673
Жақаев ауылындағы жасампаз жігіт
Жақаев ауылындағы жасампаз жігіт
Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаевтың есімі жұртшылыққа өте таныс. Қазір осы ауыл атақты күрішшінің есімімен аталады. Өмір бойы диқаншылықпен айналысып, даңқы Қазақстан ғана емес, Кеңес Одағына танылған Еңбек ерінің жолын жалғастырып келе жатқандар жетерлік. Осы ауылда туып, диқаншылықты кәсіп қылған Асқар Бердібаевтың да қазіргі уақытта жұмысы қарқын алды десе де, болады. Өйткені жанкешті еңбектің қашан да нәтижесі бар.
Асқар Айтөреұлы осыдан 7 жылдан аса уақыт бұрын «Алтын дән» деп аталатын шаруа қожалығын құрды. Бәрі де мақсатты жұмыстың арқасы. Бүгінде шаруа қожалығы іріленді, қазір қожалық басшысы 60 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Айта кету керек, жергілікті халықтың көпшілігі егін және мал шаруашылығымен айналысады. Күріш және мал азығын дайындайды. Сыр бойында сапалы жұмысын көрсетіп жатқан жігіттің жоспары қомақты, мақсаты үлкен. Асқар Айтөреұлы 2017 жылы 100 бас жылқы сатып алған. Биыл оның үшінші жыл төлін алып жатыр. Шаруашылық басшысының айтуы бойынша, қыркүйек және қазан айларында тағы да 100 бас асыл тұқымды ірі қара алу ойда тұр. Шаруашылықта күріш өңдейтін цех бар. Биыл тағы заманауи үлгідегі үлкен күріш зауытын ашу ойда тұр. Егер бұл жоба жүзеге асатын болса, тәулігіне 60 тонна күріш өңдеп, шығаратын болады. Әрине мұның барлығы да оңайлықпен келген жоқ. Қожалық ірі, 3 комбайнды лизингтік несиеге алған. Комбайнның барлығы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ішінде компьютер, кондиционер жол бағытын анықтап отыратын ЖПС бар. Техниканың 70 пайызы жаңартылған. Жерге жаны ашыған адам ғана қиындықтың бәрін еңсереді. Асқар Бердібаев істі бастағанда мұның барлығын да білген. Сөйтті де, білек сыбана кірісті. Сондағы ойлағаны – Ыбырайдың ауылы – ырысты, Бердібаевтың ауылы берекелі болуы тиіс. Күріш егумен айналысатын шаруашылықтар алғашқыда қиындықты бастан кешкені рас. Еңселерін көтере алмады. Несиеге қолдары жетпеді.Тозған жерлерді түлету керек. Сөйтіп, ол жұмысты қолға алды. Майда шаруашылықтар ірілене бастады. Олардың саны кейін онға жетті.
– Әрине, бізге бәрін де басынан бастау керек болды. Арам шөп пен жиде, тал басып кеткен егістік алқаптардың бәрін отадық, тазарттық. Тыңайттық. Содан кейін тұрақты өнім ала бастадық. Халықта жердің пайы ғана болған. Қазір жер үлесі бар халыққа күзде дивиденд төлейміз, – дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев.
– Жоспарға байланысты күрішті Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы қалаларына тұрақты жіберіп отырамыз. Биыл «Янтарь», «Лидер» күріш сортттарын Өзбекстанға экспорттауды көздеп отырмыз. Былтыр 900 гектар жерге күріш егіп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім алдық. Өніміміз – экологиялық жағынан таза, сапалы күріш. Биыл ауылда спорт кешені мен күріш зауытының құрылысын бастаймыз. Келесі жылы жаңа үлгідегі супермаркет салып бермекпіз. Үшінші жылы аудан көлемінде жоқ 500-600 орындық тойхана салу жоспарда бар. Ауылымыз қаладан кем емес, Келер жылы ауылымызды газбен жабдықтау жоспарда тұр. Үйге таза ауыз су кіріп тұр. Бұдан да басқа ойға алған жобалар көп, – дейді «Алтын дән» шаруа қожалығының басшысы Асқар Айтөреұлы Бердібаев. «Алтын дән» шаруашылығы 2016 жылы тірлікті жандандыру үшін 60 миллион теңге несие алған. Оны 2018 жылы толық қайтарып бітірді. Ал 2019 барлық істелінген жұмыстар шаруашылықтың өз қаражатына атқарылды.
– Күріш өнімінен Шиелінің даңқын шығарған Ыбырай Жақаевтың атына ешқашан кір келтірмейміз. Біз әлі де осы атамыздың атын шығарамыз. Сондай-ақ басты міндетіміз – шаруашылықты көтеру, ұжымдағы жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жасау, олардың жалақысын арттыру, – дейді Асқар Айтөреұлы.
Асқар Айтөреұлы мемлекеттің ауыл шаруашылығына жасаған қолдауын сезініп отыр. Суға, тыңайтқышқа 50 пайыз субсидия алған. 200 миллион теңгеге 3 комбайн алынды. Оның 50 миллион теңгесі төленді. Демек, жоспарлы жұмыстың барлығы да тиянақты орындалып жатыр.
Төрт мыңға жуық халық тұратын Жақаев ауылындағы шаруашылықтың тірлігін дөңгелеткен Асқардай азаматтың бүгінгі ісіне біз осылай сүйсіндік. Ел іші осындай азаматтардың арқасында көркейеді, гүлденеді. Демек, Асқардың алар асулары әлі алда. Жұмысты жандандырып жатқан жасампаз жігіттің жұмысына біз тағы да ақ жол тіледік.
Мира Берікболова