Бес рет мешіт тонаған күдікті ұсталды – Алматы облысы

Бес рет мешіт тонаған күдікті ұсталды – Алматы облысы

Бес рет мешіт тонаған күдікті ұсталды – Алматы облысы
ашық дереккөзі
365
Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты  ауылдардағы мешіттерде ұрлық жасаған күдікті ұсталды. 22 жастағы жігіт қайырымдылыққа берілген қаражатты қолды қылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «2019 жылдың 16 -17 шілдесінде Жамбыл аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне екі арыз  түскен.  Бірінші жағдайда бейтаныс азамат имамға өзінің жұмыс іздеп жүргенін алға тартып, уақытша мешітте қалуға рұқсат сұраған. Ал  имам кетіп қалған кезде ол құлыпты бұзып, қайырымдылыққа түскен қаражатты  ұрлап, бой тасалаған. Екінші жағдайда, ұры түнде мешіт жабылмайтынын пайдаланып, оған таңғы сағат 5-те кіріп, құлыпты бұзу арқылы тағы да қайырымдылыққа түскен қаражатты ұрлап кеткен. Қылмыс орнынан кетіп бара жатып, осы көшедегі жеке үйлердің бірінің ауласынан велосипед ұрлаған», - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Бір айға созылған іздестіру барысында күдікті қолға түсті. Ұсталған 22 жастағы азаматтың тұрғылықты мекен-жайы жоқ, жұмыссыз. Тексеру барысында күдікті бұрын Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында ұрлық жасағаны үшін ұсталғаны анықталды. Бірақ сот оның ісіне қатысты тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған. Тергеу барысында ұсталған азаматтың  Үмбеталы, Қайназар, Еңбекші ауылдарындағы   үш  мешіттегі  ұрлыққа қатысы бар екені анықталды. «Олардың барлығы түнгі уақытта қайырымдылыққа арналған жәшіктердің құлыптарын бұзу арқылы жасалған. Күдіктінің бөтен мүлікті ұрлаудың 6 фактісіне қатысы бар. Оның бесеуі мешіттерде болған. Барлық  шығындар    есептелуде. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», -деп толықтырды аталған ведомство қызметі.

Серіктес жаңалықтары