Қостанайда жол ережесін бұзып келе жатқан Renault көлігін байқаған жүргізуші оның тізгініндегі адамның мас болуы мүмкін екенін аңғарып, жағдайға араласқан. Кейін күдік расталып, жүргізушінің алкогольдік мас күйде болғаны анықталды, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға Хәкімжанов пен Абай көшелерінің қиылысында болған.
Куәгердің айтуынша, Renault жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бірнеше рет бұзып, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне де өтіп кеткен.
Осыдан кейін ер адам көлікті тоқтатып, жүргізушінің кілтін алып қойған және полиция шақырған.
Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келген. Тәртіп сақшылары жүргізушімен сөйлесу кезінде одан алкоголь иісі шыққанын байқаған.
Медициналық тексеру нәтижесінде ер адамның орта дәрежелі алкогольдік мас күйде болғаны расталды. Сонымен қатар оның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Renault автокөлігі арнайы тұраққа қойылды.