604
"Бәйтерек" зымыран кешені Назарбаев атымен аталды
"Бәйтерек" зымыран кешені Назарбаев атымен аталды
Байқоңырдан ұшатын зымыран-ғарыш кемесі Назарбаев атымен аталды. Ресей президенті Владимир Путин 7 қыркүйекте Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Мәскеудегі ВДНХ көрмесін аралап, Қазақстан мен Ресей бірлесіп салып жатқан "Бәйтерек" зымыран кешенін Назарбаев атымен атауды ұсынды.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, әуелі Путин Назарбаевтан кешеннің "Бәйтерек" деп аталуының себебін сұраған. Ал Назарбаев "Бәйтерек" сөзінің мәнін түсіндірген.
"Ендеше "Нұрсұлтан" деп атайық. Бұл жобаны сіз жасадыңыз ғой" деген Путин. Ал Қазақстанның бұрынғы президенті "Нұрсұлтан болмай-ақ қойсын. Басқаша атаңыздар. "Назарбаев" деп атаңыздар" деп жауап берген. Путин келіскен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның премьер-министрі Асқар Мәмин, Владимир Путин және Ресейдің премьер-министрі Дмитрий Медведев сенбі күні ВДНХ көрмесіндегі "Қазақстан" деп аталатын павильонды аралап көрген. Онда Роскосмос жетекшісі Дмитрий Рогозин, Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Байқоңырдағы "Бәйтерек" жобасының даму барысын баяндаған.
Көп кешікпей Роскосмос ресейлік корпорациясы Байқоңырдан ұшатын орташа және жартылай ауыр категориясындағы зымыран-ғарыш кемесі Назарбаев атымен аталатынын хабарлады.
"Бәйтерек" кешенін салу туралы әңгіме 15 жылдан бері айтылып келеді, жобаның бюджеті бірнеше рет ұлғайтылып, оны аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. 2004 жылы Астана мен Мәскеу ғарышқа улы отынмен ұшатын "Протон" зымырандарының орнына экологиялық таза ғарыш аппаратын дайындау жайлы ортақ жоспар жариялаған.
Әуел баста бұл жоба аясында украиналық "Зенит" зымыранын қолдану жоспарланды. Бірақ 2014 жылы Украина мен Ресей арасындағы жағдай ушыққаннан кейін "Бәйтерек" жобасымен айналысқан мамандар "Зенит" жобасынан бас тартты.
Сол кезде ресейлік "Ангара" жобасын қолдану туралы шешім қабылданды. Алайда 2016 жылы ресейлік "Союз-5" жаңа зымыран-тасығышын пайдалану бойынша келіссөздер басталды. 2017 жылы маусым айында қазақстандық-ресей комиссиясы бұл шешімді мақұлдады. Сол кезде Қазақстанның ғарыш аппаратын әзірлеуге 300 миллионнан астам қаражат салуы мүмкін екені айтылды.
Ресей Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға жылына 115 миллион доллар төлейді.