Зайсан көлінде суға кеткен екі балықшының денесі табылды

/
Зайсан көлінде суға кеткен екі балықшының денесі табылды
t.me/qr_tjm

Шығыс Қазақстан облысындағы Зайсан көлінде қайық аударылғаннан кейін із-түзсіз кеткен екі балықшының денесі табылды. Осылайша іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 15 қыркүйекте Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылдық округі аумағында болған.

Үш ер адам қайықпен балық аулап жүрген кезде қатты жел тұрып, су көлігі аударылып қалған. 1968 жылы туған ер адамдардың бірі өз күшімен жағаға шығып, кейін оны жергілікті тұрғындар құтқарған.

Ал 1968 және 1995 жылдары туған тағы екі балықшы суға батып кеткен. ТЖМ мәліметінше, олардың үстінде құтқару кеудешелері болмаған.

Оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін аймақта жедел штаб құрылып, ауқымды іздестіру жұмыстары басталды. Оған сүңгуірлер, құтқару катерлері, қайықтар, дрондар, су асты аппараты және жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

Іздестіру кезінде 1968 жылы туған ер адамның денесін жергілікті тұрғындар тапқан. Ал 1995 жылы туған екінші балықшының денесін ТЖМ сүңгуірлері жағадан шамамен 8,9 шақырым қашықтықтан анықтаған.

Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілген. Құтқарушылар көлдің үлкен аумағын тексеріп, сүңгуірлер сегіз рет су астына түскен.

Мамандардың айтуынша, көлдің тереңдігі, күрделі су асты бедері және нашар көріну іздеу жұмыстарын қиындатқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары