298
Жемқорлықты жоюдың жаңа әдісі
Жемқорлықты жоюдың жаңа әдісі
Ақмола облысында сыбайлас жемқорлықпен күресудің жаңаша әдісі ұсынылды. Тың әдіс мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылмақ. Мобильді қосымша халықтан жедел мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне айрықша назар аударған болатын. «Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек» деген болатын Президент.
Осыған байланысты еліміздің бірқатар өңірлерінде жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары табысты жүргізілуде. Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан ашылған тұрғындарға қызмет көрсету орталығында таныстырылған мобильді қосым-ша – соның бір дәлелі. «Халық бақылаушысы» деп аталатын мобильді қосымша арқылы азаматтар жемқорлық деректері туралы, мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ департамент мамандарының әдеп нормаларын бұзу жағдайлары бойынша хабар бере алады. Осы қосымша арқылы саладағы жаңалықтарды оқып, іздеуде жүрген адамдардың тізімін де көруге мүмкіндік бар.
Айта кетейік, бұған дейін еліміздің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанынан ақпараттық-ағартушылық штабы құрылған болатын. Бұл да – агенттік қолға алған жемқорлықпен күрес тәсілінің бірі. Штабтың мақсаты – адамдардың моральдық-этикалық түсінігіне ықпал етіп, адал әрі ашық қоғам қалыптастыру. Ақпараттық-ағартушылық штабтың алғашқы кездесулері желтоқсан айына жоспарланып отыр. «Көптеген адамдар өзінің құқығын білмеуі кесірінен, сол заңды бұзуға дейін барып жатады. Параны алған адам да, берген адам да тең дәрежеде жауап беретіндігін білесіздер. Осыны біз халыққа жеткізуіміз керек. Сондықтан республикалық арнайы штаб құрылды. Төрағаның тапсырмасымен облыстарда да осындай штаб жасақталып жатыр», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Арман Бердалин.