Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Қазақ қыздарына өлең оқығанда мені қайталамаңыздар деп айтамын

Күнсұлу Тұрғынбекқызы: Қазақ қыздарына өлең оқығанда мені қайталамаңыздар деп айтамын

Күнсұлу Тұрғынбекқызы:  Қазақ қыздарына өлең оқығанда мені қайталамаңыздар деп айтамын
ашық дереккөзі
2180
Актриса, Голливудты қазақша сөйлеткен дубляж шебері, жүргізуші, әнші бүгінде өлең оқу бойынша өзінің онлайн курсын ашты. Шәкірттерінің алғашқы нәтижелерін өзінің әлеуметтік парақшасында жариялап жүр. Құпиясы мол поэзия әлемі, ерекше өнер дубляж саласы туралы азды-кем әңгімелескен болатынбыз.  – Жыл басында оқырмандарыңызбен поэзия кешін өткіздіңіз. Қазіргі өнерге ғашық, поэзияны сүйетін тыңдармандарыңыздың тілегі, сұранысы қандай екен? – Поэзия кешімді өзімнің туған күнімде бас-аяғы он екі күн ішінде ұйымдастырып өткіздім. Бұл менің анамның қазасы жаныма батып, қайғының тұңғиығына тереңдеп, қатты құлазу үстінде жүрген кезім еді. Өзімдегі өнерді, өмірсүйгіштік қасиетімді өлтіріп алмау мақсатында өз-өзімді қамшыладым. Жыл сайын туған күнімде бірінші болып анам құттықтайтын. Биылғы жылы анамның мені құттықтамайтынын білдім. Сондықтан сол күнді өзімнің аналарым сияқты аналардың жанында өткізгім келді, батасын алғым келді, бойындағы жылулықтарын сезінгім келді, айналайын деген сөздерін естігім келді. Сол күн аналар мені әлдилеген күн болды, поэзия кеші сонысымен ерекшеленді. Тыңдармандарыммен кәдімгідей дастархан басында кездестік, әдемі бір кеш болды. Рухани жұтаған жандарға кісілік, адамгершіліктің үлбіреген жібек көйлегін кигізгім келді. Соны киіп те кеткен сияқты. – Кешіңізді өткізгеннен кейін келесі кешімде поэзия оқитын шәкірттеріммен шықпақ ниетім бар дедіңіз. Бүгінде онлайн түрде шәкірт тәрбиелеуді қолға алып жатырсыз. Өлеңді мәнерлеп оқудың майын ішкен мамансыз, актрисасыз, дубляж жасайсыз, ән саласыз. Осының бәрінің басын құрап Күнсұлу Тұрғынбекқызының өнер орталығын ашу ойыңызда бар ма? – Жалпы поэзия оқуды меңгеруге адамдар бірнеше жылын береді. Қанша оқыса да поэзияны түсіне алмайтын жандар бар. Ал маған онлайн сабаққа жазылып жүргендер өмірді ерекше сүйетін жандар деп білемін. Үйренсем екен деген шәкірттерімнің қатары көбейсе деймін. Менің курсыма қатысушылар жеделдетілген әдіспен аз уақытта өлеңді дұрыс оқуды, мағыналық орталығын қоюды, өлең жолдары арасындағы пәлсапаны зерттеу, режиссерлік көзқарасты ояту, өлеңге ақынның ойынан басқа оқушының өз ойын қосып оқу, өлең мен тыңдаушы арасындағы үлкен адамгершілік көпірін құруды үйренеді. Поэзия оқып ысылып қалған жастардың кейбірі «мен поэзияны дұрыс оқымай келіппін ғой» деп күліп, өз қателіктерін түзетіп жатады. Өлеңмен адамдарды жұбатуға, қатып қалған жүректерді жылатуға, кісілікті оятуға болады. Өлеңге бүкіл бір тағдыр сыйып кетеді. Өлеңнің құдіреттілігі де сонда. Жалпы маған өмірден қажып жүрген жандар жиі хат жазады. Біздің қоғамда әсіресе жастар жылылыққа зәру. Олар кейде өзінің жеке мәселесімен хабарласып жатады. Онлайн курстан бөлек уақытта да шәкірттерім өздерінің ішкі жан сырларымен бөліседі, оларға уақытымның жеткенінше жіті көңіл бөлуге тырысамын. Мен қазақ қызы сүрінген, мұқалған жерде жанына жалау болатын жақсы сөзді айта алсам, дәл сол уақытта құшағыма қысып баса алмасам да, ып-ыстық сөздеріммен жанын жылыта алсам қандай ғажап! Қазақ қыздарын өлең арқылы ең болмаса елін, ерін сүюге, адамгершілік қағидаттарын аттамауға, өлең арқылы адамдарды рухани құлазымауға шақыра алсам – сол бақыт емес пе? Адамдар еліне пайдасы тиіп, бақытты отбасын құруына, сауапты жақсылықтарды көп жасап, өмірге деген құлшыныстарының артуына кішкентай ғана себепкер бола алсам, мен бақыттымын. Болашақта тыңдармандарыммен тек поэзия кешінде ғана емес, Күнсұлудың поэзия клубында да кездесіп тұрсам деген ниетім бар. Өмірде өнер адамы боламын деп, бірақ еш мүм­кіншілігі болмай қалған адамдардың сахнаға шығуына мүмкіндік жасағым келеді. Әрбір өнерге ғашық жан, әрбір өлең сүйген жүрек менімен бірге сахнаны бағындырып, өмірге үлкен бір қадам басса дей­мін. Болашаққа өте үлкен жоспарларым бар, ол қаншалықты орындалады білмеймін. Десе де мен ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға дегендей әсте-әсте өз жолын іздеп келе жатқан жанның бірімін. – Сіз тыңдармандарыңызбен еркін қарым-қатынас жасайсыз. Қатып