516
Туристер аудиогид көмегіне жүгіне алады
Туристер аудиогид көмегіне жүгіне алады
Түркістандағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдениет қорық-музейінде аудиогид жобасы іске қосылды.
Енді кесенеге келушілер мен туристер аталған құрылғыдан қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде мәлімет алып, саяхат жасай алады.
Кесенені аралаушылар тарихи орынның архитектурасы мен құрылымы, Ясауи өмірі, хандар мен би-сұлтандар, тарихи жәдігерлермен танысқысы келсе аудиогид құрылғысының көмегіне де жүгіне алады.
Қазіргі таңда аудиогид жобасына кесененің іші ғана енгізілсе, жақын күндері қорық-музейге қарасты мәдени - тарихи орындар мен археологиялық қазба жұмыстары жайлы мәліметтер қамтылатын болады деп күтілуде.
«Алғашқы жоба ретінде 10 құрылғы іске қосылды. Әрбір қонақ аудиогид қызметін таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00 аралығында 1 сағат бойы қолдана алады. Аталған қызмет түрі – тегін көрсетіледі. Аппарат қолды болып кетпес үшін кесене ішіндегі жауапты қызметкерлерге кепіл ретінде жеке құжат тапсырылуы тиіс»,- дейді тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Кесене қызметкерлерінің сөзінше, теледидар пульті тәрізді шағын құрылғыдағы тарихи ақпараттарды белгілі бір сандар реттілігі арқылы тыңдауға болады. Мәселен, 1 саны Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұралары болса, 2 саны кесененің салыну тарихы және архитектуралық келбетіне арналған. Аудиогид аппаратын ең алғашқы болып пайдаланған Франциядан келген турист құрылғының туристер үшін өте керемет көмекші екенін айтады.
«Сәулеттік келбеті жағынан стилі ерекше ғимараттың салыну тарихы, тайқазан, тарихи маңызы бар үлкен бөлмелер жайлы ақпараттар ерекше қызықтырды. Аудиогид қажетті ақпаратты ала отырып, оңаша серуендеуге де өте қолайлы. Қазақстанға жасаған сапарымның барысында Түркістандағы жаңалықтың ең алғашқы қолданушысы болғаным мен үшін тарихи жағдай»,- деді Мерлин.
Айта кетсек, аудиогид жобасы үш тілде қолға алынғанымен алдағы уақытта түрік, француз, қытай тілдерін де қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да арнап жəдігерлер сипатталған мәтін және дыбыстық жазуы бар нұсқасы енгізілмек.