Қазақстан 5G желісімен қашан толық қамтылады?

Қазақстан 5G желісімен қашан толық қамтылады?

Қазақстан 5G желісімен қашан толық қамтылады?
ашық дереккөзі
2023 жылдан бастап 5G желісі Қазақстанның барлық облыс орталығында іске қосылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев айтты.  "5G технологиясын енгізу үшін тартылатын инвестиция көлемі үлкен болғандықтан, бірінші кезеңде бұл технологияны Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында енгізу жоспарланып отыр", - деді министр. Айтуынша, 2021 жылдың соңына дейін елордадағы Назарбаев университеті мен "ЭКСПО" кешенінде, ал 2022 жылы әуежай мен вокзалда, сауда орындары мен алаңдарда 5G технологиясы іске қосылмақ. "Одан әрі 2023 жылдан бастап барлық облыс орталығында енгізу жұмыстары жүргізіледі", - деді Жұмағалиев. Ол ауылдарда кең жолақты интернетпен қамту үшін 2018-2022 жылдары талшықты-оптикалық және LTE (4G) желілерін салу көзделіп отырғанын атап өтті. "2020 жылдың аяғына дейін халық саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернетке қосылады. Сонымен қатар тұрғындар саны 50-ден көп 885 ауылды интернет желісіне қосу жоспарлануда. Нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін 5089 ауылдық елді мекенге интернет тартылады", - деді министр. Ауылдарды интернетке қосу ұлттық экономика министрлігі әзірлеген перспективті ауылдар тізіміне сәйкес орындалады. Жұмағалиевтің ақпаратынша, қолға алынған жобаларды іске асыру нәтижесінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстан халқының 97%-і кең жолақты интернетке қосылады. Қалған 3%-і спутниктік технологияны қолдану арқылы интернетпен қамтылады. Қазір республикада 117 қала мен 3 324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. Ол әр түрлі технологиялармен қамтамасыз етілген, солардың ішінде талшықты-оптикалық желі, 3G және 4G желілері. Былтыр Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 81,3%-ке жетті.