараларға, біз, ақтөбеліктер, өз үлесімізді қосуымыз керек», – деді Бердібек Машбекұлы. Сонымен қатар, облыс басшысы Қазақстан Республикасының бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Бердібек Машбекұлының айтуынша, осы уақытқа дейін елімізде жалпы ішкі өнім де, экономикаға тартылған инвестиция да 40 есе артты. 1993 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 1000 есеге дейін жоғарылады. Халықтың өмір сүру жасы 72-ге дейін көтеріліп, бала туу көрсеткіші 68 пайызға өсті. Соңғы 5 жылдың ішінде ғана елімізде индустриалды даму бағдарламасы аясында 950 жаңа кәсіпорын құрылып, 250 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Алдағы жылдары елімізде ЕХРО көрмесі, Универсиада секілді маңызды шара­лар да өтеді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылды­ғын­да қол жеткізген жетістіктерді кеңінен насихаттап, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін облыстың аудандарына үгіт пойыздары мен ақпараттық топтар жөнелтілді. Үгіт пойызына ақ жол тілеп шығарып салған Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев бұл шараға бастамашы болған «Нұр Отан» партиясының өкілдеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының ақ туын тапсырды. Айта кетейік, үгіт пойызы қаңтар және ақпан айларында Ақтөбе облысының барлық аудандарын аралап шығады. Үгіт пойызында «Нұр Отан» партиясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері, медицина қызметкерлері, заңгерлер бар. Облыс аудандарына үгіт пойыз­дарын жөнелтудегі негізгі мақсат – өңір жұртшылығына 25 жылда жеткен жетістіктерді, атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау, тұрғындарға қажетті медициналық, заңгерлік көмектерін беру, ауылда шағын және орта бизнесті құру бойынша кеңестер ұсыну. Сонымен қатар, Ақтөбе қа­ла­сы­ның бес жеріне уақыт есебін көрсететін LED экрандар орнартылды. Аталмыш экрандар ақтөбеліктерге Қазақстан Респуб­лика­сы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне қанша уақыт қалғанын бақылауға мүмкіндік береді. Күндіз де, түнде де көше­лердегі жарық диодты алып экрандар еліміздегі маңызды тарихи оқиғаға қанша уақыт қалғанын көрсетіп тұрады. Қала көшелеріне орналасқан үлкен экрандар ақтөбеліктер мен қала қонақтарының назарын бірден аудартады. Сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесіне дейін неше күн қалғанын көрсететін есептегіш экран қала тұрғындарының көңілінен шығуда. «Үлкен экранның жанынан күн сайын өтемін. Ондағы Тәуелсіздік күніне дейінгі уақыт мөлшерін көр­сететін күнтізбе назарымды ерекше аударады. Мен бұдан еліміздің тарихына деген құрметті көремін. Осы шараның арқасында, тіпті, кішкентай бүлдіршіндеріміз де тарихи күн туралы хабардар болуда», – дейді Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің студенті Жәдігер Бөпеліков. Қала тұрғындарының айтуын­ша, бұл – өте маңызды бас­та­ма. Ал Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына дайын­дық жұмыстары жастардың елі­міздің дамуына қосқан үлесі деп айтуға әбден болады. Ақтөбеліктер осындай қадам­да­ры арқылы Қазақстан Тәуелсіз­дігінің 25 жылдығын асыға күтетін­діктерін және оған тиянақты дайындалатындықтарын көрсетіп отыр. Бұл өңірдегі айтулы мерекенің дайындықтары мұнымен шектелмейтіндігі айқын. Жоспар бойынша, егемендіктің ширек ғасырлық мерейтойын тойлайтын жылда Ақтөбе облысында барлығы 5 мыңнан астам түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары