Түркістанды танытатын тағы бір туынды
Түркістанды танытатын тағы бір туынды
Бүгінгі Түркістан, бұрыңғы Түркістан емес. Жаңарып, жасарған. Тұңғыш Президентіміздің «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деп тасқа қашап жаздырған сөзі ақиқатқа айналып келеді. Бүгінде қалаға кіре бергеннен-ақ құрылыстың қарқынын байқау қиын емес. Бұл алдағы үлкен істердің бастауы ғана. Кезегін күткен әлі талай жобалар баршылық. Мұны автор былай келтірген: «Ғұлама ғасырлардың тереңінен тамыр тартқан Түркістан әрбір атқан күннен үміт күтіп, әр таңды жаңа жоспарлармен қарсы алады. Оның келешегі кемел, ертеңі еңселі болатынына біз кәміл сенеміз, өйткені қастерлі қаланы жарқын болашаққа бастаған бүгінгі ұланғайыр өзгерістердің басында Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі тұр».
Жалпы Түркістанның өсіп-өркендеуі тек Қазақстанның беделін биіктетіп, әлем алдындағы абыройын асқақтатып қана қоймай, күллі түркі дүниесінің мәртебесін көтере түсері сөзсіз.
Ешқашан сөзі мен ісі алшақ болып көрмеген Нұрсұлтан Әбішұлының мұрындық болуымен әр жылдары Түркістан шаһарына бауырлас Түркия елінің басшылары Тұрғыт Өзал, Сүлеймен Демирел, Ахмет Сезер, Абдулла Гүл, Режеп Ердоған арнайы келіп, Ясауи мазарының басында дұға оқыды. Бұл – олардың түркінің қарашаңырағын ұстап қалған қазақ топырағына деген риясыз көңілдің, шексіз құрметтің белгісі болса керек.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ,
Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы