15 Қараша, 09:16 313 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Батырлар мекені – Қобда

Қойнауы тарих пен шежіреге арқау болған елеулі оқиғаларға толы құтты мекеннің бірі – Қобда ауданы. Қобда – Ақтөбе облысына қарасты елді мекен. Бұл – қазақ тарихында елеулі орын алатын даңқты перзенттер тыным тапқан өлке. Биыл ауданның 90 жылдық мерейтойы. Осы атаулы шара қарсаңында өлкеде біршама жұмыстар атқарылды.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: бо­лашаққа бағдар» мақаласында айтылған жарқын істер соңғы жылдары ауданда көрініс тапқан. Киелі өлкенің тарихынан сыр шертетін, батырлар мекенінің айбарын айшықтайтын ескерткіштер мен саябақтар бой көтерді. Қобда кентіне кіреберісте алыстан көз тартатын еңселі Қобыланды батырдың, Қобда кентінен Орал қаласына шыға берісте Қобда жерінде мәңгілік байыз тапқан ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Исатай Таймановтың, сонымен қатар қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші мен ел қорғаны болған Алтай батыр Ебескіұлының  стелласы орнатылды. Сондай-ақ мәдени іс-шаралар өтетін  «Отан Ана» саябағы мен тарихи-танымдық «Мәңгілік ел» саябағы, Білім, Спорт, Денсаулық, Руханият әлемі, Ұлы даланың жеті қыры сквері ашылды.

Игі істердің жалғасы қалың қобдалық бас қосқан «Құт қонған Қобда» атты аудан күні аясында көрініс тапты. Шежірелі өлкеден шыққан, осы елде қызмет етіп, еңбегі сіңген 200-ден аса алыс-жақын шетелден келген қобдалық азаматтар туған өлкеге тағзым етті. Сонымен бірге «Түлек, туған жеріңді түлет!» атты І, ІІ түлектер форумы ұйымдастырылып, аудан мектептерінен түлеп ұшқан әр жылдағы түлектер туған өлкеге демеушілік, қайырымдылық шараларын көрсетті. Кәсіпкерлердің басын қосқан Kobdainvest форумы ауданымыздың кәсіпкерлік саласын жоғары деңгейде дамыту мүмкіндігінің әлеуеті зор екенін көрсетті. Биылғы жылы батырлар мекенінің 90 жылдық тарихы кең көлемде аталып өтілді.

Жергілікті атқарушы органдардың бірлесе жұмыс атқаруының нәтижесінде аудан экономикасының даму қарқыны оң нәтиже көрсетуде. Ауданға 4 млрд теңге инвестиция тартылып, 110 пайыз өсім байқалуда. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,9 млрд теңге, 150 пайыз өсімді көрсетсе, бөлшек сауда  кө­лемі 1,5 млрд теңге, өсім 110 пайызды құрап отыр.

Аудан экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы. Ауылшаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 15 млрд теңге, 106,5 пайыз. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетіліп жатқан  зор қол­даудың нәтижесінде  ауылшаруашылық саласы қар­қынды дамып келеді. Бүгінгі таңда 129 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады, оның 6-ы асыл­тұқымды шаруашылық. Соңғы жылдары ұйым­дас­тырылған шаруашылықтардағы ірі қара мал басы 11,2 мың  бастан 17,0 мың  басқа жетті немесе 51 пайызға өсті,  қой  саны 50,0 мың бастан  54,0 мың басқа дейін өсті (өсу 108,0 пайыз), жылқы саны 4,3 мың  бастан 6,3 мың басқа жетіп, өсу қарқыны  46,5 пайызды құрады.

Аудан халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде  ауданның  8 елді мекеніне көгілдір отын, 5 елді мекеніне таза ауызсу құбыры  тартылып, қолданысқа берілген. Сонымен қатар республикалық Самара-Шымкент, облыстық Шұбарқұдық-Ойыл-Тұзтөбе бағытындағы автомобиль жолының Ресей шегарасына дейінгі жолы, аудан орталығындағы 6 көше, Бұлақ ауылына дейінгі кіреберіс жолға  күрделі жөндеу жасалыпты. Тұрғын үй құрылысы да  қарқынды дамып келеді.  Қазіргі уақытта  жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер телімдеріне барлық қажетті инфраструктура тартылған, жер  телімдерін алу бойынша кезекте тұрғандар жоқ. Мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен 100-ге жуық азамат тұрғын үймен қамтылды. Былтырғы жылы 24 пәтер берілсе, ағымдағы жылы 64 азаматқа жыл соңына дейін пәтер беріледі. Соңғы жылдары заманауи үлгідегі бірқатар  әлеуметтік нысандар бой көтерді.  Білім саласында  320 орындық мектеп-гимназиясы,  200 балаға арналған балабақша салынып, өнер мектебі қолданысқа берілді.

Ауыл тұрғындарының мәдени шығармашылығын дамыту мақсатында 6 ауылдық клуб пен мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізіліп, жаб­дықталды.  Денсаулық сақтау саласы бойынша 3 елді мекенде мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тік негізінде дәрігерлік амбулатория мен меди­ци­налық пункт салынып, халық игілігіне беріл­ді.

Бұқаралық спортты дамыту  мақсатында аудан орталығында  бассейнмен жабдықталған денешы­нық­тыру-сауықтыру кешені салынып, елді мекендерде көпфункционалды спорт алаңдары, хоккей корт­тары мен воркаут алаңдары орнатылды. Нәтижесінде, аудан тұрғындарының 31 пайызы спортпен шұғыл­данады.

Ауданда орта және шағын бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы жылдары 13 кәсіпкер 577 млн теңге көлемінде қолдауға ие болды.  Жаппай кәсіпкерлікті дамыту  «Еңбек» бағдарламасы аясында 80 аза­матқа өз кәсібін ашу үшін  348 млн теңге несие беріліп, «Қарапайым зат­­тар экономикасы» бағдарламасына сәй­кес 440 млн теңгеге 6 жоба қолдау тап­ты.

Қазіргі Қобда құт-берекесі тасы­ған, ын­тымағы мен бірлігі жарасқан, хал­қы тату-тәтті, еңбексүйгіш, дәулеті тасыған өңір. Жа­стары елжанды, қарттары өнегелі, бола­шағы жарқын өлкенің алар асуы зор деп се­неміз!

 

Б.Балықбай

Соңғы жаңалықтар