ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ
ашық дереккөзі
862
Тәуелсіздік! Мехнатты жол, азапты арпалыспен келген қасиетті күн. Екі жүз жылға созылған пат­шалы­қ бодандығынан, жетпіс жылдық Совет үкіметінің езгісінен құтылған ұлы күн! Сәт санап, мың құбылған мына жаһандану заманында кез келген мемлекет бір-біріне шикізат болсын, сауда-саттық, тауар айналымы болсын немесе туризм болсын, қай жағынан ал­саңыз да,  бәрібір тәуелді болды да қалды. Ал мемлекет тәуел­сіз­дігі, адам еркіндігі деген не? Тәуел­сіздіктің маңызы неде? Осы сауалдарға жауап іздеп көр­ген едік.

Өткен күндер...

1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуел­сіздік орнады. Төрткүл дүние, алты құрлық пен төрт мұхит бәрі Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекеттің құрылғанын біліп, таныды. Мемлекет ретінде мойындады. Сол күннен бері Қазақстан әлемдік мемлекеттердің түрлі саяси қауымдастықтарына, беделі зор ұйымдарына мүше мемлекет. Тарих күнпарағының тігіндісін кері ақтарып, өткен күндерді еске алайық. «Дүниенің төріне тырмыс­қан­дар төрден орын алады, тырмыс­па­ған­дар есікте қалады. Есікте қалмай, төрге тырмысалық» – деп  барша қазақ жұртына үндеу тастаған Алаш қайрат­керлері алмағайып заманда саналы ғұмырларын ұлт жолына бағыштады. Ұлт жолы дегеніміз – Ресей империя­сы­ның құлдық бодауынан қазақ ұлтын азат қылып, өз алдына дербес мем­лекет ретінде құру болатын. Төрт­күл дүниені уысында ұстаған көкжал Шыңғыс ханның жаужүрек ұрпақтары құрған Қазақ хандығы ішкі-сыртқы қақтығыстардың салдарынан әлсіреп, Ордасын құлатып алды. Ақ Ордасы құлаған соң, қазақтың қолынан тізгіні кетіп, еріксіз мойнына құлдық қа­мытын киген-ді. Бұдан кейін қаншама уақыт өтті. Ал ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ға­сырдың бас кезінде Мәс­кеу, Петербор, Томбы, Омбы, Орын­бор, Вена, Каир, Варшава, Киев сияқты шаһар­лар­дың ең озық университеттері мен институттарында білім алып, құ­қық­тық-саяси көзқарастары мен дү­ние­танымдарын арттырған қазақтың аса талантты жастары – 1905 жыл­дың 9 қаңтарында «қанды жек­сенбі» атанған Ресей бейбіт шаруа қоз­ғалысының Петербордағы пат­шаның қыс­қы сарайына басып кірген тол­қуынан соң, ұлт-азаттық жолына түс­кен еді. Қазақ жастарының бұл сая­си қадамы – ренессанстық сипат­қа ие бол­ды. ХХ ғасырдың басы қазақ ұлты үшін шын мәнінде ояну ғасыры болатын. 1905 жылы оқыған қазақ жастары Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып, «Қарқаралы құзырхатын» жазып, патша үкіметіне жолдап, қазақтың мүддесін қорғайды. «Қарқаралы құ­зыр­хаты» – Алаш ұлт-азаттық қозға­лысының асыл идеясы іспетті аса құн­ды саяси маңызы зор тарихи құ­жат. Алаш ұлт-азаттық қозғалысының ең бақытты кезеңі – 1917 жылдың 13 желтоқсаны мен 1920 жылдың 5 наурызы аралығы. Бұл қасиетті Алаш ұлттық-территориялық автономия­сы­ның құрылып, салтанат құрған шағы болатын. Алаш автономиялық мем­лекетінің ұлт кеңесі – Алашорда үкі­меті жасақталып, үкімет құрамына сай­дың тасындай іріктелген, шеттерінен «сен тұр, мен айтайын!» деген қа­былан азаматтар кірді. Үкімет құра­мындағы 15 адамның тек біреуі ғана арнайы оқу орнын (Қазіргі тілмен айтқанда колледж) бітірсе, қалған 14-і  университет бітірген мық­тылар. Дәл осы уақытта бүгінгі қазақ­тың алғашқы партиясы – Алаш партиясы құрылып, билік етті. Екі жы­лдан астам Алаш үкіметі билік етіп, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның территориялық тұтастығы мен ше­каралық межесін белгілеп қалды. Бірақ ғасыр басындағы қазақтың жан саны мен ұлттық әскердің азды­ғы автономиялық мемлекеттің одан ары билік етуіне тікелей кері әсер етті. Алаш автономиясы – бүгінгі Тәуел­сіз Қазақстанның мемлекет ретінде құрылуының іргетасы, ізашары екені анық. Ал Алаш қайраткерлері мен Алаш қозғалысының ниеттес­тері­нің қай-қайсысы болсын, қазақ ғы­­лымының қалыптасуы мен дамуына айрықша зор еңбек сіңірді. Оны – бүгінгі шынайы көзқараспен жазыл­ған тарихымыз айғақтап отыр. Алаш тағылымымен ынтыға таныс­қаны­мызда, көкейіңізге сөзсіз ұлы Абай хәкімнің «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген ұлағаты еске түседі. 1917-1991 жылдар аралығында Қа­зақ­станда советтік қуғын-сүргін­нің бірнеше толқыны жүріп өтті. Ұлттық интеллигенцияның орны ойсырап, халық үрейден көз ашпаған. 1921, 1931-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықта 3 миллионға жуық қазақ қырылды. 1937-1938 жылдардағы сталиндік қызыл террорда 25 мың қазақтың оқығаны атыл­ды. 103 мыңнан астам қазақ қу­ғын-сүргінге ұшырап, саяси жер аударылды.

