644
Мәди Егембердиев: Отандық туризм нарығы әлі де бос жатыр
Мәди Егембердиев: Отандық туризм нарығы әлі де бос жатыр
Елімізде кәсіп ашып, жеке шаруашылығын көркейтемін деген адамға мүмкіндік көп. Оған дәлел ретінде тілге тиек етерлік кейіпкерлер де жетерлік. Соның бірі – Мәди Сайлауұлы Егембердиев. Ол бір жыл бұрын тәуекелге бел буып, оңтүстіктен – шығысқа көш түзегенде барлық қиындыққа дайын болды. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының жергілікті тұрғыны атанған Мәди Сайлауұлы өңірдің туризмін дамытуға күш салуда. Табысқа жетелеген кәсіптің нәсібі де жаман емес. Тақыр жерден кәсіп бастап, айтарлықтай жетістікке жеткен кәсіпкердің өзін әңгімеге тарттық.
– Мәди мырза, әдетте кәсіп бастау оңай емес екені белгілі. Әрі қалтаңда қомақты қаржы болмаса, істің алға жүріп кетуі де екіталай. Кәсіп ашу үшін қор болу керек шығар. Сіздің әңгімеңізге қарасам, бәрін тақыр жерден бастаған екенсіз...
– Өзім Қызылорда облысы, Жаңақорған қаласында туып-өстім. Отбасымызда үш ұл болдық. Әке-шешем кішкентайдан еңбекке баулып өсірді. Ес біліп, қолымыз аузымызға жеткелі жұмыс істеуге бейімделдік. «Анау керек, мынау қажет» десек, «керек пе, өзің істеп ал» дегенді құлаққа сіңірді. Қысқасы, «дайын асқа – тік қасық» деген масылдық болған жоқ. Ауылда 8 жасымда пресс-шөп сатып, сауда жасауды үйрене бастадым. Ақшаның дәмін сезген соң, жатамын ба?! Қашан да бірдеңе алып, оны қайта сатуға құлшынып тұрамын. Ол кезде жұрттың баласы арман қуып Алматыға жол тартса, мен Шымкентке келдім. Бұл қала кез келген адамды кәсіпке баулып алады ғой. Студент боп жүріп, ақша таптым. Бірге оқитын жолдасым екеуміз қырғыз базарынан көтерме бағаға қаппен картоп сатып алып, келілеп саттық. Тіпті, кейін бір КамАЗ-ды бір-ақ сатып алып, пайда тауып, бірте-бірте өрлей бердік. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін де оң жамбасыма келген кәсіптің біраз түрімен айналыстым. Өзіңіз білесіз, оңтүстіктің халқы еңбекке, кәсіпке өте жақын. Не ашайын десең де, бәсекелестер жол бермейді. 2008 жылдары Елордаға барып, бес күн «Sulpak» дүкенінде жұмыс істеп, екі күн тақтай базарда ағаш саттым.
– Сөйтіп, шығысқа жол тартып кеттіңіз бе? Мұнда келгендегі әуелгі мақсатыңыз не еді?
– Шынымды айтсам, бұрын сол оңтүстіктің маңайынан алысқа шығамын деп ойламаппын. Бірақ бәсекелестер көп жерде ісің алға баса бермейтіні тағы бар. Бұған дейін оңтүстікке Шығыс Қазақстан облысынан мамандар бірнеше рет келіп, бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізген еді. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірін қазақыландыру саясатына байланысты қолға алған шара талай адамға жұмыс, баспана берді. Бір жағы осыны да ескеріп, қалтама 200 мың теңге салып алдым да, өз көлігіммен шығыс өңірін бетке алдым. Не танысым, не туысым жоқ. Әлгі ақшам тәулігіне төлеп тұратын пәтер мен ас-ауқатыма ғана жетті. Содан Өскеменде таксист болып жүріп, күніне 12-15 мың теңге таптым. Арасында базардан бір киім алып, ақша қосып, қайта сатып күнелттім. Біреуден алып, оны басқа біреуге сатсаң да кәсіп бастай аласың. Бірақ мемлекеттік қызметке емес, сол өңірдің тау-тасы, өзен-көліне қызықтым. Табиғаттың кереметтей көрікті жерлері «мен мұндалап» тұр. Алайда, қолда барды бағаламай жатқанымыз өкінішті. Өңірдің біраз жерін аралап көрдім. «Қайда, не істесе болады?» деген сауалыма жауап іздеуге тырыстым. Ұлан ауданының әкімі Нұрымбет Аманұлына жолығып, өзімнің туризмді