қалған қағидаларды бұзып жүрген актрисасыз. Поэзия кештеріңізде көрермен мен актрисаның арасындағы көзге көрінбес пердені ысырып тастайтын сияқтысыз... – «Актриса деген паң болу керек, қолжетпес болу керек» деген ұғыммен келіспеймін. Сосын маған өзіңізге кімді тұлға тұтасыз деген сұрақты көп қояды. Өзім іштей үлгі тұтқан жандардың кейде екіжүзділік әңгімелерін естіген кездерде, шынымды айтсам, ешкімді тұлға тұтқым келмей кетеді. Үлкендердің кейбір ұсақ-түйек әңгімелерін естіп қойсам да естімеген болып, оны жүрегіме тигізбей өткізе салуға тырысамын. Жүрекке түсіп кетсе, көңіл аштығына ұшырайсың. Актриса әуелі көрерменімен басынан башпайына дейін шынайы болуы керек. Шынайы болған кезде дене қиымылың, өзіңді-өзің ұстауың да еркін болады. Мен кештерімде адамдарды себепсіз құшақтай салғым келеді, адамдарға басу айтқым келеді. Бойымда артық мейірім, жылуды соған мұқтаж жанмен бөліскім келіп тұрады. Көрерменмен екі ортаға шымылдық құрғым келмейді. Менің кештерімнің ерекшеліктері де сол, өзім тірі дауыста ән айтамын, өзім жүргіземін, айтатын романстарым бар, осылай 3-4 сағат көрерменді жалықтырмай ұстап тұра аламын. Үйлеріне қайтқылары келмей, тағы да өлең, поэзия сұрап жатады. Осы күндері өзім ойнайтын аспаптармен бәрін түрлендірсем деген ой туындап жүр. Кеше үлкен бір жиында болдым, бір байқағаным үлкен кісілер рухани кештерді, поэзия кешін көбірек аңсайды екен. – Халық сізді поэзия өнерінің падишасы деп атап жүр. Бүгінде сіздің дауысыңызға салып өлең оқитын қыздар өте көп. Жалпы өлеңді қалай оқу керек? – Жастар поэзияны көп жерде жалған бір дыбыстармен оқып қояды, кейде тым ойнақы болып кетеді. Әдемі дауысты жасап алсам деп дауысына мән беріп кетеді де, нағыз өлеңнің айтатын мағынасы құрып жатады. Өлеңнің мағыналық орталығына дөп түспейінше, өлең арасындағы пәлсапаны түсінбейінше өлең жақсы шықпайды. Мен көбіне шәкірттерімнен ақынның айтар ойын зерттеуді талап етемін. Ең бастысы, қазақ қыздарына өлең оқығанда мені қайталамаңыздар деп айтамын. Өйткені өлең әр адамның өз дауысымен оқылуы керек. Сонда ол нанымды шығады, тыңдар құлақты жалықтырмайды. Поэзия – ол бір дербес әлем. Ол әлемді өзімнің перзентім деп санаймын. Әр өлең – тоғыз ай он күн көтеріп, толғатып дүниеге әкелген бір сәби сияқты. Оған жеңіл қарауға болмайды. – Актрисаларға дубляж жасау оңай, бірақ кәсіби білімі жоқ адамдар дубляж жасай ала ма? – Дубляж – ерекше өнер. Оған өте мықты қабілет керек. Дубляжды сүйген, шын талантты, дауыс ырғағы келіскен, бірақ кәсіби білім алуға мүмкіндігі болмаған жандарды дубляж өнеріне баулуға болады. Бірақ кәсіби деңгейдегі өз адамдарына жұмыс істеуге мүмкіншілік берсек дұрыс болар еді. Дубляж бен поэзия халық сүйетін өнердің тармақтары болғаннан кейін және өзім де өлшеусіз жақсы көретін болғандықтан осы екі саланың кәсіби маманы болғаныма қуанамын. Әр адам қолынан келгенін жасағаны жөн деп ойлаймын. – Сіз жастармен көп араласасыз, олардың пікірін тыңдайсыз, жастардың қазіргі рухани деңгейі қандай? – Қазір тек қана жастардың емес, үлкен адамдардың да рухани деңгейінің иммунитеті соншалықты төмендеп кеткен. Қазір біздің қоғам екі топқа бөлініп тұрған сияқты. Әлеуметтік желілер бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсетіп отыр. Адамдар өз алдына топ-топ болып руханиятты қолжаулық етіп, талай дүниемен ала шапқын, қызыл кеңірдек болып бір-бірімен қырылып, қуғын-сүргін болып жатады. Байыбына бармай байбалам салушылар көбейіп кетті. Ең өкінішті тұсы осы шығар деп ойлаймын. Кәдімгі қалам ұстап, ат үстінде жүрген ірі саясаткерлер де, жазушылар да, ақындар да неше түрлі лас дүниеге бара беретіні, «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмай кеткені, онсыз әрі-бері күйімізді одан сайын ірітіп-шірітудің қамымен жүрген қолжаулықтардың дәурені жүріп тұр. Ал енді саясаттан хабары жоқ, жалпы кім нені меңзеп, нені көздеп отырғанын жастар тұрмақ, менің өзім кейде ажырата алмай қаламын. Өзіндік ойы, ішкі көкірегі, санасы қалыптасып үлгермеген жастарға бұл өте үлкен қауіпті жағдай деп ойлаймын. Жастарды кінәлай алмаймыз, олар аға буынға қарап бет түзейді. Жалпы қазақ қоғамының дәл қазіргі рухани деңгейі жарасы ашық қотырдай болып тұрғанын жасыра алмаймыз. – Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Арайлым Жолдасбекқызы

Серіктес жаңалықтары