Көне шаһарға туристер ағылатын күн жақын

Көне шаһарға туристер ағылатын күн жақын

Көне шаһарға туристер ағылатын күн жақын
ашық дереккөзі
Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тікелей эфирде баспасөз конференциясын өткізді. Аймақ басшысы өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы және сан түрлі салада атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өңірді одан әрі түлету бағытындағы жоспарлар жайлы баяндады.  «Өздеріңіз білетіндей, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласының облыс орталығы болғанына небәрі бір жылдан аса уақыт өтті. Ежелгі түркі әлемінің талбесігі – Түркістан Елбасының стратегиялық маңызы зор шешімінен кейін дамудың жаңа сатысына көтерілді. «Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар өңірдің тыныс-тіршілігі жаңаша қалыпқа еніп, облыс орталығы – Түркістан алып құрылыс алаңына айналды», –  деген өңір басшысы құрылыс жұмысы талапқа сай жүріп жатқанын жеткізді. Бүгінде көне шаһарда өңір әкімдіктері, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері тарапынан 28 нысанның құрылысы жүргізілуде. Әкімшілік-іскерлік орталығында облыс әкімдігінің, басқармалар ғимараттары мен Конгресс-холл және Медиа орталықтың, Нұр-Сұлтан алаңы, Қ.А.Яссауи мұражайы, оқушылар сарайы, стадион, музыкалық мектеп пен цифрлық кеңсе, бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері, олимпиадалық резервтегі спорт мектебі мен қалалық саябақ, туризм бағытындағы колледж және халыққа қызмет көрсету орталығы бой көтеруде. Жыл соңына дейін 11 нысан пайдалануға берілмек. Ал әкімшілік-іскерлік орталықта жалпы 2351 пәтерлік 52 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қараша айында 205 пәтерді құрайтын 7 үйдің құрылысы аяқталады. Жоспар бойынша қалған 610 пәтерлік 19 үй жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Биылдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа-райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында «Жасыл белдеу» қалыптастыру жұмыстары жүруде. «Жасыл белдеудің» жалпы аумағы 7700 гектар жерді құрайды. Облыс әкімінің айтуынша, аймақ бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн. көшет егу жоспарланып отыр. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық- тү­лік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Мәселен, Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапта азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы «Түркістан агро» инвестициялық жобасы аясында облыста егісті алқапты жаңбырлатып суаруға мүмкіндік беретін машина трактор станциясы құрылуда. Осы мақсатта АҚШ-нан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауылшаруашылығы техникасы сатып алынған. Жалпы құны 1,5 млрд. теңгеге жуық қыруар жұмыс «Қазагрофинанс» АҚ тарапынан лизингілік шарт негізінде несиелендірілуде. Жоба аясында «1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасы іске асырылуда. Айта кету керек, қазіргі таңда Түркістан облысында 9 индустриалдық аймақ құрылған. Аудан, қалаларда қаланған индустриалдық аймаққа 455 гектар жер бөлінген. 7-не инфраструктура тартылған. Жалпы құны 41 млрд. теңгені құрайтын 60-қа жуық жоба аясында үш жарым мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өмірзақ Шөкеев Арысты қалпына келтіру бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. «Биыл 24 маусымда Арыс қаласында төтенше жағдай орын алғаны белгілі. Осындай қиын сәтте біз елдігімізді, бірлігімізді көрсете білдік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы жедел қалпына келтіру жөнінде тапсырма берді. Осыған сәйкес, арыстықтарға Үкімет тарапынан да, халық тарапынан да үлкен көмек көрсетілді, көрсетіліп те жатыр. ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасына сәйкес, Арыс қаласын шұғыл түрде қалпына келтіру үшін қала аумағын 17 секторға бөліп, республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілді. Қираған үйлерді қайта тұрғызу оңай жұмыс емес, дегенмен 2 айдың ішінде үйлердің 90 пайызы дайын болды. Қазіргі уақытта қираған жеке және көпқабатты үйлердің құрылысына қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Жұмыс бақылауда және 1 қарашаға дейін бітуі тиіс», – деді аймақ басшысы. Жиында өңірде туризмді дамыту мәселесі сөз болды. Өмірзақ Шөкеев аймақта туризмнің 2 бағытына басымдық беру керек екенін атап өтті. «Біріншісі – қажылық туризм. Туристер Қазақстанның барлық өңірлері мен Орта Азиядан келеді. Қолжетімді транспорт, қонақүйлер, тамақтану және арнайы оқытылған гидтермен қамтамасыз етуіміз керек. Археологиялық туризмді де қолға алу маңызды. Бұл бағытта біз халықаралық деңгейдегі әуежай, 4-5 жұлдызды қонақүйлер салып және жоғары деңгейдегі тамақтану жүйесін енгізуіміз керек», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысы Өзбекстан мен Қазақстанның арасын жалғайтын жоғары жылдамдықты темір жол құрылысының да маңызын атап өтті. Айтуынша, Самарқанд, Бұқара қалаларына келетін туристер Түркістанға да ат басын бұрғысы ке­леді. Өт­кен жылы облысқа 1 млн 400 мың турист келген. Егер облыс әкімі белгілеп берген міндеттер жүзеге асса, киелі Түр­кістанның туристік әлеуеті арта түспек.