дамытуға үлес қосқым келетінін айтып ем, қуана құптады. «Туризм нарығы бос жатыр. Істеймін десеңіз, қай жағынан да көмек беруге әзірмін» дегенде іштей демеу сезіндім. Сөйттім де, демалушылар арасындағы танымал Окуньки көліне тоқтап, үш үй алып, келушілерге жалға берумен айналыса бастадым. Бір күндік автобусты да жүргіздік. Тамақтанатын асхана ашып, тіпті жаз кезінде далаға қонғысы келетіндерге шатыр үй ұсындық, қайық бердік. Байқасам, мұнда туризм біршама тұралап қалған екен. Келушілер көп, бірақ жағдай жасалмаған. Бұл көлдің құдыреттілігі сонша, адам денсаулығына өте пайдалы екен. Германиядан 16 жыл бойы үздіксіз келіп жүрген неміспен сөйлестім. Бұрын аяғы ауырып, жүре алмайтын қалде болған көрінеді. Көлдегі сары және қара батпақтың арқасында аттай шауып кетіпті. Енді ол жүре алмайтын мүгедектерді ертіп келіп, сауапты іс жасауға тырысуда. Әу баста екі адам боп келсе, қазір делегациямен жүр. Міне, осындай адамзатқа пайдасы мол көлдің маңайында туризмді дамытуды қолға алып, алғашқы маусымды өткердік. Табыс жаман емес. Біраз нәрсе үйрендім, әлі де үйренетін тұстар жетерлік. Қазіргі заманда Алматы мен Шымкенттен басқа кез келген жерде кәсіп ашуға болады. Себебі мұнда бизнестің барлық түрі бар. Қазақстанда өндіріс жоқ. Қандай да бір өнім өндіремін деген адамға мүмкіндік бар. Неге? Нарық бос жатыр.
– Қазір шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған түрлі бағдарлама бар. «Бизнестің жол картасы – 2020», одан бөлек Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту үшін 250 млрд теңге бөлінеді деді. Яғни, мемлекет тарапынан беріліп жатқан көмекті пайдаланбадыңыз ба?
– Меніңше, кәсіпкерді қолдау қажет емес. Ол не үшін кәсіпкер? Ол қиыншылықты көрмесе, маңдайын тасқа ұрмаса, одан ештеңе шықпайды. Әкем: «Алдыңнан үлкен тас шықса, кері қайтпа, соны жарып өт» дейтін. Кәсіпкер де сондай болу керек. Адам судан да, оттан да, темірден де мықты. Ал жылап жүретіндер өздері істемейді, не істей алмайды. Мемлекет жұмыс істеймін деген адамды қолдауға әркез дайын. Бастысы – нәтиже шығарса болғаны. Негізі кәсіпті өзің бастаған жақсы. Ал қолдауды мемлекеттен, жергілікті әкімдіктен күтуге болады. Мәселен, туризм дамып жатқан аймаққа баратын жол мәселесін түбегейлі шешіп берсе, соның өзі үлкен қолдау. Әзірге ешқандай көмек алған жоқпын. Алдыма қойған жоспар көп. Бәлкім, болашақта жүгінетін шығармын. Ендігі жылы Бесқарағай ауданындағы құнары мол, минералға бай Шошқалыкөл деген жерден демалыс орнын ашсам деген ойым бар.
– Жалпы, кәсіп бастаймын деген адамға еш кедергі жоқ қой...
– Расында, жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Бір өкініштісі, бізде әлі күнге қағазбастылық уақыт алады. Салыстырмалы түрде айтсам, оңтүстік өңірге қарағанда, шығыста әлдеқайда қиынырақ. Әрі-бері сандалта береді. Ол аз десеңіз, сіздің оңтүстіктен келгеніңізді білсе, тіксіне қарайды. Қызмет көрсететіндердің көбі – орыстілді. Іс қағаздарын қазақша жазсам, орысша жазуымды талап етеді. Табандап тұрып, қазақ тілінде толтырамын. Өздері жинала қалып аударып, әуреге түседі. Енді ғана бойлары үйренді.
Қазір арнайы бағдарламамен оңтүстіктен шығысқа келіп, қоныстанып, жұмыс істеп жатқандар көп. Оларға мемлекет тарапынан әжептәуір қолдау бар. Соларды жұмысқа тартып, кәсіптің қыр-сырын үйретуге бар күшімді салып жүрмін.
– Отандық туризмнен басқа тағы қандай кәсіп көздерін аштыңыз? Қазір қанша адамды жұмыспен қамтамасыз еттіңіз?
