1055
Елордада қазақтың үш биіне көше берілуі мүмкін
Елордада қазақтың үш биіне көше берілуі мүмкін
Нұр-Сұлтан қаласындағы көшелерге Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би есімдері берілуі мүмкін. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев мәлімдеді.
«Қала тұрғындары Райымбек батырдың, қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы Анатолий Храпатыйдың есімімен көше атау ұсынысын білдірді. Ономастика комиссиясының отырысында ол ұсыныс, сонымен бірге Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ғалымның атына көше беру туралы ұсыныс қолдау тапты», – деді ол. Демек жақын арада ел астанасында үш бидің және Әбу Насыр әл-Фарабидің атында көшелер болуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар басқарма басшысы жуықта ашылған «Қаламгерлер аллеясы» жайлы да атап өтті. «Нұр-Сұлтан қалалық ономастика комиссиясының отырысында елордамыздың 8 құрамдас бөлігіне атау беру туралы ұсыныс қолдау тапты. Біріншісі – әкімдікке жолданған Мемлекеттік хатшының «Қаламгерлер аллеясын» ашу туралы өкіміне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданындағы Абай даңғылының бойында орналасқан Әлмұқан Сембинов көшесінен басталып, Егемен Қазақстан көшесінде аяқталатын атаусыз аллеяға «Қаламгерлер аллеясы» атауын беру туралы ұсыныс», – деді Тілеуғали Қышқашбаев.