2651
Есімнің ұлы Жәнібек хан
Есімнің ұлы Жәнібек хан
XV-XVIII ғасырдағы Қазақ хандығының тарихында ең аз зерттелген ғасырға – XVII ғасыр жатып, осы ғасырдағы тарихымыздың әр мәселесін толық шешілген деуге аузымыз бармайды. Тіпті, жекелеген хандарымыздың билік құрған жылдары мен олардың қатысуымен өткен маңызды оқиғалар туралы толық біле алмай жатырмыз. Мысалы, XVII ғасырдың екінші жартысында, яғни 1652-1680 жылдары билікте болған хандарымыз жөнінде әлі толық біліміміз жеткіліксіз. Тек үздіксіз ғылыми ізденістердің арқасында ғана XVII ғасырдағы тарихымыздың жекелеген тұстарының беймәлім құпиялары ашыла түсуде, жекелеген тарихи тұлғаларымыз анықталып, олардың тарихи рөлдері енді ғана отандық тарихнамамызда анықталып жатыр. Сондай тұлғаларымыздың қатарына Есімханұлы Жәнібек хан жатады.
Алғаш рет Есім ханның ұлдарының бірі – Жәнібек ханның өміріне байланысты көпшіліктің назарын Т.Сұлтанов аударды. Одан кейінгі жылдары тарихшы И.Ерофеева 1998 жылы Алматы қаласында И.Г.Андреевтің «Описание Средней Орды киргиз-кайсаков» атты еңбегін басып шығарып, еңбекке түсініктемелер жазу барысында Жәнібек ханға тоқталады. И.Андреевтің Жәнібек хан мен Жәңгір ханды Есім ханның ұлдары деп көрсетуіне ол төмендегідей түсініктеме береді: «Жәнібек хан. Бұл жерде Есім ханның үлкен ұлы, шамамен 1628 жылдан – XVIII ғасырдың 40-шы жж. ортасы аралығында қазақ даласында билік құрған Жәнібек хан жөнінде айтылып отыр...» 2012 жылы тарихшы Т.Жұмағанбетовтің «XVII ғасырдағы қазақ мемлекеті тарихындағы II Жәнібек хан» атты мақаласы шығып, автор алғаш рет отандық тарихнамада Жәнібек ханның тарихи рөлін көрсетуге тырысады. Осылайша, бұрын тарихымызда белгісіз боп келген Жәнібек ханның болмысы бірте-бірте айқындала бастайды. Дегенмен де әлі күнге дейін Есім-ханұлы Жәнібек хан туралы қалың жұртшылық таныс емес, ол туралы оқулықтарға материалдар енген жоқ.
2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасымен шыққан «История Казахстана в русских источниках» атты жинақтың І томында Жәнібек ханға қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған бірнеше тың материалдар кездеседі. Бұл жинақтағы құжаттарда 1635-1639 жылдары болған алғашқы қазақ-жоңғар ұрыстары, қазақта Жәнібек ханның билеуші екендігі және сол ұрыстарда Жәнібек ханның інісі, Есім ханның ұлы – Жәңгір сұлтанның тұтқынға түскені жөнінде баяндалады. Бұл материалдар Жәнібек ханның Қазақ хандығындағы билік құрған жылдарын анықтауға, оның қазақ тарихындағы тұлғалық болмысын аз да болса түсінуге жол ашып, зерттеушілерге мол мүмкіндіктер береді деп ойлаймыз.
Алғаш рет Жәнібек хан есімі ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде XVII ғасырдың алғашқы жылдарындағы Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы аштарханилық әулет арасындағы оқиғаға байланысты кездеседі. Егер де XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың соңына дейін Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы темірлік әулет, оның орнына келген шайбанилық әулет арасындағы күрестердің негізгі себебі – Сыр бойына немесе Түркістан аймағына иелік ету үшін болса, XVII ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы жаңа әулет – аштарханилық әулетпен арадағы күрестің басты себебіне Ташкент қаласы мен оның аймағын иелену жатады.