– Шын мәнінде, шығыс өңірінің халқы жайбарақат, самарқау. Бәсеке болмаған ортада ілгері жүру жоқ. Содан ба екен, мимырт тіршілік кешіп жатыр. Арнайы курс оқу үшін облыс орталығына барады. Жергілікті ауданда кәсіптік мамандықты оқытатын орталық жоқ. Бұл олқылықты түзету керек деген оймен ауданнан оқу орталығын ашып, шаштараз, қыз-келіншектерді әрлейтін кәсіп түрін, көлік жүргізуді үйрете бастадық. Бұдан бөлек кәсіби біліктілікті арттыратын семинар-тренингтер өткізу де кемшін екен. Мұны да қолға алдық. Тіпті болмаса, мобильді топ ашып, аптасына екі рет барып, оқытсақ деген жоспар бар. Сол сияқты көлік жөндейтін ТЖО, көлік жуу бекетін ашып жатырмын. Оған оңтүстіктен келгендерді жұмысқа тартып, бар мүмкімдігімше көмек берудемін. Қазір менің араласуым бойынша оңтүстік өңірден 40 шақты адам келіп, қоныстанды. Жер алып, үй алу жағынан ақыл-кеңесімді аянып қалған емеспін. Барлығы 20 шақты адамға жұмыс беріп отырмын.
Өзім де білімімді толықтыруды тоқтатқан емеспін. Көбінесе «кәсіпті қалай жүргізу керек?» деген сауалға жауап іздейтін көмекші құралдарды, психологиялық кітаптарды көп оқимын. Былтыр кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың курсына жазылып, Өскеменнен Алматыға келіп, марафонға қатыстым. Ол кісі туралы әркім әртүрлі пікір айтады, бірақ мотивациясы өте керемет. Ол кәсіпкерлерді дамытып, кәсіп ашуға түрткі болуда. Қарап тұрсам, аяғы жоқ, қолы жоқ жігіттер тауға шығып жүр. Біз неге шыға алмаймыз? Адам намысқой ғой. 10 шақырым биіктікке шықтым. Сенсеңіз, солардың ішінде кәсібін тақыр жерден бастаған жас жігіттер бар. Екі аптада 50-60 мың теңге тапқан жастармен сөйлестім. Қысқасы, өзімді жетілдіріп отырамын. Мен білмеген нәрсені басқа біреу біледі. Тіпті, жанымдағы жастардан үйренетін дүние көп. «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демей ме?
– Бұдан бөлек мал сатумен де айналысады екенсіз...
– Бірде кәсіпкерлер ортасына тап болып, бір кісілермен танысып қалдым. Малы көп Зайсанның тумасы екен. Сол жерде-ақ «малды нешеден бересіз?» деп бағасын нақтылап алдым. Кейін оңтүстіктен мал алатын адам таптым. Сөйтіп, екеуінің арасындағы делдал боп үстінен ақша көрдім. Делдалдық та – кәсіп. Екеуі де әр малдан 5 мың теңгеден берді. Шығыстың малы өте дәмді, күйлі боп келеді. Бұл жақтың шөбі де шүйгін. Сондықтан малға деген сұраныс көп. Қазір мал керек деп хабарласса, жинап қояды. Өздері келіп әкетеді. Үстіндегі пайдасы – менікі.
– Соңғы жылдары туризмді дамыту жөнінде биік мінберлерден жиі айтылып жүр. Осы салаға үлес қосып жатқан кәсіпкер ретінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Неге бізде отандық туризм кенжелеп қалды? Жеріміз қандай әдемі. Кез келген шетелдік тамсанатын тарихи шежіреге бай қасиетті мекендер көп. Туризмге сұранып тұрған аймақтың өзіне келушілер соншалықты көп емес. Не себеп? Біріншіден, жол жаман. Діттеген жеріңе жете алмай, зәрезап боласың. Демаламын деп барып, шаршап қайтасың. Ал жолы салынған демалыс орындарының бағасы удай. Одан да шетелге барсаң арзанға түседі. Бірақ халықтың қаржысы басқа елдің экономикасына құйылып жатыр. Егер инфрақұрылымды жақсартып, демалыс аймағын дамытып, интернет, телефон желісі ұстайтындай етіп, жағдай жасалса, еліміздің қай өңірінің де табиғаты ешбір шетелден кем емес. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір кәсіп ашқандар ашкөзденіп, бәріне жоғары баға қояды. Бұл дұрыс емес. Мәселен, бір порция тамақтың өзіндік құны – 500 теңге. Біз демалыс орнында осы бағаны ұстап тұрамыз. Тіпті, кейде демалыс күні бір қазан палау жасап, тегін таратамыз. Бұл біріншіден, жарнама. Екіншіден, бір минусың – ол өзіңе құйған инвестиция. Одан пайда болмаса, ұтылмайсың. Келушілер де көбейеді. Кәсіпкерлікте бір күнді ғана емес, бәрін әріден ойлау керек. Бәлкім, бізде бағаны қадағалап отыратын мекеме керек пе? Мүмкін, бәсекелестіктің жоқтығынан қымбат шығар, білмеймін. Қарап тұрсаңыз, кей кәсіпкер қаншама гектар жерді сатып алып, кәдеге асырмайды. Ешкімге сатпайды да. Меніңше, сатып алды ма, бір іске жаратуы керек. Егер қолынан келмей ме, басқа біреу жүзеге асырсын.
