403
Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Молдовада жүр
Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Молдовада жүр
Арыс балалар үйінің төрт тәрбиеленушілері 8 қыркүйекте Молдова астанасына ұшып келді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандық жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, рухани байытуға ықпал ететін осы іспеттес семинарды оқу жылының басында өткізу бастамасын Сыртқы істер министрлігінің «Нұр Отан» бастауыш партия ұйымының үйлестіруімен Қазақстанның Кишинев қаласындағы Бас консулдығы көтерген.
Бастама авторларының қайырымдылық акциясына демеушілік білдіру ұсынысын «KMG International» компаниясының бөлімшелері: «Rompetrol Молдова», «KAZROM FLOUR» ЖШС, «Cricova-vin», «SupremaLex» компаниялары және Гагаузияның атқарушы комитеті көтерді.
Бас консулдық пен «Rompetrol Молдова» компаниясының өкілдері тур қатысушыларын Кишиневтің халықаралық әуежайында қарсы алып, ұзақ жолға қарамастан, бірден қалалық турды бастады.
Кейінірек, балалар жаңа піскен жемістер мен көкөністерге бай ұлттық тағамдардан дәм татып, дастарқан басында сапар туралы алғашқы әсерлерімен бөлісті, жергілікті салт-дәстүрлер туралы құныға тыңдап, қазақстандық өмір салтынан ерекшеліктері жайында өз пікірлерімен бөлісті.
Болашақта эстрада жұлдызы болуды армандайтын Оралбек Жүсіпов сапар туралы үлкен әсермен әңгімелейді. «Біз үшін, әрине, Молдавияға шақырылғанымыз туралы хабар күтпеген жерден келді. Естіген күннен бастап біз ұшаққа отыруды асыға күттік. Жол өте жақсы өтті, ұшақ қонған кезде біз қаланы терезелерден сәл көре алдық. Біз әуежайдан шыққан кезде ауа-райы тамаша болды. Маған Молдованың ұлттық музыкасы өте ұнады. Мен онымен болашақта жақынырақ танысамын деген үміттемін, мүмкін бір әнін үйреніп алармын. Мен бұл сапардан көп нәрсені күтемін», дейді Оралбек.
Әңгіме барысында балалар өздерінің өмірлері мен болашаққа жоспарлары туралы ықыласпен айтты. Олар ересек өмірге оптимистік көзқараспен қарап, таңдаған мамандықтары бойынша жоғары маман болуды армандайды. Мысалы, Толғанай Масалиева математика пәнінің мұғалімі болуды жоспарлаған, ал Бексұлтан Әлібек Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери қызметкерінің жолын таңдаған.
Белгілі хирург болуды армандаған Карина Сулайманова шетелге алғашқы сапары жайлы есте қалған сәттері туралы баяндап берді. «Молдова бізге өте ұнады – климаты сондай жылы, ауа да таза. Кишиневтің өзі өте жасыл және әдемі қала екен. Біз осы елдің тарихы туралы, оның халқы туралы мүмкіндігінше көп білгіміз келеді, оларға біздің Қазақстан туралы айтып бергіміз келеді», дейді кішкентай Карина.
«Мен біздің бүлдіршіндеріміз үшін өте қуаныштымын. Олардың бақытты, шабыттанған жүздерін, сапардан, өздеріне деген ықыластан, ересектердің жылы лебізі мен мейіріміне бөленгеннен үлкен әсер алғанын көру мен үшін үлкен қуаныш. Бұл сапар біздің оқушыларымыздың ғана емес, сонымен бірге осы жазда үлкен сынақты бастан кешкен Арыс қаласының барлық тұрғындарының жүрегіне жол табатынына сенімдімін», - дейді балалар үйінің директоры Меруерт Сүйіндікова.
«Бізді қолдаған барлық қазақстандықтарға алғысымыз шексіз. Молдавияға балаларға арналған тур ұйымдастыруға көмектескен Қазақстанның Бас консулдығына, Сыртқы істер министрлігіне және«Нұр Отан» партиясына ерекше алғыс білдіргім келеді», - деп қосты М.Сүйіндікова.
13 қыркүйекке дейін жалғасатын саяхат барысында арыстық жеткіншектер Молдавияның мұражайларын, мәдени және тарихи орталықтарын, аквапаркті, ойын-сауық орталықтарын, Еуро-2020 іріктеу кезеңінде ойнайтын Молдова-Түркия футбол матчын көруді және Қара теңізге баруды жоспарлап отыр.
Дүйсенбі күні балалар Молдованың оңтүстігіндегі Гагаузия автономиялық-территориалдық бөлігінің астанасы Комраттағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні орналасқан Даңқ аллеясына барды және оның аумағындағы өзге де белгілі нысандарда болды.