XVII ғасырдың бірінші онжылдығында, 1603 жылы аштарханилық билеушілер Бахымұхаммед хан, одан кейін 1607 жылы Уәлимұхаммед хан бірнеше рет Ташкент қаласын алу үшін жорыққа аттанады да, жеңіліс тауып кейін оралады. Ал 1611 жылы Есім хан және бірнеше қазақ сұлтандары – Абылай сұлтан, Кішік сұлтан, Жәнібек сұлтан аштарханилық сұлтандар арасындағы алауыздыққа араласып, Иран шахы Аббас қолдап отырған Уәлимұхаммед ханды биліктен кетіруге араласады да, Бұхар билеушісі Имамқұли ханға қолдау көрсетеді. Соның арқасында қазақ сұлтандары Түркістан, Ташкент қалаларын иемденеді. Есім ханның ұлы – Жәнібек сұлтан аштарханилар билігі тұсында Мауереннахрдағы алты облыстың біреуінің орталығы Сагарджаны басқаруға алады. Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің мәліметтерінде Есім хан үшін «Жәнібек сұлтан «қымбат сәби» (дорогое дитя) болған» деп, одан ары оның себебін: «шамасы оның үлкен ұлы болғандығынан болуы керек», – деп түсіндіреді Т.Сұлтанов. Біз өз тарапымыздан болашақ ханды әкесі Есім хан ел басқаруға жас сұлтан кезінен баули бастаған деп есептейміз. Осылайша, Жәнібек сұлтан тарих беттеріне ілінеді. Әкесі үшін «қымбат сәби» атанған Жәнібек ханның ел басқарып, мемлекет тізгінін жоңғарлармен күрес жылдары иеленсе де, бүгінгі күндерге дейін тарихымызда ұмытылып, айтылмай келуі өте қызықты нәрсе болып саналады.
Жәнібек сұлтанның тарихтағы келесі іздері орыс деректерінде кездеседі. Оның нақты қай жылы қазақ тағын иеленгені белгісіз, бірақ біз Жәнібек сұлтанды әкесі Есім хан қайтыс болғаннан кейін 1628-1629 жылы хандық билікке келген деп санаймыз. Т.Сұлтановтың пікірінше, Жәнібек сұлтан билікке тек билікқұмар және жігерлі көкесі Абылай сұлтан қайтыс болғаннан кейін ғана, яғни XVII ғасырдың 30-жылдарының ең басында келуі мүмкін.
Жәнібек ханның билікке келуі мен оның алғашқы жүргізген сыртқы саясаты Қазақ хандығының шығысындағы Жоңғар мемлекетінің құрылуымен сәйкес келді. Жалпы, қазақ-қалмақ қатынастарының тарихы XV ғасырдан бастау алады. XIV ғасырдың екінші жартысында батысмоңғолдық – шорас, торғауыт, хошоуыт және дүрбіт тайпалары бірігіп, «ойрат одағын» құрады да, өз тайшыларының билігінде болады. Бұған дейін айтып өткеніміздей, XVII ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақ-қалмақ қатынастарында екі жақтың да күштері бір-біріне алма-кезек тонаушылық, кекалушылық сипатта жорықтар жасап тұрған. Сондай жорықтың бірі – Есім ханның 1627 жылғы қалмақтарға жасаған жорығы.
Жоңғар хандығының құрылу қарсаңындағы ойрат одағындағы саяси жағдай өте күрделі жағдайда дамиды. Дүрбіттер көсемі Далай тайшы, шоростар көсемі Харақұла тайшы, торғауыттар көсемі Хо-үрлік, хошоуыттар көсемі Хұндүлен тайшы және тағы басқа тайпалар көсемдері жеке-дара билікке ұмтылып жатқан болатын. Талас-тартыстың нәтижесінде, шамамен 1628 жылы «ойрат одағы» ыдырайды. Торғауыттар – Хо-үрлік тайшымен Солтүстік Қазақстан жері арқылы батыстағы ноғай иеліктеріне қарай көшеді де, төменгі Еділ бойында Қалмақ хандығын құрады. Хошоуттардың бір бөлігі – Тибетке қарай қоныс аударады да, қалған бөлігі ойраттар жерінде қалады. «Ойрат одағының» орнында шорос тайпасының рөлі артып, билік осы тайпаның көсемі Харақұла тайшыға көшеді. Іс жүзінде Харақұла жаңа мемлекеттің негізін құрушы болып саналды. 1634 жылы ол қайтыс болғаннан кейін Харақұланың ұлы, әрі мұрагері Хото-Хоцин Батыр ойрат чулганында (ойрат тайшыларының кеңесі, құрылтай секілді жиын) хошоуыттар көсемі Байбағас тайшымен бірдей дәрежеге ие болады, ал Далай-лама оған хонтайшы титулын береді. Сөйтіп, іс жүзінде Батыр хонтайшы ойрат одағының жеке билеушісіне айналады. Ал тарихи әдебиетте 1635 жыл – Батыр-хантайшының басшылығымен Жоңғар мемлекетінің құрылған жылы болып есептеледі.
