Елорда төріндегі аламан айтыс

Елорда төріндегі аламан айтыс

Елорда төріндегі аламан айтыс
ашық дереккөзі
1090
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана» концерт залында «Береке бірлігіңде, Елім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының тікелей қолдауымен, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен  өткен дүбірлі додаға Еркебұлан Қайназар, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Серікзат Дүйсенғазы сияқты танымал ақындар бастаған он алты айтыскер қатысып, бақ сынады. Аламан айтысты әдеттегідей белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман жүргізді. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Нұр-Султан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтысты залда халықпен бірге отырып тамашалады. Сонымен қатар, ұлттық өнерді тамашалаймыз деп келген көрермен 1800 орындық залға лық толды. Жұртқа танымал от тілді, орақ ауызды он алты ақын елдің бірлігі мен берекесін, ырыс пен ынтымағын, Тәуелсіздік алғаннан бергі жеткен жетістігін майын тамыза жырлап, халықтың мерейін тасытып, қошеметіне бөленді. «Nur Otan» партиясының негізгі мақсаты - халықпен бірге болу, елдің әл-ауқатын жақсарту. Жұртпен тығыз байланыс орнату. Сондықтан айтыс негізгі мәселелерді шешу жолында құнды құрал деп есептеймін. Халқымызда «Шешен көптің тірегі, ақын елдің жүрегі» деген аталы сөз бар. Сол себепті осы сахнадағы ақындардың жүрегінен шыққан сөз халықтың да жүрегіне жетеді. Біз «Nur Otan» партиясының тарапынан Елбасы айтқандай, халыққа жақын екенімізді көрсетіп, осындай көне заманнан келе жатқан дәстүрімізді қолдаймыз. Біздің мақсат - елдің рухын көтеру. Әрине, сын айтылу керек. Бірақ баршамызға ортақ міндет - мемлекеттігімізді ұстап қалу. Сондықтан бір-бірімізді қолдайық, бірлігімізді қорғайық. Айтыс өнері жасай берсін,- деді Бауыржан Байбек. «Nur Otan» партиясының қолдауымен бұған дейін Қазақстанның төрт қаласында, яғни Атырау, Қостанай, Алматы, Қарағанды қалаларында айтыс өткен еді. Ал жылдың қорытынды айтысы, яғни «Алтын домбыра» айтысы Орал қаласында өтеді деп жоспарлануда. Қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, академик Мырзатай Жолдасбеков төрағалық еткен құрамы тоғыз адамнан тұратын қазылар алқасының шешімімен айтыстың екінші айналымына алты ақын шығып сөз сайыстырған болатын. Қазылар алқасының ұйғарымымен Бас бәйгені нұрсұлтандық Еркебұлан Қайназаров иеленді (2 000 000 теңге), бірінші орынға оралдық Талғат Мықи лайық деп танылса (1 500 000 теңге), екінші орынды нұрсұлтандық Бекзат Асқаров пен оралдық Жансая Мусина иеленді (әрқайсы 1 000 000 теңгеден). Ал, Баянауылдың айтулы жырау-ақыны Аспанбек Шұғатаев пен Түркістан облысынан келген Қалижан Білдәшев үшінші орынды қанжығаларына байлады (әрқайсы 500 000 теңгеден).

Серіктес жаңалықтары