348
Іркіліссіз ілкімді істер
Іркіліссіз ілкімді істер
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы облыстық филиалдарының өкілдерімен кездесті. Жиынға партияның Парламент Мәжілісіндегі фракция депутаттары, мәслихат фракцияларының хатшылары және жетекшілері қатысты.
Отырыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан мүшелердің еңбегін айрықша атап айтты. – Nur Otan біздің қоғамымыздың алуан түрлілігін көрсетеді. Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз. Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтастырудың және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңызды екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдардағы табыстары туралы айта келе, елдің барлық жетістіктері партиямен және партия мүшелерінің күнделікті жұмысымен тығыз байланысты екеніне тоқталды. «Соңғы жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 11 млрд-тан 170,5 млрд долларға дейін өсті. 90-жылдардың басында халықтың үштен бірінен көбі кедейлік шегінде өмір сүретін. Бүгін бұл көрсеткіш 4,6 пайызға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27 пайызды құрайды. Біз 300 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарттық. Осы жылдар ішінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір нығайта алдық», – деді Елбасы.
Партия Төрағасы Үкіметтің экономиканың жекелеген салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарына да тоқталды. «Үкімет өңірлерді, әсіресе ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылдады. Мәселен, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда халықты ауызсумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарда бар. Осы жұмыстар нақты орындалатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауылды жерлердің барлығы сапалы ауызсумен қамтылады» деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президенті партияның жергілікті жерлерде жұмыс тиімділігін одан әрі арттырудың бірқатар негізгі бағытын атады. «Әр әкімнің және мәслихаттағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейтуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық реформалар өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджет 3 есеге жуық өсіп, 4,7 трлн теңгені құрады. Бөлінген қаражаттың жұмсалуына партиялық бақылауды ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар депутаттардың жұмысын одан әрі жақсарту және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шараларды қабылдау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Одан бөлек Nur Otan партиясының Төрағасы әр облыс-та, қалада және ауданда сайлауалды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды. – Келесі жылы өңірлерді дамытудың бесжылдық бағдарламасын іске асыру аяқталады. Жаңа бағдарламаны қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуға тиіс. Nur Otan партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасына келетін болсақ, бұл жұмысты Саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде Премьер-Министр басқаруы қажет. Бұл бағдарламаны қазірден бастап дайындауға кіріскен жөн, –
деді Елбасы.
Жиын соңында Елбасы партияның электоралды кезең қарсаңындағы жұмысын күшейтудің маңыздылығын атап өтті. – Жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек. Ақпан айында партия съезі өтеді. Онда біз партия жұмысын жандандырудың алдын ала нәтижелерін шығарып, алдағы электоралдық міндеттерді егжей-тегжейлі талқылаймыз. Қазір Jas Otan мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025 жылға дейін жаңа «Жастар – Отанға» бағдарламасын әзірлеуде. Онда бүгінгі жастардың барлық сұраныстарына жауаптар көрсетіледі. Сәуір айында жаңа бағдарлама Jas Otan съезіне ұсынылуы қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.