Бұл кезде Қазақ хандығында Есім ханның ұлы – Жәнібек хан билік жүргізіп отырған еді. Екі жақта да билеушілер өзгергенімен, қатынастардың негізгі себебі бұрынғыша қала берді. Бұған дейінгі қазақ-қалмақ, қазақ-ойрат қатынастарының орнына жаңа саяси жағдайға байланысты қазақ-жоңғар қатынастары келеді. Ал екі жақ үшін де қарым-қатынастың негізгі себебіне қазақ елінің шығыс аумағындағы шүйгінді, суы мол жайылымдық жерлер жатты.
Орыс дерегіндегі мәліметтерге қарасақ, Жәнібек хан тұсындағы қазақ-жоңғар қатынастары 1630-жылдардың ортасында басталып кетеді. 1635 жылғы 19 шілдедегі, 1635 жылғы 6 шілде мен 2 желтоқсан арасында жазылған құжаттарда жоңғарлардың қазақтарға жорығының болғандығы, қазақтардың жеңіліс тапқандығы және қазақтың Жәңгір сұлтаны тұтқынға алынғандығы туралы баяндалады. Бірақ бұл құжаттарда қазақ ханының кім екендігі айтылмайды. Ал 1639 жылдың 17 тамызында жазылған құжатта қазақ ханы Жәнібек ханның есімі бірнеше рет айтылады. Құжат мәтініндегі Жәнібек ханға тікелей қатысты жерді толықтай беруге тырысалық.
«(л. 731) И как, государь, смотрели мы, холопи твои, тобольских служилых людей и юртовских служилых татар, которым идти на твою государеву службу с Яковым Тухачевским, и в те поры сказывал нам, холопем твоим, в съезжей избе Тобольсково города атаман казачей Гаврило Ильин: В прошлом де, государь, во 144 году прежние стольник и воеводы князь Михайло Темкин Ростовской с товарыщи посылали ево, Гаврила, в Колмацкую Орду к Талаю тайше в посланникех говорити о тюменском полону. И при нем де, государь, Талай тайша со многими колмацкими тайши ходили в поход казачьи Орды против Яныбека царя, а ево де, Гаврила, Талай тайша имал с собою ж. И в том де, государь, походе // (л. 732) с ним были твои государевы изменники тюменские татаровя Янбайко Янтурин с товарыщи. И идучи де, государь, те татаровя улусами у Енденя да у Торгучи тайшей в улусех и во всю дорогу били челом тайшим, чтоб им, пришед ис походу от Яныбека царя, итти под твои государевы городы и на слободы. И как Талай и Елдень и Торгучи и иные многие колмацкие тайши и абаши с колмацкими своими улусными людьми ис походу пришли и стали улусами своими у озер у Ильдень камени, и на то де урочищо при нем, Гавриле, присылали к Талай тайше колмацкие Ельдень да Торгучи и иные многие тайши и абаши, чтоб им итти под твои государевы городы под Тюмень и под слободы.
И в колмацкой, государь, записной книге прошлого 144 году написано: Посылан он, Гаврило, да с нис тобольсой юртовской служилой татарин Келмамет княж Бегишев к Талай тайше говорити, чтоб он, Талай тайша тюменской и тарской полон, что улусные ихлюди поимали под Тюменью и под Тарою, сыскав, вес отпустил без задержанья... И ходил де Талай тайша в поход Казачьи Орды против Яныбека царя и, пришед де ис походу, в тюменском полону ему отказал...
...А что, государь, Гаврило Ильин сказывал нам, холопем твоим, в распросе, как Талай тайша и иные тайши ходили в поход Казачьи Орды против Яныбека царя,»[4,338-340].
Көріп отырғанымыздай, құжат мәтініндегі жоңғарлық Далай тайшының қазақтарға жорығы 1638 жылы болып, ол кезде қазақ билеушісі болып Жәнібек хан отырған. 1640 жылдың 3 маусымы мен 1641 жылдың 3 ақпаны аралығында жазылған құжатта «Хантайшыда Қазақ ордасындағы Жәңгір сұлтанның төрт бұхарлық елшісінің» болғандығы баяндалады [4,342].
