416
Қазақстандағы инфляция деңгейі тамызда 0,2%, ал жыл басынан бері 3% құраған
Қазақстандағы инфляция деңгейі тамызда 0,2%, ал жыл басынан бері 3% құраған
Қазақстандағы инфляция деңгейі өткен айлармен салыстырғанда 2019 жылғы тамызда 0,2%, ал 2018 жылдың желтоқсан айынан бері 3% құраған, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті.
Өткен айда азық-түлік тауарлары – 0,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,4% қымбаттаған, ал ақылы қызметтер бағасы – 0,1% көтерілді. Жыл басынан бері 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, азық-түлік тауарларының бағасы 6,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 2,9% өсті, ақылы қызметтер 0,6% арзандады. Жыл басынан бері тары 48,2%, күріш 20,5%, ұн - 16%, қой еті 12,7%, мұздатылған балық – 11,2%, сиыр еті 10,6%, жылқы еті 10,1%, нан 9,4%, құс еті 8,7%, макарон өнімдері 8,4%, шошқа еті 8%, мәйек ірімшігі 6,7%, ет өнімдері 6,5%, бөлке және ұннан жасалған өнімдер 5,7%, шәй 5,3%, шұжық өнімдері 5,1%, кондитерлік өнімдер 4,2%, жемістер мен көкөністер 4,1% қымбаттаған. Темекі өнімдері 10,3%, салқындатушы сусындар 9,6%, алкогольді ішімдіктер 5,9% қымбаттады. Жұмыртқа 6,5%, түйіршіктелген қант – 5,2%, сүт – 5%, сүзбе 2,3%, қарақұмық – 1,6% арзандаған. Оқу-анықтамалық құралдар 6,3%, балалар аяқ киімі 6,2%, кеңсе тауарлары 5,5%, фармацевтикалық өнімдер 5%, құрылыс материалдары 4,9%, балалар киімі 4,4%, тұрмыстық құралдар 4,2%, жиһаз және тұрмыстық заттар 4,1%, тоқыма бұйымдары 4%, жуғыш және тазалағыш заттар 3,6%, оқушылар сөмкесі 3% қымбаттаған. Бензин 4,5%, дизель отыны, баллондардағы сұйытылған газ 0,9% арзандаған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында орталықтан жылыту тарифтері 11%, ыстық су 10,1%, суық су 7,8%, кәріз желілерін пайдалану 7,2%, электр қуаты 5,6%, қоқыс жинау 3,6%, тасымалданатын газ тарифтері 4,4% төмендеген. Санаторий қызметтері 10,1%, заңгерлік қызметтер және жеке көлік құралдарын сақтандыру 5%, медициналық қызметтер - 4,5%, экскурсиялар мен демалыс орындарына бару 4,6%, қоғамдық тамақтану, шаштараз және жеке қызмет көрсету орындары 3,8% қымбаттаған.