«ҚҰТТЫ МЕКЕН» ҚҰТТЫ МА ЕКЕН?

«ҚҰТТЫ МЕКЕН» ҚҰТТЫ МА ЕКЕН?

«ҚҰТТЫ МЕКЕН» ҚҰТТЫ МА ЕКЕН?
ашық дереккөзі
«Nur Otan»  партиясының Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Құтты мекен» жобасы өз жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» халықтың өмір сүру сапасын арттыруды мақсат еткен. Бір айта кетерлігі, Алматы қа­ласындағы әлеуметтік инфрақұрылым нысандары партиялық ба­қы­лауға алынған. Олардың саны шамамен 100-ге жуық. Жуырда «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы мұрындық болып, мем­лекеттік органдар мен мәслихат депу­таттары әлеуметтік және инженерлік инф­рақұрылым нысандарына жұмыс кестесінен қалыс қалу себептерін анықтау және нысандар құрылысының сапасын бақылау үшін барды. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірін­ші орынбасары Станислав Канкуров бастаған бақылау комиссиясы Жетісу ауданындағы Мочалов көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарымен, №4 перзентхана құрылысмен, сондай-ақ, «Жас қанат» ықша­мау­данындағы жеті үйдің құрылыс жұмыс­тарымен танысты. Аталған әлеуметтік маңызы бар нысандар беймәлім бір себептермен құрылыс жұмыстарын кешеуілдетіп отыр. Мочалов көшесіндегі жол көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолды кесіп өтетін мектеп балаларына қолайсыздық тудырған. Осыған дейін көше лайланып, жаңбырлы күнд­ері жүру қиынға соққан. Жаңадан су құбыры тартылуына байланысты кө­ше қазылған. Нысан 15 қазанға дейін аяқталуы тиіс еді. Алайда құрылысқа жауапты мердігерлер айдың аяғына дейін бітіреміз деп отыр. Бақылау комиссиясы жұмысты жеделдету шараларын қолдану керегін айтты. Көше тұрғындарының айтуына қарағанда, бұл жерде ба­лалар алаңы мүлдем болмаған. Партия ба­қылауға алғалы бұл олқылық ретке келді. Еліміздегі демографиялық өсім қарқыны жағынан Алматы алғашқылардың бірі. Жыл өткен сайын туу көрсеткіші артып отыр. Мәселен қаладағы №4 перзентханада 95 төсек орын болса, қазіргі қажеттілік 120-130-ға жеткен. Осыны ескерген басшылық 2017 жылдың мамыр айында жаңа нысанның құрылыс жұмыстарын бастаған. Пер­зентхана бас дәрігері Вячеслав Пактің айтуынша, төртқабатты ғи­мараттың құрылыс жұмыстары әлі то­лық аяқталмай тұр. Оған себеп өткен жылдың соңынан бастап осы көктемге дейін құрылысқа жан адамның қолы тимепті. Бақылау комиссиясы барған кезде де қарқынды жұмыс байқалмады. Бас дірігер Вячеслав Пак: «Перзентханаға қажетті медициналық жабдықтар сатып алынған, құрылыс нысанының кешігуі салдарынан олар әзірге іске қосылмай, бәрі босқа тұр. Бұл перзентханада жылына шамамен 4 500 нәресте дүниеге келеді. Егер жаңа перзентхана пайдалануға берілсе ана мен бала жағдайын жасауға біршама мүмкіндік туар еді», – дейді. «Бұл өткен жылы желтоқсан айын­да пайдалануға берілуге тиіс нысан болатын. Жауапты құрылыс ком­паниясы тиісті жұмысты толық аяқтамаған. Компания басшыларын Nur Otan партиясына шақырып, бақылауға аламыз. Бұл өте маңызды нысан. Жаңа перзентхана іске қосылса, аналарымызға өте игі іс бо­лар еді. Белгіленген мерзімнен бір жылға жуық уақыт асса да, құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Бақылауға алып, мүм­кіндігінше осы жылдың соңына дейін іске қосуға атсалысуға тырысамыз. «Универсал Б» компаниясы өкілдерін бүгін көре алмай тұрмыз. Компания тендер ұтып алды, жа­саймыз деп уәде берді. Бірақ нысан әлі аяқталмаған. Тиісті қаражат бөлінген. Әлеуметтік нысан құрылысы уақытында аяқталмағаны үшін сотқа береміз, – дейді Алматы қаласы мәслихаты депутаты Роза Бадаева. Құрылысы кешіктіріліп жатқан тағы бір әлеуметтік нысан «Жас қанат» ықша­мау­данындағы жеті бірдей тұрғын үй. Бақылау комиссиясы аталған нысанға да арнайы барды. «Промкомплект-Б» фирмасы еш­қан­дай тәртіпке, нормативтерге сай жұмыс жасап жатқан жоқ дейді комиссия мүшелері. Қарапайым мысал ретінде құрылысы бітпеген нысанға келген азаматтарға қауіпсіздік мақсатында арнайы бАскиім берілу керек, мұнда тіпті құрылысшылардың өзі қауіпсіздік шараларын сақтамай жұмыс істеп жатқандығы айтылды. Онан өзге ішкі және сыртқы жұмыстардың сапасын тексерген кезде осы айдың 25-інде аяқталуы керек тұрғын үйдің ішкі жұмыстарын айтпағанда әлі төбесі жабылмағаны анықталды. Комиссия мүшелері жауын-шашынды күз жеткенін ескертіп, су тиген қабырғалар ертең жарамсыз болып қалатынын айтты. Бірақ мердігер компания құрылысты дәл уақытында бітіруге сенімді түрде уәде етті. «Аталған нысанға бұған дейін де келгенбіз. Құрылыс компаниясына жұмыстарының кемшіліктері айтылған. Бірақ содан бері аса көп өзгеріс жоқ. Сон­дықтан бұл нысанды алдағы уақытта да бақылауымызда ұстаймыз. Қала тұр­ғындарына арнал­ған, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, соғылып жатқан әлеуметтік тұрғын үйлердің сапасы заман талабына сай болуы керек, – дейді «Nur Otan» пар­тия­сы Алматы қалалық филиалы жа­нындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Борис Жапаров. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы алдағы уақытта да тексеру жұмыстарының жалғасатынын айтты.