Орыс тіліндегі бұл құжаттың мәліметтеріне талдаулар жасай келе, жинақты құрастырушы А.Исин 1640 жылғы орыс елшісі М.Ремезовтың Батыр хонтайшыға барған сапарына мынадай түсініктеме береді: «1640 жылы 1 қарашада М.Ремезов Батыр хонтайшы алдында сөз сөйлеп, оған «патша сыйын» тапсырғанда оның жанында Ельден тайшы (торғауыт Үрлік тайшының ұлы), Қазақ ордасынан Жәнібек ханның елшісі және тағы үш елші отырады».
Одан кейінгі орыс тіліндегі құжат мәліметтерінде Жәнібек ханның есімі кездеспейді. Бірақ оның туған інісі Жәңгір сұлтанның есімі 1640 жылғы, 1646 жылғы оқиғаларды баяндайтын құжаттарда «сұлтан» лауазымымен ұшырасады.
Жәнібек ханның қай жылы, қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз, ол жөнінде дерек мәліметтерінде айтылмайды. Т.Сұлтанов бұл мәселеге қатысты екі пікір білдіреді. Бірінші пікір бойынша, Жәнібек хан XVII ғасырдың 40-жылдарының басында жоңғарлармен болған кезекті бір ұрыстарда қаза табуы мүмкін. Келесі бір пікірінде зерттеуші: «Жәңгір қазақтардың аға ханы болып, шамамен XVII ғасырдың 40-жылдарының ортасында ағасы Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін отырды», – деп жазады. Біздің ойымызша, Жәнібек хан XVII ғасырдың 40-жылдарының екінші жартысында, шамамен 1646 жылдан кейін қайтыс болған. Өйткені жоғарыда келтірген орыс деректерінің мәліметтері бойынша, 1646 жылы Жәңгірдің әлі де болса «сұлтан» лауазымымен жазылуы оның әлі тақты иеленбегенін көрсетеді. Олай болса, ресми хан бұл жылы әлі тірі дегенді білдіреді.
Интернет материалында Жәнібек ханды 1643 жылы қайтыс болған және сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген делінеді. Бұл материалдың бірінші бөлігіндегі Жәнібек ханның қайтыс болған жылын әлі де болса терең зерделей түсуді қажет етеді. Ал екінші бөліктегі материалдың ақиқатына шек келтіруге болмайды. XVII ғасырдан бастап Есімхан және одан кейінгі қазақ билеушілерінің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерлене бастағаны белгілі. Олай болса, Жәнібек ханның да кесенеде жерленуі заңдылық болып табылады.
Жәнібек ханның XVII ғасырдың 40-жылдарының басынан бастап қазақ-жоңғар қатынастарында көрінбей, туған інісі Жәңгір сұлтанның осы қатынастардағы белсенділігін мынадай жағдаймен түсіндіруге болады. Тек ресми ханның ұзаққа созылған науқасына байланысты ғана мемлекет басқару ісіндегі ең маңызды бағыт – сыртқы саясат, оның ішінде жоңғарлармен қатынастар мәселесі ханның ең сенімді, тәжірибелі, қайрат-жігері мол бауыры – Жәңгір сұлтанға тапсырылған деуге болады. Жоғарыдағы дерек мәліметтерінде Жәңгірдің «сұлтан» атағымен кездесуінің себептерін тек осылай түсіндіруге болады.
Жәнібек ханның ұрпақтары туралы ешбір деректе айтылмайды.
Осылайша, Жәнібек хан туралы жоғарыда айтылған ойымызды қорытындылай келе, мынадай тұжырымға келеміз.
Бірінші, отандық тарихымызда ұзақ уақыт бойы дерек мәліметтерінің тапшылығынан ұмыт қалған тарихи тұлға – Есім ханұлы Жәнібек ханның ел тарихында өзіндік орнын алар уақыты жетті және тарихи атқарған рөлін ашып көрсету басталды.
Екінші, Жәнібек хан – Қазақ хандығының тарихында «Жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі» деп аталатын кезеңде ел билеп, жоңғар мемлекеті құрылған күнінен, олардың қазақтарға қарсы жасаған жорықтарына тосқауылдар ұйымдастырады, қарсы жорықтар жасайды. Жәнібек хан бүкіл билік құрған жылдарын жоңғарларға қарсы күресте өткізген тарихи тұлға болып саналады.
Үшінші, әртүрлі деңгейдегі оқулықтарда жазылып келген «Есім ханнан кейін билікке Жәңгір хан келіп, ол 1628-1652 жылдары хан болды» деген тұжырымды өзгертіп, 1628-1646/1647 жылдары Есім ханұлы Жәнібек хан билікте болған деп өзгертуіміз қажет деп санаймыз.
Берекет Кәрібаев,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
тарих ғылымының докторы