234
Аида Балаева: «Nur Otan» халықпен жұмысын күшейтуі тиіс
Аида Балаева: «Nur Otan» халықпен жұмысын күшейтуі тиіс
«Nur Otan» халықпен жұмысын күшейтуі тиіс. Мұндай пікірді Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының «Nur Otan» партиясы саяси кеңесіндегі сөйлеген сөзін зор ықыласпен тыңдадым. Әдеттегідей партия Көшбасшысы толықтай алғанда аппаратқа да, әрбір партиялыққа да қатысты бар өзекті күнтәртіп пен аса маңызды міндеттерді өте нақты айқындап берді. Басты мессендж - белсенді мүшелері мен жақтастарына арқа сүйейтін мықты партия. Бұл үшін Парламенттегі партиялық фракция күшейтіліп, жұмыстың жаңа формата белсенді түрде ілгерлетілетін болады», - деді ол.
Осы орайда, Аида Балаева Елбасымыздың партия ашық, адамдардың сенімін тудыратын және қоғаммен үнемі диалогқа бағдарланған болуы тиістігін атап өткенін еске салды. «Көп жағдайда бұл міндеттер менің бүгінгі жұмысымда көрініс тауып жатады. Жаңа қызметке тағайындалған сәттен бастап азаматтарды тұрақты негізде өзім қабылдаймын. Көп жағдайда адамдарға белгілі бір күрделі жағдайда қалай дұрыс қадам жасау керектігін тек түсіндіру ғана қажет. Саяси кеңес мүшесі ретінде партия мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттарын түсіндіру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру тұрғысынан халықпен жұмысын күшейту қажет деп есептеймін», - деді А.Балаева.
Оның пайымынша, мемлекеттің әлеуметтік бағдарланғандығына қарамастан әлеуметтік масылдық үшін жағдай жасауға жол беруге болмайды. «Азаматтардың әл-ауқаты мен ел экономикасының дамуы басым міндет болуы тиіс. Бүгін Елбасы да барлық партияластарын дәл осыған үндеді», - деді ол. Естеріңізге сала кетсек, бүгін елордадағы «Назарбаев орталығында» Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр Асқар Мамин, Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Үкімет мүшелері, партияның Мәжілістегі фракциясы, облыстардағы филиалдардың жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен съезд шешімдерінің орындалуы, партиялық қайта серпілтудің негізгі бағыттары және Саяси кеңес бюросы құрамын өзгерту мәселесі қаралды. Елбасы көптің көңілін күпті еткен кезектен тыс Мәжіліс сайлауы, «Nur Otan-нанмын» деуден бұқпантайлайтын шенеуніктер, еліміздің жоғары оқу орындарын жайлаған парақорлық, ел экономикасын көтеру, жастар мәселесі, ауылдарды көркейту, партия фракциясының жұмысын жандандыру жайында кеңінен сөз қозғады.