655
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы байқаудың үздік ұстаздары анықталды
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы байқаудың үздік ұстаздары анықталды
Бүгін елордада педагогтар арасында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқау ұйымдастырушысы - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы. Шара мақсаты - Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық мұраларынының сабақтастығын жалғастыру. Ұлы тұлғаның әдістемелік идеяларын, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін ұлықтау және қолданылу аясын кеңейтудегі оқытушылар ісін дәріптеу.
Биыл байқауға Ақмола, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Атырау, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 15 ұстаз қатысты.
«Бұл байқаудан күтіп отырған нәтижеміз - қазақ тілін оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін анықтау және тарату, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және өзара тәжірибе алмасуы, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру» - деді ашылу салтанатында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп байқау қатынасушыларына тілегін білдірді.
Байқау төріне бірінші болып Ақтөбелік Алтынгүл Тәңірбергенова, қызылордалық Әсел Бақытова, елордалық Еркебұлан Ерболатұлы, павлодарлық Қазына Қадас, қарағандылық Мунира Ағымбаева, батысқазақстандық Индира Баймолдина, атыраулық Әйгерім Қойтановалар көтеріліп, өздерінің электрондық портфолиосын таныстырды. Педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға арналған тапсырмалары мен озық сабақ үлгілерін көрсетіп, әдіс-тәсілдерін ұсынды.
Ал филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы бастаған әділ қазылар алқасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
Бас жүлдені Қостанай облысынан Жанат Досыбаева жеңіп алды. Бірінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан Еркебұлан Ерболатұлына, екінші орын Қарағанды облысынан Мунира Ағымбаеваға, үшінші орын ШҚО ұстазы Әсем Мамырановаға бұйырды.
Ынталандыру сыйлығын қызылордалық мұғалім Әсел Бақытова, жамбылдық АқботаТұсынбекова және шымкенттік педагог Айсұлу Оспанова алды.
«Ендігі міндет – ұлттық педагогикамыздың тарихи, мәдени әрі рухани аспектілерін және білім берудің заманауи жетістіктерін ұштастыра отырып, еліміздің білім беру саласын дамытуға үлес қосу. Осы орайда, республика көлемінде оқытушылардың кәсіби біліктілігін артыруды ұлт зиялыларының педагогикалық тәжірбиесіне негіздеп жүргізу кезек күттірмес іс», - деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығынан.