2328
Пойыз билетіне тапшылық болмайды
Пойыз билетіне тапшылық болмайды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жазда пойыз билетінің тапшылығын жоюды тапсырды.
«Үкіметке жаз мезгілінде пойыз билеттерінің тапшылығын қолдан жасауды тоқтату туралы тапсырма бердім. Бұл жағдай азаматтарымызға қолайсыздық туғызып, еліміздегі ішкі туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр», – деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
Бұған дейін «Жолаушылар тасымалының» баспасөз қызметі 1 шілдеден бастап электронды темір жол билеттерін сатудың жетілдірілген жүйесі іске қосылғанын хабарлаған еді.
«Бұл жүйе бос билеттерді белгілі бір уақыт аралығында ғана сатылымға түсіреді. Оның уақыт алгоритімін автоматика өзі есептеп шығарады. Егер касссир 30 секунд бір типті 5 сұраныс жасаса – онда жүйе оны құрсалап тастайды. Егер бір мезетте 3 бірдей сұраныс жасаса – онда оған «жүйе 5 минутқа құрсаланады» деген хабар түседі. Яғни, бұл жүйе бос билеттерді «ұстауға» қарсы бағытталған. Ескі жүйеде жолаушылар тарапынан қайтарылған билеттер сол мезетте сатылымға шығып, алып-сатарлардың қолына түсетін еді. Олар осыны пайдаланып алынған жол құжаттарын бірнеше есе қымбат сатып, пайда табатын», - делінген хабарламада.
Ендігі уақытта жол билеттерін «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на қарасты 233 кассасында, жеке меншік 4500 кассада және де интернеттегі билет сататын ресми сайт EPAY.RAILWAYS.KZ (комиссиясыз) және де басқа да ғаламтордағы сату көздері арқылы алуға болады.
Айта кетсек, 2018 жылы интернет арқылы 16 млн 264 мың 373 билет сатылған.
Ал, «Жолаушылар тасымалы» АҚ билеттердің алдын ала сатылуы қатысты түсінік берген еді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға 45 күн бұрын ерте алынатын жол билеттерінің тапшылығы туралы шағымдар көптеп түсуде. Көп жағдайда жолушылар билеттерді түнгі сағат 24:00-ден кейін іздестіре бастайды. Алайда, 45 тәулік бұрын сатылатын жол жүру құжаттары сатылымға таңғы сағат 07:00-де шығатынын естеріңізге саламыз. Бұл уақыт қала маңы бағыттарына да тиесілі. EPAY.RAILWAYS.KZ сайтында электронды билеттерді рәсімдеу технологиялық үзіліс кезінде, яғни таңғы сағат 04:50 мен 05:50 аралығында тоқтатылады», – делінген «Жолаушылар тасымылы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сонымен бірге, жолаушыларға жаңа қызмет – Күту парақшасы ұсынылады. Бұл қызмет Компанияға қарасты барша кассаларда жұмыс істейді. Керекті бағытта билет тапшы болған жағдайда жолаушы кассада күту парақшасына тіркелуі қажет. Айналымға билеттер түскен кезде жолаушының электронды поштасына хабарлама түседі. Жолаушы екі сағат ішінде сол билетті Компанияға қарасты кез келген кассада сатып алуы керек. Алдағы уақытта Күту парақшасы қызметі электронды билет сататын сайттарға да енгізіледі.
«Ұлттық тасымалдаушы жол билеттерін тек ресми кассалар мен арнайы сайттарда да ғана рәсімдеуді ескертеді. Алыпсатарлардан сақ болуларыңызды сұраймыз», - дейді компания өкілдері.