Екінші – дәретхана мәселесі. Бұл еліміздің бар өңірінде бар мәселе. Кейде шетелдіктерден ұяласың. Біз де сырт елдерге шығып тұрамыз ғой. Бізде де сондай болса екен дейсің. Бірақ неге екені белгісіз, осы түйткіл сол күйінде тұр. Биодәретхана сатып алу қымбатқа түседі. Оның үстіне біздің халықта қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеті төмен.
– Кәсіпкер ретінде болашағыңызды қалай елестетесіз? Өзіңіз сияқты жас кәсіпкерлерге не айтасыз?
– Қазір кәсіпкермін дейтіндер көп. Кәсіпкер – ашқан кәсібінің жемісін көруі керек. Қиындыққа төзбеген кәсіпкер – кәсіпкер емес. Бір рет банкрот болса, қайта жоламай қояды. Керісінше, ол сабақ. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген бар емес пе?! Бар мақсатым – отандық туризмді дамыту. Шығыс Қазақстан өңіріне табаным тигелі бір жыл болды. Жерсініп те қалдым. Халқы ақкөңіл, ештеңемен шаруасы жоқ. Бір-бірін қолдауға әзір. Салыстырып қарасам, екі жақтың тәрбиесі де, менталитеті де басқа. Бізде еңбекке үйретсе, шығыста баланы өбектеп тұрады. Тағы бір өкініштісі, маман аз, жастардың көбі Ресейде білім алып, қалып қояды екен. Меніңше, жастарды жібермей, елде қалдыру үшін бір амал істеу керек. Тегін оқытып, жұмыс беру қажет. Оның үстіне кейбір аудан халқының 65-70 пайызы – орыстар. Қазақ отбасы балаларын кәсіпке үйретіп жатырмыз. Қазірдің өзінде кәсіпке икемі бар, біз қолдап жүрген 20 шақты бала бар. Нөлден бастағандарға 2 айдың ішінде 100 мың теңге табу керек деп талап қойдым. Басында кейбірі көшеге шығып, жұмыс істеуге ұялды. Содан өзім көшеге шығып, тоқтап тұрған көліктің терезесін жуып, бір сағатта 100 теңгеден 1000 теңге таптым. Менің сол жұмысты намыстанбай-ақ істегенімді көріп, бірден ақша табуға кірісіп кетті. Біреуі машина жуды, біреуі гүл сатты. Олар да бір сағатта 1000 теңге тапты.
– Сіздің Ұлан ауданының тұрмысы төмен отбасыларына қолұшын созып, көмек беріп тұратыныңызды да естіп едік...
– Адам тойдым, болдым демеу керек. Қашан да айналамдағы көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлағанды жақсы көремін. 2016 жылы Қырғызстаннан Қызылордаға 10 мың дана мектеп формасын тасығаным бар еді. Сол киімнің біразы қалған. Жаңа оқу жылы алдында бірталай отбасыға таратып бердім. Тұрақты түрде қаржылай көмек беретін екі отбасы бар. Бірде дүкенге су алуға кірсем, қарияның тәтті нан алуға ақшасы жетпей тұр екен. Сатушы да «ақшаңыз жетпейді» деп бермейді. Соны көре сала 3-4 келісін сатып беріп, дүкеншіге 5 мың теңге қалдырып, «Мына атаға керекті азық-түлігін беріңізші» дедім. Кейін дүкеннің қожайынын тауып алып, екі отбасыға қажетті ас-ауқатты беріп тұруын өтініп, ақшасын өзім төлейтінімді ескерттім. Қайырымдылық жасау – мақтан емес. Тіпті, асып-тасып бара жатқаным да жоқ. Бір-бірімізге мейірімді, қайырымды болсақ, қоғам да дамиды, гүлденеді. Бар арман-мұратым осы.
– Әңгімеңізге рахмет! Кәсібіңіз өрге домалай берсін!
Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы