Жазушы Эрнест Хемингуэйдің ұлы қайтыс болды

/
Жазушы Эрнест Хемингуэйдің ұлы қайтыс болды

98 жасында жазушы Патрик Хемингуэй өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

 Ол – Нобель сыйлығының лауреаты, атақты жазушы Эрнест Хемингуэйдің кенже ұлы еді.

Бұл туралы The New York Times отбасы мүшелеріне сілтеме жасап хабарлады. Патрик Хемингуэй АҚШ-тағы Монтана штатындағы үйінде көз жұмды. Оның қазасын отбасы өкілі Беттина Клингер растады.

Эрнест Хемингуэйдің үш баласының ішінде Патрик әкесінің шығармашылық жолына ең жақын болды. Тұңғыш ұлы Джек балық аулаумен айналысса, қызы Глория дәрігер еді.

Әкесімен бірге Африкаға сапар шеккеннен кейін Эрнест Хемингуэй «Проблеск истины» атты кітап жаза бастаған, бірақ аяқтай алмады. Бұл еңбекті Патрик толықтырып, 1999 жылы жарыққа шығарды. Сондай-ақ ол «Африканың жасыл төбелері» (2016), «Мереке – әрдайым сенімен» (2009), «Қош бол, қару!» (2006) кітаптарының жаңа басылымдарына да алғы сөз жазды.

2022 жылы Патрик «Қымбатты әке» атты жинақ жариялады. Онда оның әкесімен 30 жылдан астам уақыт алмасқан 120 хат жинақталған.

1955 жылы Патрик Танганьикада сафари-бизнесін ашқан. Әйелінің сырқатына байланысты 1960-жылдардың басында бұл кәсіпті тоқтатты. Кейін он жылдан астам уақыт Африкадағы Жабайы табиғатты басқару колледжінде сабақ берді. Сондай-ақ ол БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымында орман шаруашылығы бойынша маман болды.

Патрик әкесінің мұрасына иелік етіп, шығармаларына байланысты құқықтық істерді де қадағалады. «Бұл іске қызыққан жалғыз адам мен болдым, әрі оған қажетті білімім болды», – деген еді ол 2023 жылы Times басылымына.

NYT Патриктің мына сөзін де келтіреді: «Мен ешқашан әкемнің көлеңкесінде жүргендей сезінген емеспін. Бұл мені мазаламады. Себебі мен аса өршіл адам емеспін, ешқашан болғам да жоқ. Нобель сыйлығын алғым келмеді».
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары