345
Магистратураға түсу үшін КТ тапсырғандардың жартысына жуығы гранттан үмітті
Магистратураға түсу үшін КТ тапсырғандардың жартысына жуығы гранттан үмітті
Магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге қатысуға 30 579 өтініш қабылданып, тестілеуге 28 131 адам қатысқан. Бұл тестілеуге өтініш берген азаматтардың 92%-ын құрайды, деп хабарлайды ortcom.kz тілшісі.
«Кешенді тестілеу кезінде 217 аудитория пайдаланылды. Барлық аудиториялар ұялы байланыс құралдарының сигналдарын басу және бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етілді», - деді ҚР Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а Дидар Смағұлов.Айтуынша, тестілеу нәтижесі бойынша 12 853 үміткер немесе тестілеуге қатысушылардың 45,7%-ы мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Айта кетсек, оқыту қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін магистратураға мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін шекті балл кемінде 75 балды, ақылы негізде қабылдау үшін - кемінде 50 балды құрайды. Бөлімдер бойынша: шет тілі бойынша - кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тестілеуден - кемінде 7 балл, әр бейінді пәннен - кемінде 7 балл. Ал оқыту ағылшын тілінде жүргізілетін магистратураға мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін шекті балл кемінде 50 балл, ақылы негізде қабылдау үшін – кемінде 25 балл. Бөлімдер бойынша: оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, әр бейінді пәннен - кемінде 7 балл. Айта кетсек, 2019 жылғы 10-15 тамыз аралығында 27 пунктте магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу өткен болатын.