295
Түркістан жасыл желекті қалаға айналады
Түркістан жасыл желекті қалаға айналады
Түркістан облысында «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» сәтті іске асырылуда. Бағдарламада «Келешекте индустрияландырудың кейінгі кезеңдерінде тиімді қазақстандық өндірушілердің өңірлік нарықтарға жаппай шығуына және орнығуына қолдау көрсетіледі.
Бизнес пен мемлекеттің күш-жігері Қазақстанның индустриялық-технологиялық көшбасшы елдердің қатарына кіруі қамтамасыз етілетін бірнеше бағытта мамандануын қалыптастыру мен бекітуге, сондай-ақ, сұранысқа ие жаңа технологияларды шоғырландыруға мүмкіндік беретін қолайлы инновациялық ортаны қалыптастыруды аяқтауға жұмылдырылады.
Түркістан облысы Кентау қаласында шаруалардың басы қосылған ауқымды шара өтті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен жүзеге асқан семинар-кеңесте 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының кірпіші қаланды. Аталмыш цех Кентау қаласы Шаға ауылында 2020 жылы іске асады. Жобаның құны – 3 652,6 млн теңге. Ашылатын тұрақты жұмыс орны 100 адамды құрамақ. Жылына 4500 тонна экстра класты сүт өндіру жоспарлануда. Жиында әр аудан-қаладан әкелінген өнім түрлерінен көрме болып, азық-түлік белдеуі шеңберінде, су нысандары бойынша іске асырылып жатқан жобалар мен ауыл шаруашылығы саласы көрсеткіштері таныстырылды. Семинар-кеңестің ашылуында сөз алған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев: «ҚР Үкімет тарапынан бекітілген «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында өңірде аграрлық салаға басымдық беріліп отырғандығын атап, бұрын Түркістан жасыл желекті қала болған, соны қалпына келтіруіміз керек. Сондай-ақ, демалыс аймақтарды көбейтіп салуымыз қажет», – деді.
Семинар-кеңесте жаңа технологияларды қолданып, бүгінде мол өнім алған шаруалар өз тәжірибелерімен бөлісті. Шаруалардың басым көпшілігі су мәселесінің өзекті екенін айтты. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен кешенді жоспар аясында ағын су мәселелерін шешу мақсатында жалпы құны 29,3 млрд теңге құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталғаны мәлім болды. Жалпы, аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде шаруаларға жеткізілетін ағын су көлемі ұлғайып, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету деңгейі жақсарылмақ. Мәселен, Түркістан қаласы аумағынан радиусы 15 шақырымда азық-түлік белдеуі 2 кезеңде интенсивті технологияларды қолдана отырып және ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда кешенді жоспар бойынша жалпы құны 63 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Бұдан соң Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев бастаған жұмыс тобы Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының тұрғындарымен кездесті. Кәсіпкерлік саласы, инвестиция тарту, экспортты қолдау және т.б. салалар аясында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, Түркістан облысы бойынша жалпы 138 мыңнан астам шағын және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. «Президенттің Жолдауында көрсетілген міндеттерге сәйкес, микро және шағын бизнесті 3 жылдық мерзімге салықтан босату тетіктері әзірленеді. Сонымен қатар, облыста «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда және Түркістан облысы нәтижелер бойынша көш бастап тұр», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сапардың соңғы нысаны Шардара ауданы, Алатау батыр ауылында орналасқан «International Company of Cotton» ЖШС мақта өңдеу зауытының инвестициялық жобасы болды. Инвестициялық жобаның сомасы 5,5 млрд теңгені құрайды. Мақта өңдеу зауыты осы жылдың қазан айында іске қосылады деп күтілуде. Бір жыл ішінде зауыт мақта талшығына 144 мың тонна мақта өңдейді. 47 мың тонна мақта талшығы өнімдері Қытайға, Сингапур Республикасына және Өзбекстанға экспортталады.
Тоғжан Төлеген
Түркістан облысы