255
«Үлкен жетілік» елдері Амазониядағы өртті сөндіруге көмектеседі
«Үлкен жетілік» елдері Амазониядағы өртті сөндіруге көмектеседі
«Үлкен жетілік» елдері бразилиялық құтқарушыларға Амазония аумағындағы орман өрттерін сөндіруде көмек қолын созуға уәделесті деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews.com-ға сілтеме жасап.
Франция президенті Эммануэль Макрон көшбасшылар арасында келісім жасалып қойғанын, алайда әрекеттердің нақты бағдарламасын әзірлеу керек екенін мәлім етті.
Бразилиялық құтқарушылар бірнеше аптадан бері өртті сөндіре алмай жатыр, ал олардың саны күн санап артуда. Бұған дейін жеті штат тілсіз жауды өз беттерінше сөндіре алмайтындарын мойындап, әскери қызметкерлерден көмек сұраған. Нәтижесінде бразилиялық билік өкілдері бірнеше батыс елдерінің қысымымен өртті ауыздықтауға 40 мыңнан астам әскери мен әуе техникасын жіберді.
Қаңтар айынан бері Бразилияда 80 мыңға жуық өрт тіркелді. Бұл – 2013 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда соңғы күндері Анголада және Конго Демократиялық Республикасында жағдай әлдеқайда ушығып тұр. Өткен аптада жарияланған спутниктік мәліметтерге сәйкес, екі тәулікте Бразилияда 2 мыңнан астам, КДР-да 3 мыңнан астам, Анголада 7 мыңға жуық орман өрттері тіркелген.