Ақ күн туған сәт

Тәңірі өзі шартарапқа тарыдай ша­шылған қазақ баласына жар болып, 1991 жылдың 16 желтоқсанында тағы да билікке қолын жеткізді. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев әлемдік саяси аренада қазақ мемлекетінің абыройын асқақтатып, елімізді жарқын болашаққа бастап келеді. Қазақ үшін желтоқсан айы – тым қасиетті, тым қастерлі емес пе?! Ендеше, қадірлі оқырман, 12 жел­тоқсан – Алаштың атойлы ұраны жаңғырған күн. Бұл күн – тарихи күн! Осы тарихи күннен тәлім алып, қазақтың ары мен ұятына айналған Алаш арыстарының өнегелі өмір жолынан қашанда хабардар болып, төл тарихымызды тани түсейік! Тәуелсіздік ұлт пен ұлысты теңестіріп, «советтер түрмесінен» шыққан жас мемлекеттің беделін арттырды. Ел экономикасы нығайып, халықтың әлеуметтік өмірі жақсарды.  Сыртқы саясатты оңтайлы жүргізген еліміз алғашқы бес жылдың өзінде-ақ БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ, ИКҰ секілді халықаралық беделді ұйымдардың  мүшелігіне қабылданды. 2010 жылы Еуропа Қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына төрағалық етіп, кәрі құрлықтың саяси мәселелерінің шешілуіне атсалысты. Елордамызда өткен ЕҚЫҰ-ның саммитіне 56 мем­лекеттің басшысы келіп, Астана докт­ринасын қабылдады.  Бұл – Тәуел­сіз­дік жылнамасындағы аса зор оқи­ға әрі қазақ дипломатиясының сырт­қы саясаттағы табысты жұмысының көрсеткіші. 2018 жылдың 19 қаңтарын әлі күнге дейін ешкім есінен шығарған жоқ шығар. Сол күні алыстағы Аме­ри­када, нақтылап айтсақ, Нью-Йорк­тағы БҰҰ штаб-пәтерінде тұңғыш рет қазақ тілінде баяндама жасалып,  ана тіліміз әлем елдері жиылған кеңесте тұғырға шыққан. Елбасы Н.Назарбаев­тың төрағалығымен өткен БҰҰ-ның  Қауіпсіздік кеңесінің жұмысы, ке­мең­гер басшымыздың «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы сая­си ойлары да жас еліміз үшін абырой. Еліміздің ел болып, жиырма сегіз жылда атқарған ісі өте көп. Санап тауысып түгесе алмаймыз.  Еркіндік кезеңі – сізге де, бізге де, оған да аян, та­ныс жол, көрген-білген сәт. Тарих қойнауына жазылғалы тұр­ған 2019 жылы 19 наурыз күні Қа­зақстанда билік Конституцияға сәйкес түрде ауысты.  Елбасының сарабдал саясатының арқасында бейбіт түрде билік транзиті жасалды. Халық сайлауынан оза шығып, Қазақстан­ның екінші Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Қазақстанды жаңа белес, жаңа қыр күтіп-ақ тұр! Әне-міне дегенше-ақ сәт туған азаттыққа да мерейлі отыз жыл толғалы тұр...  

Елдос Нүсіпұлы

Серіктес жаңалықтары